Аңсаған МҰСТАФА,
суретші-иллюстратор:
Иллюстрация қоғам көп жағдайда үнсіз қалдыратын мәселелерді айқындап көрсететін айна іспетті. Адам тағдыры, әлеуметтік түйткілдер мен күнделікті өмірдің күрделі шындықтары сурет тілінде жаңа мәнге ие болып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз – әр туындысына төрткүл дүние көз тіккен талант. Өне бойына өнерді сіңірген Аңсаған Мұстафаны мазмұнды әңгімеге тартып, шығармашылығы жайлы шынайы ойын оқырманға ұсынсақ дедік.
КЕЙБІР ИДЕЯ ЫДЫС ЖУҒАНДА КЕЛЕДІ
– Аңсаған әпке, жақында ғана Ұлттық музейде 200-ші көрмеңізді өткіздіңіз. Сіз үшін қуаныштымыз! Көрмеге дейінгі және кейінгі сезім-күйіңізбен бөліссеңіз… Көрерменнің қай суретіңізге ықыласы ауғанын байқадыңыз?
– Иә, көрме керемет өтті. Ойлағанымнан он есе көп адам келді. Мені қолдаған журналистерге, блогерлерге және сайт мамандарына алғысымды білдіремін.
Бір ай бұрын музейден ұсыныс түскен кезде қатты қуандым. Әрине, көрмеге дейін қатты толқыдым, әлі де толқып жүрмін. Шетелден келген суреттерімді басқа жаққа жібермей, жинастыра бастадым. Өйткені кейде балалар көріп, қаламмен сызып, бояп кететін жағдайлар болады. Сол себепті барлық жұмысымды реттеп, қажет жерін өңдеп, рамкаларын түзеп, көрмеге дайындадым.
Әлеуметтік тақырыпта салынған 200-ге жуық суретім бар. Соның 69-ы осы көрмеге қойылды. Көрме Ұлттық музейде 19 мамырға дейін жалғасады. Астанаға келсеңіздер, барып көруге болады.
Ал «Неге 200 суреттің ішінен тек 69-ы ғана қойылды?» деген сұрақ туындаса, әлеуметтік желіде жақсы талқыланып, көп кері байланыс алған жұмыстарды таңдадым. Демек, олар белгілі бір сезім оятып, көпшілікті пікір жазуға итермеледі деген сөз. Мен үшін ешқандай эмоция тудырмайтын сурет өзіме де қызық емес. Сондықтан аудиторияның көңіл күйі мен реакциясына қарай сол жұмыстарды көрмеге қойдым.


Суреттерге қараған кейбір ер адамдар: «Неліктен ерлерді жаман етіп көрсетесің? Алқаш, жалқау, ата-анасына қарамайтын етіп бейнелейсің» деп жатады. Қыздар тарапынан да осындай пікірлер айтылады. Әркім өз кемшілігін көргісі келмейді, бәрі өзін мінсіз сезінгісі келеді ғой.
Көрме барысында адамдардың төрт суреттің жанында көбірек шоғырланғанын байқадым. Соның бірі — «Кредит ала беретін досыңа жібер» деген тақырыбындағы жұмыс болатын.
– Әр туындыңыздан түйсікке түртіп аларымыз көп. Әрқайсысының ой қозғар астары бар. Дегенмен, әлеуметтік тақырыппен тұрақты жұмыс істеу эмоционалдық тұрғыдан қажытпай ма?
– Жоқ, қажытады деп айта алмаймын. Керісінше, ойыма келген идеяны тез арада қағаз бетіне түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға асығамын. Өйткені адамдардың эмоциясын, пікірін білгім келеді. Сол кері байланыстан қуат пен шабыт алатын секілдімін. Пікірлерді оқығаннан кейін бірден келесі тақырыптарға кірісемін.

Бұдан бөлек, ұлттық нақыштағы жейделер шығарып жүрмін. Қорымда екі мыңнан астам сурет бар. Оның ішінде патриоттық бағыттағы жұмыстар, «Қазақстан» деген жазуы бар алқалар, ұлттық киімдегі қыздардың бейнесі, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, ұлы тұлғалардың портреттері, жан-жануарлар тақырыбындағы иллюстрациялар – жалпы бағыт өте көп.
