Елімізде сирек металл қоры бар. Ендігі мәселе – оны қазып алып, сатумен шектелеміз бе, әлде өзіміз өңдеп, қымбат өнім шығарамыз ба? Степногорскідегі SARECO зауытына қатысты соңғы мәміле осы сауалды қайта алға шығарды. 10 тамызда австралиялық Lindian Resources кәсіпорынның қалған 49 пайыз үлесін 20 миллион долларға сатып алып, зауытқа толық иелік ететінін жариялады. Компания Малавидегі Кангакунде кенішінен жылына шамамен 12,5 мың тонна монацит концентратын жеткізіп, оны Қазақстанда аралас сирек жер карбонатына айналдырмақ. Өндірісті 2026 жылдың соңғы тоқсанында бастау жоспарланған. Дайын өнімге АҚШ, Еуропа мен Жапониядағы тұтынушылар қызығушылық танытып отыр. Қазақстан аумағында зауыттың жұмыс істегені тиімді. Бірақ шикізат шетелден келіп, өндірістің бағыты мен өнім өткізетін нарықты шетелдік компания белгілесе, еліміз осы тізбектен қанша пайда көреді? Сирек металдар төңірегіндегі негізгі мәселе де – осы. Толығырақ тарқатайық.
ҚОРДЫҢ ҚҰНЫ ӨҢДЕУМЕН ӨЛШЕНЕДІ
Зауыттың қайта іске қосылуы Қазақстанға пайдасыз емес. Жұмыс орны сақталады, бюджетке салық түседі, өндіріс жанданады. Бірақ мәселенің екінші беті бар. Шикізаттың қайдан келетінін, зауыттың қандай өнім шығаратынын және оны кімге сататынын шетелдік компания шешеді. Сөздің тоқ етері, кәсіпорын Қазақстанда тұрғанымен, өндірістің тізгіні кімнің қолында болады? Мәміленің елге тиімді-тиімсіз екенін осыған қарап бағалау керек.
Әуелі атаулардың аражігін ажыратып алған жөн. Сирек жер элементтері дегеніміз – скандий, иттрий және лантаноидтар тобындағы 15 металды қосқанда шығатын 17 элемент. Неодим мен празеодим электр көлігінің қозғалтқышына, жел генераторына және өндірістік жабдықтарға қажет қуатты магнит жасауға жұмсалады. Диспрозий мен тербий сол магниттің жоғары температураға төзімділігін күшейтеді. Иттрий медицинада, лазер мен электроникада пайдаланылады.
Ал критикалық минералдар – бұдан ауқымды ұғым. Оған экономика, қорғаныс және жоғары технология үшін аса қажет, бірақ жеткізілімі үзіліп қалуы мүмкін шикізат түрлері кіреді. Мәселен, литий аккумуляторға, галлий жартылай өткізгішке, титан мен вольфрам ғарыш және қорғаныс өнеркәсібіне керек. Сондықтан бір ел үшін маңызды саналатын металл екінші мемлекеттің тізімінде болмауы мүмкін. Мұнда шешуші өлшем – сол елдің өндірістік қажеті мен сыртқы нарыққа тәуелділігі. Сирек жер металдарының саяси салмағы олардың атауындағы «сирек» деген сөзден туып отырған жоқ. Бұл элементтер жер қыртысында кездеседі, бірақ оларды бір-бірінен ажыратып, таза өнімге айналдыру қиын әрі қымбат. Негізгі күш те кенді қазған елдің емес, оны өңдей алған мемлекеттің қолында қалып отыр.
Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне қарағанда, 2024 жылы Қытай магнит жасауға қажет сирек жер элементтерін өндірудің 60 пайызын бақылаған. Тазарту мен бөлу кезеңіндегі үлесі 91 пайызға, тұрақты магнит шығарудағы көрсеткіші 94 пайызға жеткен. Демек, жер астынан кен табу істің басы ғана. Оны таза оксидке, қорытпаға және дайын магнитке айналдырмайынша, табыстың қомақты бөлігі өңдеуші елге кетеді.
Бұл тәуелділіктің салдары 2025 жылы анық байқалды. Қытай жеті ауыр сирек жер элементіне, бірқатар қосылыс пен магнитке экспорттық бақылау енгізгенде, сәуір мен мамыр айларындағы жеткізілім күрт азайды. АҚШ пен Еуропадағы кейбір автомобиль кәсіпорындары өндірісін баяулатып, жекелеген зауыттар уақытша тоқтауға мәжбүр болды. Бір елдің рұқсат қағазы бірнеше құрлықтағы өндірістің ырғағын бұзды. Сирек металл қарапайым шикізат емес, қажет кезінде саяси ықпалға айналатын құрал екенін осы жағдай көрсетті.
Қазақстан бұл нарыққа құрқол келіп отырған жоқ. Қойнауымызда қор бар, металл өңдейтін бұрыннан келе жатқан кәсіпорындар да жұмыс істейді. Бірақ қолда барды ұқсата білу – бөлек әңгіме. 2023 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металды игеруді негізгі бағыттардың қатарына қосты.
– Сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Әлеуетін ашқан елдер әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайды, — деді Мемлекет басшысы.
Үкімет мәліметінше, сирек және сирек жер металдары өндірісінің үлесі Қазақстан металлургиясының 2,4 пайызын құрайды. 2018 жылдан бері салаға бюджеттен 67 миллиард теңге бөлінген. Қазір жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырым болатын 25 учаскеде геологиялық зерттеу жүріп жатыр. Елімізде бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений және осмий өндіріледі. Галлий мен индий алу технологиясы да бар.
20 МИЛЛИОН ТОННА ӘЛІ ҚОР ЕМЕС
Бұл бағыттағы өндіріс бірнеше кәсіпорынға сүйенеді. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты бериллий, тантал және ниобиймен жұмыс істейді. «Жезқазғанредмет» рений мен осмий шығарады. Қызылорда облысындағы «Балауса» кәсіпорны ванадий концентратын өндіреді, Алматы облысында вольфрам кені игеріліп жатыр. Дегенмен, осы металдардың бәрін сирек жер элементтеріне жатқыза салуға болмайды. Сирек металдар, сирек жер элементтері және критикалық минералдар өзара байланысты болғанымен, құрамы мен қолданылатын саласы бөлек. Қазақстанның мүмкіндігі жөніндегі әңгімені қыздырған соңғы жаңалық Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесінен шықты. 2022-2024 жылдары жүргізілген іздеу жұмысы бірнеше перспективалы аумақты анықтаған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі олардың жиынтық ресурсын шамамен бір миллион тонна деп бағалады. Соның ішінде Иргіз аумағындағы бір блокта 800 мың тоннаға жуық металл болуы мүмкін. Күйректікөлдің аумағындағы «Жаңа Қазақстан» деп аталған үлкен алаңға жасалған болжам бұдан да ауқымды. Ресми есепте 300 метр тереңдікке дейінгі ресурс 20 миллион тоннадан асуы мүмкін екені, сирек жер элементтерінің орташа мөлшері тоннасына шамамен 700 грамм болатыны айтылған. Осы сан жарияланғаннан кейін Қазақстан әлемдегі ең ірі қор иелерінің біріне айналуы мүмкін деген пікір көбейді.
Алайда арбаны аттың алдына жекпеген жөн. 20 миллион тонна – толық барланған, өндіруге дайын қор емес, үлкен аумаққа жасалған геологиялық болжам. Оны растау үшін қосымша ұңғыма бұрғыланып, сынамалар зерттелуі, кенді байыту тәсілі анықталып, жобаның шығыны есептелуі керек. Кен мол көрінгенімен, құрамындағы металды бөліп алу тым қымбатқа түссе, қағаздағы қомақты сан өндірістік жобаға айналмай қалуы мүмкін.
Іздеу жұмысын жүргізген «Центргеолсъемка» серіктестігінің бас геологі Максим Клочков алғашқы зерттеудің нәтижесін былай түсіндірді.
– Талдау кен қабаттарында сирек жер элементтерінің көбі барын көрсетті. Неодим, церий, лантан мен иттрий басым. Қосымша зерттеу болжамды ресурсты дәлірек бағалауға мүмкіндік береді, — деді геолог.
Демек, Күйректікөл үміт күттіретін аумақ болғанымен, оны дайын кеніш деп қабылдауға әлі ерте. Болжамды ресурс, алдын ала бағаланған қор және өнеркәсіптік қордың арасы жер мен көктей. Біріншісі кен болуы мүмкін екенін көрсетеді, соңғысы сол кенді өндіруге болатынын дәлелдейді. Осы айырмашылық ашық айтылмаса, қоғам да, инвестор да шынайы жағдайды бағалай алмайды. Қордың көлемі нақтыланған күннің өзінде келесі түйін өңдеуге тіреледі. Сирек жер элементтерін өндіру кенді қазып, вагонға тиеумен бітпейді. Алдымен кен ұнтақталып, байытылады, кейін химиялық өңдеуден өтіп, аралас құрамнан жеке оксидтер бөлінеді. Одан металл мен қорытпа алынып, соңында тұрақты магнит жасалады. Әр сатыға бөлек технология, жабдық пен білікті маман қажет. Әр кезең өткен сайын өнімнің бағасы да өседі.
Қазып алынған кен мен электр көлігінің қозғалтқышына орнатылатын магниттің арасы алыс. Қазақстан сол жолдың басында қалып қойса, шикізатты арзанға беріп, одан жасалған қымбат өнімді қайта сатып алады. Инженер-геолог Серік Қонақбаев негізгі осал тұсымызды осы өңдеу сатысынан көреді.
– Елеулі қорымыз бар, оның көбі кеңес кезеңінде барланған. Ендігі міндет – өңдеу инфрақұрылымын дамытып, инвестиция тартып, заманауи технология енгізу. Сонда кеннен бастап дайын өнімге дейінгі толық өндірістік цикл құруға мүмкіндік туады, — деді сарапшы.

ЗАУЫТ – ҚАЗАҚСТАНДА, ТІЗГІН – ШЕТЕЛДЕ
Степногорскідегі SARECO зауыты осы мәселені көзге көрсетіп отыр. Кәсіпорын 2010 жылы «Қазатомөнеркәсіп» пен жапондық Sumitomo компаниясының бірлескен жобасы ретінде құрылып, 2012 жылы іске қосылған. Зауыт уран өндірісінің қалдығынан неодим мен диспрозийі бар аралас карбонат шығаруға тиіс еді. Бастапқы қуаты жылына 1500 тонна деп белгіленгенімен, кейін иелері ауысып, кәсіпорын толық қуатына шыға алмады.
Енді Lindian Resources дайын ғимаратты, инфрақұрылымды және рұқсат құжаттарын пайдаланып, өндірісті қысқа мерзімде бастауды жоспарлап отыр. Компания жүргізген сынақта Кангакунде концентратынан неодим мен празеодимді алу көрсеткіші 96 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш технологияның нәтижелі екенін аңғартады. Бірақ зауыт шығаратын аралас сирек жер карбонаты әлі түпкі өнім емес. Одан жеке оксидтер бөліп, кейін металл, қорытпа және магнит шығаратын келесі өндіріс қажет.
Компанияның атқарушы төрағасы Роберт Мартин SARECO-ның Lindian үшін тиімді тұсын жасырған жоқ.
– Зауытқа толық иелік ету сирек жер шикізатын өңдеуге шығыны аз әрі қысқа жол ашады. Дайын инфрақұрылым өндірісті тез бастауға, кейін оның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. АҚШ, Еуропа және Жапониядағы тұтынушылардан сұраныс бар, — деді Роберт Мартин.
Инвестордың өз есебін күйттеуі заңды. Қазақстан да өз пайдасын дәл сондай анық есептеуі тиіс. Зауытта отандық кен қашан өңделеді? Қазақстандық инженерлер технологияның негізгі кезеңін меңгере ме? Аралас карбонаттан жеке оксид бөлетін келесі өндіріс елімізде ашыла ма? Зерттеу жұмысына жергілікті ғалымдар қатысып, технологиялық жаңалыққа ортақ құқық ала ма? Келісімнің салмағы жұмыс орны мен салықтан бөлек, осы сауалдардың жауабымен өлшенеді.
АЛЫПТАР ТАЛАСЫНДАҒЫ АЙМАҚ
Еуропалық одақтың Қазақстанға назар аударуы да тегін емес. Еуропа критикалық шикізаттың бір елге байланып қалуынан қауіптенеді. Оның жаңа заңында 2030 жылға қарай стратегиялық шикізаттың кемінде 10 пайызын өз аумағында өндіру, 40 пайызын өңдеу және 25 пайызын қайта өңдеу межесі қойылған. Бір материал бойынша бір ғана сыртқы мемлекетке тәуелділік 65 пайыздан аспауы тиіс. Еуропалық комиссия Қазақстан мен Еуроодақ 2022 жылы тұрақты шикізат, аккумулятор және жаңартылатын сутек тізбегі бойынша стратегиялық меморандумға қол қойды. Кейін 2025-2026 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. 2026 жылғы маусымдағы кездесуде тараптар осы жұмысты жалғастыруға келісті. Қазақстанда халықаралық талапқа сай химиялық-талдау зертханасын дамыту жөніндегі меморандумның құпталуы да маңызды. Өйткені кеннің нақты құрамын өзіміз дәл өлшей алмасақ, сыртқа не сатып жатқанымызды да толық білмейміз.
АҚШ та бұл бәсекеден тыс тұрған жоқ. 2024 жылы Вашингтон Орталық Азия елдерімен C5+1 критикалық минералдар диалогын бастады. 2025 жылы Cove Capital компаниясының Солтүстік Қатпар вольфрам жобасына қатысуына қатысты құны бір миллиард доллардан асатын келісім жарияланды. Бұл сирек жер элементінің жобасы болмағанымен, АҚШ-тың Қазақстандағы стратегиялық минералдарға қызығушылығын анық аңғартады. Қытайдың қолында дайын технология, жұмыс істеп тұрған зауыттар, үлкен ішкі нарық және Қазақстанмен ортақ шекара бар. Еуропа мен АҚШ Қытайға тәуелділігін азайтуды көздейді. Жапония тұрақты жеткізілім мен жаңа өңдеу жобаларын іздеп отыр. Әрқайсысының көздегені – өз қажеті. Қазақстанға бірін таңдап, қалғанына сырт айналудың қажеті жоқ. Керісінше, бірнеше бағытпен қатар жұмыс істеу технология, инвестиция және өнім өткізу шарттарын салыстырып, тиімдісін таңдауға жол ашады.
Дегенмен, алушы көбейді екен деп, тауардың қадірі өздігінен артпайды. Қазақстан келіссөз үстеліне нақты есебімен баруы керек. Ол үшін жер қойнауындағы қор халықаралық талаппен расталып, кен мен концентрат құрамындағы негізгі және ілеспе элементтер тәуелсіз зертханада анықталуы керек. Елден қандай металл, қандай көлемде және қай деңгейде өңделіп шығып жатқанын білмей, салық пен экспорттық пайданы әділ есептеу қиын.
Инвестициялық келісімнің де жібін бос ұстауға болмайды. Құжатта кенді Қазақстанда өңдеудің ең төменгі деңгейі, жергілікті тауар мен қызметтің үлесі, мамандарды даярлау, ғылыми зерттеуге бөлінетін қаржы және технологияны игеру мерзімі нақты көрсетілуі керек. Уәде санмен өлшеніп, орындалмаған жағдайда жауапкершілік қарастырылса ғана талап қағаз жүзінде қалмайды.
Экология мәселесі өндіріс басталған соң еске түсетін қосымша шарт болмағаны жөн. Сирек жер элементтерін бөлу кезінде қышқылдар мен басқа да химиялық реагенттер пайдаланылады. Кейбір кеннің құрамында табиғи радиоактивті материалдар кездеседі. Халықаралық энергетика агенттігі дұрыс басқарылмаған қалдықтың суға, топыраққа және адам денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді. Сондықтан қалдық қоймасы, су айналымы, ауаға шығарындылар және кеніш жабылғаннан кейін жерді қалпына келтіру шығыны жоба басталмай тұрып есептелуі қажет. Қазақстанға ертең-ақ смартфон немесе электромобиль шығару міндетін жүктеу орынсыз. Мұндай өндіріс бір күнде қалыптаспайды. Әуелі қорды дәл бағалап, зертханалық базаны күшейту керек. Келесі қадамда концентраттан таза оксид бөліп, металл мен қорытпа алуға көшуге болады. Одан кейін тұрақты магнит өндірісін жолға қоюға мүмкіндік туады. Маңыздысы, әр жаңа жоба алдыңғысынан бір саты жоғары тұруы тиіс.
ТҮЙІН. Сирек металдан түсетін пайданы кеннің көлемімен ғана есептеу аз. Негізгі өлшем – елде қалатын өндіріс, білім және технология. Егер таза оксид, қорытпа мен магнит Қазақстанда шығарылып, оны өз мамандарымыз меңгерсе, жер қойнауындағы қор халыққа қызмет етеді. Ал кен мен концентратты сыртқа жөнелтіп, дайын өнімді қымбатқа қайта сатып ала берсек, шикізат жеткізуші рөлінен ұзай алмаймыз.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Инфографика мен коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!