Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент білім саласындағы басты міндеттерді атады

26.08.2026, 15:00 59

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуында сөз сөйлеп, мұғалім мәртебесінен бастап мектеп құрылысына, кадр тапшылығынан жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізуге дейінгі бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Президент ұстаздар қауымына алғыс айтып, білім беру саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

— Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр. Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұлы Абайдың 38-қара сөзіндегі адам тәрбиесіне қатысты ойына тоқталып, ұстаздардың жас буынға білім берумен қатар, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ қалыптастырудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Конституцияда білім саласына айрықша мән берілді

Мемлекет басшысы биылғы Тамыз конференциясы елдегі ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде өтіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, наурыздағы жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді.

— Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елде билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын да атап өтті. Осы орайда ол бірнеше күн бұрын өткен алғашқы Құрылтай сайлауына тоқталды.

— Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті, — деді Мемлекет басшысы.

Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, алқалы жиынның 28 тамызда өтетінін мәлімдеді.

«Жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр»

Президент Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси өмірге үлкен өзгеріс әкелгенін айтты. Партиялық тізімдерге тәжірибелі мамандармен қатар саясатқа жаңадан келген азаматтар, қабілетті жастар мен Президенттік кадр резервінің мүшелері енген.

— Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, сайлау науқаны кезінде партиялардың идеологиялық ұстанымы мен кәсіби деңгейі байқалып, ұлттық теледебаттар мен ашық пікірталастар қоғамдағы пікір алуандығын көрсетті.

— Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасуда, — деді Президент.

Бес жылда 1120 мектеп салынды

Мемлекет басшысы елдегі тарихи өзгерістер табысты болуы үшін қоғамдық сана да жаңғыруы керектігін айтып, бұл үдерісте мұғалімнің орны айрықша екенін атап өтті.

— Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің мәліметінше, кейінгі жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе өсіп, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталған.

«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынған.

— Алайда біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет, — деді Президент.

Мұғалім беделі жөнінен Қазақстан екінші орында

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің беделін көтеру бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, биыл оған қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер енгізілген. 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде белгіленді.

Сондай-ақ мемлекеттік марапаттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілген. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім осы марапатқа ие болған. Соңғы үш жылда үш мұғалімге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген.

— TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген, — деді Мемлекет басшысы.

Президент ауыл мектептеріндегі білім сапасына қатысты да оң өзгерістер барын айтты. Былтыр қазақстандық оқушылар 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алған.

— Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, — деді Президент.

Елге тағы 5 мыңнан астам мұғалім қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы кадр тапшылығын жоюды негізгі міндеттердің бірі ретінде атады.

Биыл 12 мыңнан астам мектеп түлегі педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грант иегері атанған. Олардың 2 мыңнан астамы мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған.

— Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Президент педагогтердің жаңа буынын даярлауды да жүйелеу қажеттігін айтты. Мұғалімдерді мектеп пен балабақшадағы кәсіби жұмысқа бейімдейтін бірыңғай жүйе құру жөніндегі ұсынысты жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Сонымен бірге білім саласында кезекті реформаны бастап, бүкіл жүйені қысқа мерзім ішінде қайта өзгерте беруге болмайтынын ескертті.

— Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек. Әрбір реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек, — деді Президент.

Мұғалімдерді аттестациялау тәртібі өзгереді

Мемлекет басшысы педагогтерді аттестациядан өткізу мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, мұғалімдерден аттестация ережесін қайта қарауға қатысты көптеген өтініш түскен.

— Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл бағалаудан мүлде бас тарту дегенді білдірмейтінін айтты.

— Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек, — деді ол.

Біліктілікті арттыру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын енгізу тапсырылды.

«Бос, бұрыс сөздің уақыты емес»

Президент әлеуметтік желілерде білім беру саласына қатысты негізсіз дау-дамайдың көбейіп кеткенін де сынға алды.

— Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз, — деді Мемлекет басшысы.

Ол балалардың болашағына қатысты ұтымды ұсыныс айту мен жақсы атану үшін пікір білдірудің ара-жігін ажырату керектігін ескертті.

— Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн, — деді Президент.

Дарынды балаларға ғылыми жобалар үшін де сыйақы беріледі

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні орта білім жүйесіне енгізу мәселесін білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде атады.