Көп адам мені қағаз бен қаламды алдыма қойып, «не салсам екен?» деп ұзақ ойланып отырады деуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл – күнделікті еңбек. Кейбір идея ыдыс жуып тұрғанда немесе көлік айдап келе жатқанда келеді. Ондайда ұмытып қалмас үшін бірден WhatsApp арқылы балаларға аудио жіберіп қоямын. Алғашында олар: «Мама, бұл не?» деп таңғалатын. Қазір үйреніп қалды.
Мысалы, бірде рөлде келе жатып ойыма: «Төсекте анасы баласын емес, бөтелкені құшақтап жатыр. Ал төсектің астында бала анасынан қорқып тығылып отыр» деген идея келді. Бірден аудиоға жазып жіберемін. Әйтпесе, ұмытылып кетеді. Қолым босаған сәтте сол ойды суретке айналдырамын.
Мен үшін сурет салу ішкі қорқыныштарымды сыртқа шығару сияқты. «Анандай-мынадай болып кетпесе екен» деген алаңдаушылықтың көрінісі. Бір жағынан, бұл қоғамға жасалған ескерту іспетті. Мысалы, балаларға көңіл бөлінбей жатқаны туралы ой салу.

«Не істеп жатырсың?», «Жұмыс күтіп жатырмын!» деген суреттің де өз тарихы бар. Шамамен 6-7 жыл бұрын Қызылордада көрмем өтті. Сол кезде облыс әкімі болған Қырымбек Көшербаев арнайы шақырған еді. Көрмені ұйымдастырып, күтіп тұрдық. Әкім келеді дегенде жұрт «5 минут қалды, 4 минут қалды» деп абыр-сабыр болды. Сол сәтте ол кісі кіріп келіп, бәрімізбен амандасты. Сосын: «Аңсаған, мен саған бір идея айтайын» деп залды аралап, жұмыстарымды көріп шықты. «Біздің кейбір қазақ жігіттері жалқау болып барады. «Не істеп жатырсың?» десең, «Жұмыс күтіп жатырмын» дейді. Қомақты жалақысы бар қызметті ғана қалайды, ал басқа еңбекті менсінбейді. Осы туралы сурет салшы», — деді. Сол кездесуден кейін диванда жатып, «жұмыс күтіп жатқан» жігіттің бейнесін салғаным есімде.
ШЕТЕЛДІКТЕРДЕН АРТЫҚ ТА, КЕМ ДЕ ЕМЕСПІЗ
– Сіздің қолтаңбаңызға көбі қанық, тіпті туындыларыңызбен шетелдіктер де таныс. Айтыңызшы, шетелдік көрермен жұмыстарыңыздан өз қоғамына ұқсастық іздей ме екен? Автор ретінде олардың ерекше қызығушылығына не себеп деп ойлайсыз?
– Әрине, шетелде де көп көрмеге қатыстым. Жалпы, 200-ге жуық көрменің 150-і шетелде өтті. Суреттерімді салған кезде тек қазақты елестетіп, қазақтың тұрмыс-тіршілігін бейнеледім. Жазуы да, реңкі де қазақы болды.
Соған қарамастан, шетелдіктердің қызығушылық танытуы мені қатты қуантты. Кейде «Түсіндіңіз бе?» деп сұраймын. Сонда олар: «Иә, мұнда ешқандай сөздің қажеті жоқ, сурет сөйлеп тұр. Бұл – біз туралы», — деп жауап береді. Өнердің шекарасы жоқ екенін сол кезде анық сезіндім.
Бес-алты жыл бұрын Италияда Роберто есімді досымның галереясында жұмыстарым қойылды. Ол бір суретімді ерекше ұнатты. Қанша көрме ауысса да, сол жұмысты қабырғадан алған жоқ. «Бұл тақырыпқа сәйкес келмейтін шығар?» десем де, «Маған бәрібір, бұл – менің галереям. Маған осы сурет ұнайды» деп іліп қоятын. Тіпті күз тақырыбындағы көрме өтсе де, сол жұмыс орнында тұратын.
Тағы бір қызық оқиға Бразилияда болды. Көрме кезінде біз тікелей эфир арқылы қосылып отырдық. Бір сәтте бір әйел адамның студенттерді суретімнің жанына жинап алып, ашулы түрде бірдеңе айтып тұрғанын көрдім. Қатты қобалжыдым. «Не болып қалды екен?» деп ұйымдастырушыдан сұрадым.
Сөйтсем, ол кісі студенттеріне: «Қараңдаршы, шетелдік суретшінің қиялы қандай, техникасы қандай мықты! Қалай әсерлі салынған! Ал сендерде идея жоқ» деп ұрысып жатыр екен. Сол кезде біз үшін олар, ал олар үшін біз де «шетелдік» ретінде қызық әрі таңсық екенімізді түсіндім. Демек, бәріміз де бір деңгейде дамып келеміз.
Қазір WhatsApp-та әлемнің әр түкпіріндегі суретшілер жиналған қырыққа жуық чатта бармын. Олар өз жұмыстарын, қатысқан көрмелерін бөлісіп отырады. Сондай сәттерде анық байқайтыным – біз олардан артық емеспіз, бірақ кем де емеспіз.
Ал бұрын менде комплекс болатын. Алғашқы шетелдік көрмелерімнің бірі Кореяда өткенде қатты толқыдым. Кейін тәжірибе жинақталып, сенім пайда болды. Қазір өнердің тілі ортақ екенін жақсы түсінемін.
– Өзіңізге сын көзбен қарай алатын секілдісіз. Бір суретті бірнеше рет өңдеуді өнерге адалдық, көрермен алдындағы жауапкершілік деп білеміз. Осы орайда, туындыңызды тамамдағаннан кейін оның мағынасы өзіңіз ойлағаннан да өзгеріп шыға келгені бар ма? Және ол қай сурет еді?
– Әрине, әр көрменің алдында суреттерімді қайта қарап, өңдеймін. Ұнамай қалған тұстары немесе өзіме көңіл толмайтын сәттер болса, міндетті түрде түзетемін. Кейде уақыт өте келе көзқарасым өзгеріп, бұрын дұрыс көрінген детальдарымды қайта қарап, жаңартамын.
Сонымен қатар, кейбір жұмысымда көрме өтетін қаланың танымал нысандарын әдейі қосып саламын. Себебі сол өңірдің тұрғындары суреттен өз туған жерінің белгісін көрсе, ерекше әсер алады деп ойлаймын. Бұл – көрерменмен байланыс орнатудың бір жолы.
Яғни, бір сурет 3-4 рет өзгеріп, қайта жазылып, жаңарып жатады. Мысалы, қыз бейнеленген бір жұмысым бар. Оның сол жағына Семейге бара жатқан жолдағы көпірді салдым. Ал одан бұрын сол орында Хан Шатыр мен Көктөбе бейнеленген еді. Уақыт өте келе, көрме өтетін орынға байланысты композициясын өзгертіп отырдым.
Мен үшін сурет – тірі дүние сияқты. Ол уақытпен бірге жаңарып, өзгеріп, толықтырылып отырады.


БӘРІ ЕРТЕГІ СИЯҚТЫ КӨРІНДІ…
– Жиі қолдау көрсетіп, көрмеге қатысуға ықпал етіп отыратын досыңыз жайлы жазғаныңыз есімде. Десек те, талантқа тұсау қай кезде де табылады. Атын атап, түсін түстемесеңіз де, өзіңізді «төмен тартқандар» болды ма? Көңіліңізді құлазытқан оқиға жайында айтып берсеңіз… Әрі ол шығармашылық жолыңызға қалай әсер етті?
– Маған жиі қолдау көрсететін достарымның бірі – Италиядағы Роберто. Ол мені бірнеше жыл бұрын Италияға шақырған. Екі жыл бұрын балам екеуміз барып қайттық. Бұған дейін суреттерімді оның галереясына бірлі-жарым данамен жіберіп, көрмелерге қатысып жүретінмін.
Бір күні: «Өзің келсеңші. Қаланы аралатамын, шеберлердің қалай жұмыс істейтінін көрсетемін», — деп қолқа салды. Шынымды айтсам, алғашында күмән болды. Әлеуметтік желі арқылы танысқан жиырма шақты галерея иелері бар, бірақ Робертоның ерекше ілтипаты мені таңғалдырды. Ақыры баламды ертіп баруға бел будым.
Робертодан: «Баламды алып барсам бола ма?», — деп сұрадым. «Әрине», — деді. Жолдасым болса: «Бірдеңе бола қалса, артық ақша алып алыңдар, қонақүйге барарсыңдар», — деп сақтандырды. Себебі Роберто: «Менің бос тұрған үйім бар, сонда тұрасыңдар. Тамақты өзім дайындаймын», — деген еді. Бәрі ертегі сияқты көрінді.
Италияға барғанда өзі күтіп алды. Пицца пісіріп, дастарқанын жайып қойыпты. Сосын «үйге барайық» деді. Барсақ, кәдімгі зәулім сарай. Есігі берік жабылған. Кейін білсем, ол коллекционер екен. Үйінің іші тұнып тұрған өнер туындылары, нағыз шағын музей секілді. Қабырғаларында бос орын жоқ. Барлығы толық жабдықталған, тұруға дайын. «Осында болыңдар, таңертең келемін, бірге қала аралаймыз», — деді де кетіп қалды.
Ол кеткен соң көзіме ұйқы ілінбеді. Үй ішіндегі жұмыстарды қарап, авторлардың аты-жөнін интернеттен іздеп, зерттей бастадым. Бағаларын көріп, таңғалдым. Ең көне туынды 1400 жылдардан басталады екен. Тіпті 5×5 см кішкентай суреттердің өзі бар.
Таңертең келгенде: «Ұйықтамадың ба?» деп сұрады. «Өзіңіз демалдыңыз ба?» десем, күліп қана қойды. Жасы 74-те болса да, қуаты мол. Әке-шешесінен, ата-бабасынан қалған коллекция шығар деп ойладым. Үйдің қауіпсіздігі де ерекше: терезелері төрт түрлі қорғаныспен жабылған, есігі үш қабатты.
Өзі қазақтың ақкөңіл, жайсаң адамындай. Қаланы аралатқанда біз жай жүрсек, ол алдымызға түсіп кетеді. Болонья қаласы – ығы-жығы адам. Балам екеуміз артта қалып қоймайық деп жүгіріп жүреміз. Артына қарап: «Анса, тездет!» деп дауыстайды.
Музейлерді араладық, көрші Венецияға бардық, келесі күні Флоренцияға жол тарттық. Бәрі түс сияқты өтті.
Сосын одан: «Мұның бәрін не үшін жасап жүрсіз?», — деп сұрадым. Ол: «Суреттерің маған қатты ұнайды. Сенде жаңа идеялар туындасын деп тілеймін», — деді.
Сол сәтте түсіндім: менің жұмыстарымның арқасында шетелден ойы ортақ, пікірлес, армандас достар таптым.
Көңілімді қатты құлазытқан оқиғалардың бірі – ЭКСПО-мен байланысты жағдай. Бізге хабарласып, «келіңіздер, тауарларыңызды көрейік» деп шақырды. Біз өнімдерімізді алып бардық. Бірақ барған кезде: «Біз күткендей емес екен», — деп салқын қабылдады.
Содан кейін: «ЭКСПО-ның суретін салып, эскиздер дайындаңыздар. 10 мың дана футболка әкеліңіздер, ішінен таңдап аламыз. Айдың соңында есеп айырысамыз», — деді.
Мен 20 шақты дизайн жасап бердім, олардың ішінен 4-5-еуін таңдады. Бір ай бойы футболкалар дайындалып, көрме ашылардан 2-3 күн бұрын барлық тауарды өткізіп, келісімшарт жасалып, бізді зәулім ғимаратқа күзетпен кіргізіп, өнімдерді қабылдап алды. Бәріне сендік.
Төрт қақпаның төртеуінде де дүкендер ашылып, іштері тауарға толды. Бірақ бір ай өткен соң барып, ақшаны сұрай бастадық. Сол кезде бізбен сөйлескен адамдардың ешқайсысы жоқ болып шықты – мүлдем басқа адамдар отырды. Олар: «Біз сіздерді танымаймыз, мұнда жұмыс істеп жүргенімізге екі-ақ күн болды. Қандай тауар сатылғанын білмейміз, алдымен соны анықтайық», — деді. Екі аптадан кейін қайта барсақ, тағы басқа қызметкерлер. Олар да: «Біз кеше ғана келдік, қоймада не барын білмейміз. Қай тауар қандай бағамен сатылып жатқанын енді түсініп жатырмыз», — деп жауап берді.
Уақыт созыла берді. ЭКСПО жабылған кезде барғанымызда, бізді полиция қуды. Ол жерде жиырмаға жуық қолөнерші өз тауарын да, ақшасын да ала алмады. «Неге шу шығарасыздар, ұят емес пе, елдің беделін түсіріп жатырсыздар», — деді. Сол сәтте бәріміз үнсіз тарқастық. Кейін WhatsApp чат ашып, байланыс сақтап қалдық. Осыдан кейін сот процесі басталды. Құжаттарға қол қойылған, мөр басылған адамды іздеп таптық. Барсақ, мас күйдегі қайыршы болып шықты.
