Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Елдің 11 өңірінде 20 мың жаңа оқушы орнына арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа нысандар өңірлердегі колледж орындарының тапшылығын азайтып, жастарға заманауи жабдықталған ортада кәсіптік білім алуға мүмкіндік береді.
Қазір жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 174 колледждің материалдық базасы жаңартылған. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен тағы 13 колледж жабдықталған.
Соған қарамастан, еліміздегі 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту қажет. Бұл оқу шеберханаларын, зертханаларды және өндірістік оқуға арналған жабдықтарды заманауи талаптарға сәйкестендіруді көздейді.
Жоспарланып отырған 13 жаңа колледж техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша кадр даярлау мүмкіндігін кеңейтеді. Нәтижесінде өңірлердегі кәсіпорындар үшін қажетті мамандарды сол жердің өзінде оқытып, еңбек нарығына бейімдеу мүмкіндігі арта түспек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!