Қызылорда облысында коммуналдық төлемнің жаңа жүйесіне қатысты тұрғындардың шағымы көбейді.
Қызылорда облысында биылдан бастап электр энергиясы, жылу, ауызсу, кәріз және тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің төлемдері бірыңғай құжатқа біріктірілді. Қыркүйектегі ресми мәлімет бойынша облыстағы тұтынушылардың 80 пайыздан астамы электрондық бірыңғай төлем құжатын пайдаланып отыр. Жүйенің мақсаты төлемді жеңілдету болғанымен, кейінгі уақытта есептелген сома, берешек пен мекенжай деректеріне қатысты тұрғындардан шағым түсе бастаған.
Қазалы ауданының тұрғыны Құралай Асаубаева да осындай жағдайға тап болған. Оның айтуынша, шілде мен тамызда үйінде ешкім тұрмағанымен, бұрынғыдан бірнеше есе жоғары төлем келген. Бұған дейін ай сайын 3–5 мың теңге шамасында төлесе, шілдеге 13 мың, тамызға тағы 10 мың теңге есептеліпті. «Екі ай бойы үйде ешкім болмаса, не үшін осыншама ақша төлеуіміз керек? Соны түсінбедік»,— деп жазды тұрғын.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәселенің барлық жауапкершілігін бірыңғай есеп айырысу орталығына артып қою дұрыс емес екенін айтады. Оның сөзінше, «АЛСЕКО коммуналдық қызмет тарифін белгілемейді», ал су, жарық немесе жылу бойынша есепті әр қызмет көрсетуші мекеме жүргізеді. Сондықтан түбіртектегі белгілі бір қызметтің сомасына күмән туған жағдайда алдымен сол мекемемен нақтылау қажет. Басқарма басшысы жаз мезгілінде электр энергиясын тұтыну көлемі артатынын да алға тартты.
Дегенмен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғынның қай мекемеге барып түсініктеме іздейтінін өзі анықтауға мәжбүр болмауы керек деген талап қойды. «Тұтынушы қандай қызметке қанша төлеп отырғанын білуі керек. Бәрі ашық болуы тиіс»,— деді ол «АЛСЕКО» өкілдерімен кездесуде. Компанияның коммерциялық директоры Алексей Бозжанов өз кезегінде мәселелердің бір бөлігі мекенжайлар мен коммуналдық мекемелер базасындағы мәліметтердің сәйкес келмеуінен туғанын айтып, деректерді біріздендіруге уәде берген.
Жаңа жүйе жүздеген мың тұтынушыға қатысты болғандықтан, ондағы түсініксіздік бір тұрғынның мәселесі болып қалмайды. Егер мақсат шынымен төлем тәртібін жеңілдету болса, тұрғын түбіртектегі әр теңгенің қайдан шыққанын бір қарағанда түсіне алуы керек. Ал қате кеткен жағдайда мәселені кім және қанша уақытта түзететіні де айқын болғаны жөн.
Фото: inbusiness.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!