Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында шомылу маусымы ресми түрде 15 маусымда басталады. Биыл өңір екі миллионнан астам туристі қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Алакөл ауданы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Тасқын Бекмұрзаевтың айтуынша, көл жағалауында 320 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 270 нысан Ақши ауылында, ал 50 демалыс орны Көктұма ауылында орналасқан.
Маманның сөзінше, Алакөлге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы өңірдегі орналастыру орындары 1,7 миллионнан астам демалушыны қабылдаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллион адамға жеткен.
– Биылғы маусымда Алакөл екі миллионнан астам туристі қабылдайды деп күтілуде, – деді Тасқын Бекмұрзаев.
Қазір көл жағалауында шомылу маусымын ашуға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Демалыс орындары, қонақ үйлер мен өзге де туристік инфрақұрылым нысандары келушілерді қабылдауға әзірленіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, Алакөл Қазақстандағы ішкі туризмнің ең танымал бағыттарының бірі болып қала береді. Жыл сайын мұнда көлдің бірегей табиғаты, дамыған туристік инфрақұрылымы және отбасылық демалысқа қолайлы жағдайлар қызықтырған миллиондаған турист келеді.
Айта кетейік, маусым айынан бастап Балқаш пен Алакөл бағыттарына қосымша пойыздар қатынай бастайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!