Президент халықаралық олимпиада жеңімпаздарына көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталып, енді ғылыми жобалар байқауында жеңіске жеткен оқушыларды да ақшалай ынталандыруды тапсырғанын айтты.

— Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, білімді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе қалыптастыру қажет. Осыған байланысты Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталған.

Оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате табылған

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарының сапасын да сынға алды.

— Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес, — деді Президент.

Мемлекет басшысы тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар, жалған қаһармандар туралы аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды.

— Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы. Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастардың өткенге байланып, үнемі мұң мен күйзелісті алға шығара беруі дұрыс емес екенін айтып, өскелең ұрпақ өз тарихын дұрыс түсініп, болашаққа сеніммен қарауы керек деді.

Жасанды интеллектіні қолданудың ортақ тәртібі жасалады

Президент биыл мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырманың тиісті деңгейде орындалмағанын сынға алды.

— Бұл үлкен кемшілік. Технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, жастар, әсіресе ауыл жастары, смартфон мен цифрлық технологияларды тек ойын-сауық құралы емес, тұрақты табыс табу мүмкіндігі ретінде пайдалана білуі керек.

— Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс, — деді Президент.

Үкіметке жоғары білім саласындағыдай жасанды интеллектіні қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық стандарттарын орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізу тапсырылды.

Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебі ашылуы мүмкін

Мемлекет басшысы жаңа формация мамандарын даярлауды мектептен бастау керектігін айтты. Осы орайда 18 жасқа толған жасөспірімдердің әлі де мектеп партасында отыруы қаншалықты орынды екенін министрлікке зерделеуді тапсырды.

Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын айтып, мұнымен шектелуге болмайтынын жеткізді.

— Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

7 миллионға жуық баланың есепшотына қаржы аударылды

Президент балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаржы аударылған. 2024 жылы бұл мақсатқа 695,5 миллион доллар, 2025 жылы 888,8 миллион доллар, 2026 жылы 901,7 миллион доллар бөлінген.

— Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр, — деді Президент.

Ол жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағанын, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылғанын айтты.

16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу ұсынылады

Мемлекет басшысы әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетингтің балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айтты.

— Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды, — деді Президент.

Оның айтуынша, 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарау қажет.

Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірлеген. Президент бұл мәселені Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға қарастыруды ұсынатынын айтты.

— Бізге балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырды.

Фаст-фуд жарнамасына қатысты мәселе зерттеледі

Президент балалар арасында зиянды тағамдардың жарнамасы күшейіп кеткеніне назар аударды.

— Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің мәліметінше, дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар.

— Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мектептер тәрбие ошағына айналуы керек

Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде тәрбие мәселесіне айрықша мән беруді тапсырды.

— Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдастарымен араласатын және өміріндегі ең тамаша жылдарды өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс, — деді Президент.

Ол жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық және еңбекқорлық қасиеттерін сіңіру қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, қазір Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар, жастарды қосқанда бұл топ ел халқының жартысына жуықтайды.

Мектептерде жаңа курстар енгізіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша биылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылатынын айтты. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі.

— Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді, — деді Президент.

Оның айтуынша, оқулықтардың мазмұны заман талабына және жаңа Конституция идеяларына сай болуы қажет. Бұл міндеттің сапалы әрі уақытылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты болады.

Қызылордада Президенттік кітапхана ашылады

Президент балалардың ғылымға қызығушылығын арттыру үшін ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтарын көбейтуді ұсынды.

— Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар екі жыл ішінде Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар жұмысын бастайды.

— Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салып, білім беру мекемелерін көбірек салуға және білім жүйесін жетілдіруге басымдық беру керектігін айтты.

«Қазақ – жеңімпаз ұлт»

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесіне қатысты ойын ортаға салды.

— Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние, — деді Президент.

Мемлекет басшысы ұстаздардың ең алдымен ойы таза, ниеті түзу, жарқын болашаққа сенетін жігерлі азаматтарды тәрбиелеуі қажет екенін атап өтті.

— Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент нағыз отаншылдықтың көрінісі табанды әрі жемісті еңбек екенін айтты.

— Еңбек – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ұстаздар қауымына тағы да алғыс білдірумен қорытындылады.

— Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Ұстаз – ұлттың шамшырағы! Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық. Жаңа оқу жылы жемісті болсын! — деді Президент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: