Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрінеу ақпарат таратудың «көрінеу» тұсы

11.06.2026, 8:00 48

Сөз бостандығын жалау еткен елдің берер ақпараты да цензураға ұшырамай, қыспаққа түспеуі керек. Былай қарасаңыз, аса ойлануды, тереңге үңілуді талап етпейтін тұжырым. Сөз бостандығының демократиялық қоғамның бас құндылықтарының бірі екені бесенеден белгілі. Әрине, сөйлеуге хақым бар деп дақпырт сөз айтып, жөн-жосықсыз жағадан алып, жалған сөйлеуге де болмайды. Осы тұрғыда шалыс басқандарға арналған заң бар – ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы. Аталмыш бап негізінде жаңылысқан кімге болса да тиісті шара қолданылады, керек болса, түрме торына тоғытылады. Әсіресе, журналистер аяғын аңдап баспаса, арты қиын болады.

Таяқтың екі ұшы бар демекші, сырт көзге жөнді, негізі бар секілді көрінетін заңның да ойландыратын тұсы жоқ емес. Аталған бап негізінде қоғам арасында екіұдайы пікірталас деңдеп барады. Себебі «көрінеу жалған ақпарат таратты» деп шындықты бүкпей жеткізген журналистерді қысу, құқығын шектеу оңай іске айналды. Баптағы «көрінеу жалған ақпарат» ұғымының нақты шекарасы қойылып, қандай жағдайда қолданылатыны айқын көрсетілмегендей. «Жалған ақпаратпен күресеміз» ұранымен қабылданған заңның зардабын құдды журналистер тартып отырған іспетті.

БАҚ-тың қарқынды дамуы қоғамда ақпарат алмасу мүмкіндігін едәуір арттыр­ды. Бүгінде кез келген адам әлеуметтік желілер мен басқа да платформалар арқылы ақпарат тарата алады. Алайда бұл жағдай шынайы ақпаратпен қатар, жалған мәліметтердің де желдей есуіне себепкер болып отыр. Осындай қауіптердің алдын алу  үшін «Көрінеу жалған ақпарат тарату» үшін  жауапкершілік  көзделген.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 274-бабы қоғамға немесе мемлекетке елеу­лі зиян келтіруі мүмкін көрінеу жал­ған ақпарат таратуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Заң шығару­шылардың пайымынша, бұл норма қоғам тәртібін, азаматтық құқықты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы қоғам мен мемлекетті жалған ақпараттың зиянды тұсынан қорғауға бағытталғанымен, оның қолданылуы аясында соңғы уақыттары түрлі пікірталас күшейді. Әсіресе, журналистер, құқық қорғаушылар және медиа сарапшылар аталмыш баптың кейбір нормасы нақтылауды қажет  ететінін  айтып  келеді.

Алдымен статистикаға зер салсақ. Qamqor.gov.kz порталының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 58 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 119 құқықбұзушылық фактісі  есепке  алынған.

Аталған баптың құрылымына сәйкес, оның 1-тармағы бойынша, яғни масс-медиада, ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында және ашық деректер порталдарында жалған ақпарат таратуға қатысты 10 жағдай тіркелсе, 3-тармақ бойынша онлайн-платформа пайда­ланушыларының жалған ақпарат таратуына байланысты  98  дерек  анықталған.

Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айының қоры­тындысы бойынша Қылмыстық кодекс­тің 274-бабымен 26 іс, ал ӘҚБтК-нің 456-2-бабы­мен 42 құқықбұзушылық тіркелген.

2026 жылдың сәуір айында бір топ қазақ журналисі билікке үндеу жасап, 274-баптың қолданылу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Олардың сөзіне сүйенсек, заңда көрсетілген «қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіретін ақпарат» және «көрінеу жалған ақпарат» ұғымдарына нақты  түсіндірме берілмеген. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен соттардың бұл норманы әртүрлі етіп түсіндіруіне  мүмкіндік  туындайды.

Журналистер көтеріп отырған мәселелердің тағы бірі – «көрінеу жалған ақпарат таратудың» мазмұны. Заң бойынша адам қылмыс­тық жауап­кершілікке тартылуы үшін оның тарат­қан ақпараты жалған болып ғана қоймай, оны жалған екенін біле тұра жариялағаны анық­талуы тиіс. Алайда тәжірибеде ақпараттың рас немесе жалған екенін анықтау, сондай-ақ адамның оның алдын ала білмегенін дәлелдеу екі  тарапты да  әбден  әбігерге  салып  отыр.

Бұдан бөлек, заңдағы «қауіп төндіруі мүмкін», «елеулі зиян келтіру қаупі» сияқты бағалау сипатындағы ұғымдардың нақты өлшемдері көрсетілмегеніне баса назар аударады. Мұндай тұжырымдар әр жағдайда субъективті түрде түсіндіріліп, құқықтың анықтық қағи­датына  қатысты  сұрақтар  туғызады.

Журналистер бекер бас қосып, шыр-пыр болып жүрген жоқ. Соңғы екі жыл көлемінде осы бапқа байланысты істер тым көбейіп кетті. Солардың бірі – «Просто журналистика» жобасының авторы, журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты іс. 2025 жылдың сәуірінде полиция азаматтардың арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады. Тергеуге журналистің әлеуметтік желідегі жазбалары түрткі болған. Материалда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қазақ азаматтарды тарту қаупі туралы  ақпарат  көтерілген.

2025 жылдың соңында қоғам назарын аудартқан тағы бір іс ҚазТАГ агенттігіне қатыс­ты тергеу болды. Дәлірек, Freedom Finance компаниясының басшысы Тимур Турловтың арызынан кейін агенттік жетекшісі Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша күдікті танылды. Бұл жағдай халықаралық деңгейде де назар аудартып, бірқатар медиа ұйым мен құқық қорғау құрылымының мәлімдемелеріне арқау  болды.

Бұған Ботагөз Омарова мен Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова ісін қосыңыз. Қысқасы, «көрінеу ақпарат таратты» деп істі болып жатқан журналистердің қарасы қалың.

Жақында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов 274-бап негізінде айыпталушылардың сөзін сөйлеп, аталмыш бапты қайта қарауды ұсынды. Депутат «Көрінеу жалған ақпарат таратып», сотты болғандарға амнистия жариялауды алға тартады.

– Жалғыз өтінерім – мас күйінде құқықбұзушылық жасағандар немесе соған ұқсас өзге де санаттағыларға рақымшылық жасау емес. Бізде әлеуметтік желілерде қалдыр­ған пікірлері үшін сотталып жатқан адамдар бар. Барша әріптесімнен Қылмыстық кодекстің 274-бабымен айыпталып жатқандардың амнис­тияға ілінуіне көмектесулерін жалынып сұраймын, — дейді  депутат.

Жақында ғана, дәлірек, сәуірдің соңында Алматыда бір топ журналист бас қосып, биліктегілерге үндеу жасады деп жоғарыда айттық. Нақты айтылған  уәждерге  тоқталайық.

Мәселен, журналист Марат Асипов 274-бап өте бұлыңғыр жазылғанына және «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпараттың» аражігін анықтайтын нақты критерийлердің жоқтығына қапалы. Сөзіне сенсек, бапта қандай  жағдайда қылмыстық іс қозғалуы керектігі туралы  анық  айтылмаған.

– 274-бапта анық айтылмаған қандай жағдайда қылмыстық іс қозғау керек. «Қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпарат» болуы мүмкін деп тергеуші шешсе, онда журналистерді екі айға немесе төрт айға қамауға тура келіп жатыр. Мұндай мәселені азаматтық кодекс­пен қарастырғанда, алдымен сотқа дейінгі талап-­арызды жібереді. Сосын 15 күн редакция оны қарап, жауабын береді. Кейін бір шешімге келмесе, сотқа береді. Сот ашық түрде қаралады. Шағым жазған адам өз дәлелін береді, журналист өз дәлелін береді. Кәдімгі жарыс сияқты, ашық түрде болады. Сосын ақпарат құрал­дарына  шығады.

Ал қазіргі жағдайда сот оңаша қаралады. Сосын «құпиялық туралы» қолхат дегендері бар ғой. Тергеуші соны шығарып, қол қойғызады. Қазір Ботагөзбен не болып жатқанын сіз білесіз бе? Ешкім  білмейді. Қандай тергеу жасалып жатыр? Бажкенова не үшін қамалып жатыр? Қасенов не үшін қамалып жатыр? (Үш журналист  те үйқамақта отыр). Олар өздерін қорғай алмайды. Әріптестері де оларды қорғай алмайды. Не болып  жатқаны  туралы  ешқандай ақпарат  жоқ, — дейді  ол.

Ал Exclusive.kz сайтының бас редакторы Қарлығаш Есжанова қазір журналистикада цензураның күшейгені соншалық, «ақты ақ, қараны қара» деп айтудың өзі қиындап кеткенін  айтады.

Жиын спикерлері билікке қарата айтылған үндеуді ақпарат министрлігі, Жоғарғы сот, парламент, прокуратураға  жолдады.

ТҮЙІН. Рас, Конституциядағы бұл екіұшты заңға өзгеріс керек секілді. Бүгіннің өзінде  сөз  еркіндігіне  қатысты 23-бап алты тармақты құрайды. «Сөз еркіндігіне еркіндік беріледі, цензураға тыйым салынады» деп айтылғанымен, 4-тармақта «Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуі, қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс» делінген. Ұзын сөздің қысқасы, алғашқы тармақ негізінде жазылған қандай да бір критикалық пайымды екінші тармақпен «қылмыс» қылып жіберу оп-оңай. Сарапшылардың дабыл қағатыны да – осы. Филологиялық сараптама  көмегімен  кез келген  сөзді «араздық  тудыратын»  немесе  «жалған ақпарат»  етіп  жіберу түк те емес.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: atr.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: