Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ШЫҢҒЫСНАМА» тарихи дастаны жырланды

19.05.2026, 20:07 23

Бүгін Қызылорда аспанында ұлттық рух пен тарих сахнада қайта тіріліп, аймақтың мәдени өміріндегі бірегей оқиға — «Шыңғыснама» тарихи дастанын жырлау кеші өтті.

Жыраулар үйінде ұйымдастырылған шара барша өнерсүйер тыңдарман мен зиялы қауымның басын қосты.

Рухани кеш биыл жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Алмас Алматовтың 70 жылдық мерейтойына орай арнайы таңдалып, көрермен назарына ұсынылды.

«Шыңғыснама» дастаны – ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы Ұлы Дала тарихын, көшпелі ұлыстардың бір ту астына бірігуін, елдік пен заңға адалдықты суреттейтін бірегей эпикалық шығарма.

Кеште Сыр бойы жыраулық мектебінің белді өкілдері «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Руслан Ахметов, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, халықаралық байқаулардың лауреаты Әділхан Қуанбаев, «Құрмет» орденінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Тоғжан Өтенова сахна төрiне шықты. Олар тарихи дастанның ең маңызды тарауларын арнайы шежірелік реттілікпен жырлап, көрерменді ғасырлар қойнауына жетеледі.

Кештің қорытынды бөлімінде Жыраулар үйінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Амандық Бүрлібаев сөз алып, өнерпаздарға шынайы алғысын білдірді және Алмас Алматовтың 6 томдық еңбегін салтанатты түрде табыс етті.

Жыр кеші – жай ғана концерт емес, ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық код пен жыраулық мектептің ғылыми-шығармашылық симбиозын көрсететін үлкен рухани тағылымға айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: