Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлау күні толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салынды

29.11.2026, 10:15 14

Қазақстанда бүгінгі мәслихат сайлауы кезінде сайлаушылардың толтырылған бюллетеньдерін фотоға немесе видеоға түсіруіне және мұндай материалдарды таратуына тыйым салынады. Орталық сайлау комиссиясы бұл талап азаматтардың жасырын дауыс беру құқығын қорғауға бағытталғанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндіктің мәліметінше, сайлау учаскесінде суретке түсудің бәріне бірдей шектеу қойылмаған. Азаматтар сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде суретке түсе алады. Алайда фото мен бейнежазбада сайлаушының нақты қай партияға немесе кандидатқа дауыс бергені көрінбеуі тиіс.

Сонымен қатар дауыс беру күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары заңда көзделген орындарда сақталуы мүмкін, бірақ жаңа үгіт жүргізуге болмайды. ОСК дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікірге қатысты сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына байланысты болжамдарды жариялауға шектеу қойылғанын да ескертті.

Сайлау учаскесінің ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге рұқсат жоқ. Ал арнайы талаптарға сәйкес, ОСК-ны алдын ала хабардар еткен ұйымдар учаскелерден тыс жерде exit-poll жүргізе алады. Бұл талаптарды сайлау барысын жариялайтын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі пайдаланушылары да ескеруі қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: