Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектептегі тегін тамаққа 210 млрд теңге бөлінді

21.09.2026, 17:00 26

Қазақстанда биыл 1,6 млн-нан астам оқушы мектепте тегін тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа 2026 жылы 210 млрд теңге қарастырылды. Мәлімет Үкіметте өткен кеңесте айтылды. 

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 1–4 сыныптарда оқитын 1,4 млн балаға тегін тамақ беріледі. Бұған қоса, әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сыныптардың 230 мыңнан астам оқушысы да осы қолдаумен қамтылған. 

Мектептегі тамақтану есебін бақылау үшін жүйе «Әлеуметтік әмиянмен» біріктірілген. Автоматтандырылған платформа әр оқушының қай күні және қай уақытта тамақтанғанын тіркейді. Бұл қаражаттың жұмсалуын және нақты қанша баланың қызмет алғанын бақылауға мүмкіндік береді. 

Кеңесте мектептердегі экологиялық білім мәселесі де қаралды. Қазір елде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істейді, оған 125 мыңнан астам бала қатысады. Ал «Жасыл мектеп» ұлттық моделі әзірге 85 мектепте сынақтан өтіп жатыр. Кейін оны 1 мың мектепке дейін кеңейту жоспарланған. 

Жыл соңына дейін білім беру ұйымдарына арналған экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын қабылдау көзделіп отыр. Үкімет оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: