Дос КӨШІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Біріншіден, белсенділік – мінезден, сондықтан бұл сұраққа біржақты жауап беруге болмайды. «Қауіптілік» туралы сұрақтың астарында сол «мінезді адамның» көзқарасы, ұстанымы жатқан сияқты.
Мысалы, «Аmanat» партиясында да, немесе билікті көзін жұмып қорғайтын жандардың ішінде де белсенділер жеткілікті, бірақ олардың белсенділігі өздеріне «қауіп» әкелуден гөрі, пайда беретін сияқты…
Ал билікке жақпайтын, олардың қытығына тиетін мәселені қозғайтын, қоғамдық-саяси бағытта белсенділік көрсетіп жүрген жандардың жағдайлары мүлдем басқа. Олардың белсенділігі – биліктің пайымдауынша, ертең әлеуметтік, не саяси бағыттағы жарылысқа алып келуі мүмкін, сондықтан билік тарапы сан түрлі жолмен (заңды, заңсыз) олардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюға тырысады. Бұл – демократия орнамаған барлық дерлік авторитарлы, тоталитарлы, әкімшілік-әміршілді жүйедегі елдерде бар, ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат. Сондықтан, біздің еліміздегі осы бағытта белсенділік көрсетіп жүрген азаматтардың кез келгені «белсенді болуы – қауіпке бас тігу» деп айта алады деп ойлаймын. Бірақ белсенділіктің ерекшелігі сол – қауіпті көре отыра, жазаға ұшырай отыра өздерінің белсенділігін тоқтатпайды, жалғастыра береді.
80-жылдардың соңында біз де белсенді болдық. Тоталитарлы билікті өзгертеміз, коммунизм идеологиясынан құтыламыз, Тәуелсіздік аламыз деп қоғамдық-саяси өмірге араластық. Сол жолда біреуіміз қызметімізден айырылдық, енді біріміз үйсіз-күйсіз қалдық, тағы біреуі бостандықтан айырылса, кейбір жан өмірлерін берді. Әрине, біздер бұндай қауіптің болатынын білдік, бірақ алдымыздағы мақсат сол қауіптен жоғары болатын. Демек, азаматтардың белсенділігіне тұғыр болатын екі мәселенің бірі – мақсатына деген сенім. Екінші сүйеніші – қоғамның, халықтың қолдауы. Бізге осы екіншісі жетпей жатыр ма деп қорқамын…
Енді бір ауыз сөз – белсенділіктің бейнесі жөнінде. Өкініштісі сол, бізде «айғайшыл», «ойбайшыл», мәселені терең түсінбей «аттан» салғыш белсенділіктің түрі басым. Бұл – мен ойлаған белсенділік емес. Белсенділікті саналы, байыпты, ұстамды қалыппен жүргізген дұрыс. Өзіңнің ұстанған бағытыңның дұрыстығына сенсең, тұрақты түрде жұмыс істей білуің керек. Екінші өкініш – біздің қоғамда «айтқыштық белсенділік» басым да, нақты жұмыс істеу, құрылым жасау, саяси-қоғамдық күштерді топтастыру сияқты практикалық жұмыс істеу бағытындағы белсенділік жоқтың қасы.
Жазып алған Н.АҚПАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!