«Мына қол сенікі ме?» десек, «иә» дейді. «ЭКСПО-ға қатысың бар ма, директорсың ба?» десек, күледі. «Маған бір бөтелке берді, мына жерге қол қой деді, мен қоя салдым, басқа ештеңе білмеймін», — деп есікті жауып алды.
Сол кезде ғана бәріміз алаяқтықтың құрбаны болғанымызды түсіндік. Сондай бір қиын кезең болғанын жасырмаймын.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫМЫЗ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ
– Суретшінің мәртебесі өзекті мәселе екені жасырын емес. Неліктен бұл өнердің өкілдері құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан толық мойындалмайды?
– Жалпы, бұл жағдай тек суретшілерге ғана емес, журналистерге де тән деп ойлаймын. Өнер мен сөз адамдарының тағдыры көбіне ұқсас келеді.
Менің ата-анам да журналист болған. Анам «Ақ босаға» газетін шығарды. Әкем – жазушы, «Көк аспан – қара жер» атты газет ашқан, бірнеше кітаптың авторы. Сонымен қатар Эрнест Хемингуэйдің шығармаларын аударған. Олардың еңбегі бағаланбады деп айта алмаймын. Бірақ тұрмыстық жағдайы күрт жақсарды деу де қиын. Шығармашылықпен өмір сүрді, сол жолға адал болды. Қазір өзіме қарасам, сол сүрлеумен келе жатқандаймын. Әлеуметтік жағдайымыз айтарлықтай өзгерген жоқ. Қалай өмір сүрдік, солай өмір сүріп келеміз.
– Суретшілерді табысқа кенеліп, шекесі шылқып отыр дей алмаймыз. Соған қарамастан, тегін көрме ұйымдастырып, көрерменге кеңдік танытып жүрсіз. Жалпы, суретшілер қалай күн көріп жүр, сіз ше?
– Көрмелерімді көбіне тегін ұйымдастырып жүрмін. Көп адам: «Қанша төлеу керек? Ақылы ма, әлде тегін бе?» деп сұрайды. Мен үшін ең бастысы – көрменің өтуі. Егер ұйымдастырушылардың қаражаты болмаса, «Менде де артық қаржы жоқ, бірақ өткізе берейік» деймін.
Ал егер қолдау көрсетіп, қаламақы төлегісі келсе, кез келген соманы ризашылықпен қабылдаймын. Мысалы, Атырау музейі, Талдықорған, Қарағанды қалалары және Абай облысының әкімдігі қаламақы төледі. Яғни төрт жерден қаржылай қолдау болды. Ал қалған көрмелер тегін өтті.
Егер барлық көрме ақылы болуға тиіс деп талап қойсам, кейбір өңірде қаражат болмағандықтан, көрме мүлде өтпей қалуы мүмкін еді. Ондай жағдайда көрермендер де туындыларды көре алмас еді. Ал, меніңше, көрерменсіз өнер – ең үлкен өкініш. Сондықтан кейде қаржылай пайдадан гөрі, өнердің халыққа жетуі маңыздырақ деп санаймын.
Менің тақырыптарым әлеуметтік мәселелермен байланысты болғандықтан, интернет арқылы шетелдегі өнер өкілдерімен байланыс орнады. Ал өз елімізде суретшілердің нақты қалай дамып жатқанын, күнделікті тұрмысы қалай екенін терең білмеймін.
ЖУРНАЛИСТИКАҒА ТҮСКІМ КЕЛЕТІН…
– Әкеңіз Құрманғазы Қараманұлы туралы ел аузындағы есті естелік жетерлік. Жалпы, өмірдегі және өнердегі таңдауларды әкеңізбен ішкі диалог арқылы өлшейтін сәттеріңіз бола ма? Ал, кішкентай Аңсаған мен әке арасындағы байланыс қандай болды?
– Әкем інім Қанағат екеумізді кішкентай кезімізден қатты қадағалап өсірді. Әсіресе қазақша сөйлеуге ерекше мән беретін. Телефонмен сөйлесіп отырсақ та, «қазақша сөйлеңдер» деп түзетіп отыратын. Біз «арғы жақтағы адам орысша сөйлейді ғой» десек, «түсінеді, қазақша сөйлеп үйретіңдер» дейтін.
Сол тәрбиенің әсері шығар, үйде қазақ тілі әрқашан бірінші орында болды. Сурет мектебіне баруым да сол ортадан басталды. Негізі суретші боламын деген нақты арманым жоқ еді. Қай жерде мүмкіндік болса, соған бейімделіп кеттім. Сөйтіп жүріп сурет салуды үйреніп алдым.
Ал негізгі ойым журналистикаға түсу болатын. Өйткені үйдегі әңгіменің бәрі журналистика, баспасөз, кітап жайында өрбитін. Соның ішінде өсіп, соны көріп қалыптастым.
Әкемнің тағы бір әдеті – мақал-мәтелдерді, ойлы сөздерді кішкентай қағаздарға жазып, үйдің көзге түсетін жерлеріне іліп қоятын. Кейде қазақтың нақыл сөздерін, кейде шетел классиктерінің ойларын қазақшаға аударып жазатын. Сол жазулар әлі күнге дейін көз алдымда тұрғандай. «Не істесең де ойланып істе, ойланбай істесең – қор боласың», «Ана тілің — бақытың» деген сияқты сөздер бала кезден санаға сіңіп қалған.
Кез келген сұрағым болса, әкеме қоятынмын. Тарих сабағынан түсінбеген жерлерімді де одан сұрайтынмын. Ол кейде оқулықтағы деректермен келіспей: «Бұл дұрыс емес, шын мәнінде былай болған» деп өз нұсқасын айтып беретін. Тіпті «тақырыпты айт, өзім түсіндіріп берем» деп шай үстінде-ақ сабақ өткізіп отыратын.
– Сіз үшін шабыт көзі не?
– Бұрын психолог кабинеттері қазіргідей кең таралмаған кез. Ол уақытта адамдар өз мәселесін, ішкі мұңын газеттерге жазып жеткізетін. Газет редакциясы кейде нағыз сенім білдіретін, сыр айтатын орын сияқты болатын.
Әсіресе әйелдер өзі бастан кешкен ауыр жағдайларын хат арқылы жолдайтын. Көк ала қойдай болып келгендерін де көрдім… Сол кездерде анам «Ақ босаға» газетін шығарып жүрген еді. Редакцияға өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамдар келсе де, анам оларды тыңдап, тыныштандырып, кейде тамақ беріп, сабырға келтіріп жіберетін.
Күйеуінен жәбір көріп келген әйелдер де болатын. «Қайда барамын?» деп шарасыз күйде келетін. Кейде түнейтін жері де болмай, жағдайын айтып келген адамдарды анам далаға шығарып жібермей, көмектесуге тырысатын. Сол сәттерде мен оны түсінбей, тіпті ішімде қызғаныш та болатын.
Үйге қайтқанда: «Неге бөтен адамдарға сонша көмектесесің? Неге киіміңді, ақшаңды бересің?» деп сұрайтынмын. Редакцияда қосымша киімдер тұратын. Кейбір келушіге сол киімдерді беріп жіберетін кездер де болатын. Анам болса: «Сен әлі жассың, түсінбей тұрсың. Кей адамдар өте ауыр жүк арқалап жүреді», — дейтін.
Қазір ойласам, ол кезде шешім қабылдауға мен араласа алмасам да, ең бастысы – адамды сол сәтте жалғыз қалдырмау екенін түсінемін. Кейде бір сөздің өзі біреудің өмірін өзгертіп жібереді.
Мысалы, мен салған «Баланы түсік тастау» тақырыбындағы суреттен кейін маған екі адам хат жазды. Олар: «Сіздің суретіңізді көргеннен кейін баланы өмірге әкелуге шешім қабылдадым, түсік жасатпадым» деді.
Осындай хаттарды оқығанда көзіме еріксіз жас келеді. Бәлкім, менің жұмысымның ең үлкен мәні де – адамдардың ішкі шешіміне әсер ете алуында шығар.
– Оқырмандарға айтар жылы лебізіңіз болса…
– Астанадағы Ұлттық музейде менің көрмем 19 мамырға дейін ашық. Келіп көруге болады. Арасында өзім де барып тұрамын. Әлеуметтік тақырыптағы жұмыстарым сатылмайды – олар ой тастау үшін жасалған. Егер, ұлттық нақыштағы киімдерді аламын деушілер болса, қолжетімді. Киім таңдағанда ұлттық өрнекке қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Ал, оқырмандарға амандық тілеймін. Жүрегіміз бен жүйкемізді сақтайық дегім келеді.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Замира АХМЕТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!