Паспортсыз шетелге шыға алатын үш адам бар. Олар – Ұлыбритания королі III Чарльз, Жапония императоры Нарухито және императрица Масако. Бұл туралы FastNews.kz жазды. Бірақ олардың паспортсыз жүруінің себебі бірдей емес.
III Чарльздың жағдайы Ұлыбританиядағы паспорт беру тәртібіне байланысты. Британ паспорты монархтың атынан беріледі. Сондықтан корольдің өз атымен өзіне паспорт рәсімдеуінің қажеті жоқ. Бұл артықшылық король отбасының басқа мүшелеріне қолданылмайды, олар шетелге паспортпен шығады.
III Чарльз мұндай мәртебеге 2022 жылы II Елизавета қайтыс болып, таққа отырғаннан кейін ие болды. Бұған дейін паспортсыз сапарлау құқығы II Елизаветада болған.
Жапония императоры Нарухито мен императрица Масако да әдеттегі паспорт қолданбайды. Бұл тәртіп 1971 жылдан бері бар. Жапония билігі император мен императрицаға қарапайым азаматтар сияқты паспорт беруді олардың мәртебесіне сай емес деп шешкен.
Олардың шетел сапары дипломатиялық жолмен рәсімделеді. Жапонияның Сыртқы істер министрлігі баратын елге алдын ала хабарлап, қажетті құжаттарды келіседі. Император әулетінің өзге мүшелеріне бұл жеңілдік берілмейді.
Бір қызығы, мемлекет басшысы болу паспорттан автоматты түрде босатады деген сөз емес. Мәселен, Ватикан басшысы Рим Папасы халықаралық сапарларда тиісті жол жүру құжаттарын пайдаланады.
Яғни паспортсыз сапарлау жоғары лауазымға емес, нақты елдің құқықтық және мемлекеттік дәстүріне байланысты ерекшелік.
Коллаж: Halyqline AI
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!