Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер
Арал ауданы Абай елді мекеніне ауызсу қосу рәсіміне қатысты.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған актив қаражаты есебінен 8 млрд. теңгеден астам қаржыға жүзеге асты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.
«Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, Нұрлыбек Машбекұлының тиімді ұйымдастыруымен облыс бюджеті 809 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды.
Даму бюджеті соңғы 4 жылда 4,3 есеге артты. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті мәселелерін шешуге, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды.
Бүгінде облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған.
Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандырып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін 85 пайызға жеткіземіз.
Таза ауызсу ауылдықтардың тұрмыс сапасына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз.
Бүгінгі игілік барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ел ағасы Иманбай Әйтімов ақ батасын берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауылға ауыз су тартқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде Абай елді мекеніне дейінгі 51 шақырым және елді мекенішілік 32,9 шақырым ауызсу желісі тартылып, 297 су құдығы орнатылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге су апару үшін 400 шығару нүктесі монтаждалды.
Енді Абай елді мекенінің тұрғындары сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
@ Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!