Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақ» ішесіз бе, қымыз ішесіз бе?

07.06.2026, 22:30 44

 HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Раушан күйеуі Мирастың туған күніне сыйлықтар алғысы келді. Ол кіші маркетке кіріп бара жатып: «Несі бар? Көңіл көтерсін. Бір шөлмек арақ алайын. Арақты қойдым деп еді, соны байқайын» деп ойлады.

– Маған мас қылмайтын арақ беріңіз, — деді ол сөрелердегі тізіліп тұрған ішімдіктерге көзін «жұмсап жіберіп».

– Бәрі мас қылады.

– Анау тұрған қандай арақ?

– «Зың-зың».

– Мынау ше?

– «Дың-дың».

– Оның қасындағы?

– «Қазақ».

– О тоба, «Қазақ» деген арақ шыққан ба? Өзімізді өзіміз қорлап, өзімізді өзіміз таптап…

– «Шошқа боласың!» деген арақ та шыққан.

– Ойбай, керек емес.

– «Өй, шешеңнің…» деген арақ керек емес пе?

– Немене шешеңнің?

– Мұны ішкендер бір-бірін тек боқтайды.

– Құрып кетсін, «Қазақтан» бере қойыңыз.

Раушан Мирасқа тауық сорпа пісіріп бергісі келіп:

– Мына тауықтың сирағынан беріңіз, — деді.

– Бізде «Мақтаншақ», сосын «Өтірік патриот» деген атпен сатылатын тауық сирақтары бар.

Раушан дереу ішінен ойлады. Сонда: «Қазақ мақтаншақ, өтірік патриот болып шығады екен ғой?».

– Неге «Мақтаншақ?»

– Мақтанып, минут сайын жұмыртқалай беретін тауық тұқымынан.

Ол келесі дүкенге кіріп, ағылшын тілінде «Мен ақымақпын!» деген жазуы бар футболка, әрбіріне «Домалақ, домалақ» деп жазылған грек жаңғағын. «Махаббат» деген торт алып, көшеде келе жатты. Телефоны арқылы таксиге тапсырыс беріп еді, бүйірінде «Лақтырып тастаймыз!» деген такси жетіп келді. Жүргізуші мұртты жігіт екен, Раушанның заттарын жүк салғышқа лақтырып тастай бастады.

– Ақырын, торт бар, торт.

– Біз тек лақтыра береміз.

Раушан таксиге отырып, үйінің жанына келгенде:

– Осы жерден тоқтай салыңыз, — деді. Такси жүргізушісі есікті ашып, Раушанды көтеріп алып, ақырын ғана лақтырып жіберді. Мұндай сұмдықты көрмеген әйел құлап қала жаздап:

– Мұныңыз не? — деп сұрады.

– Халыққа қызмет.

– Мен сізге зат емеспін ғой!

– Көрмейсіз бе? «Лақтырып тастаймыз!» фирмасынанмын. Жолақыны төлеңіз.

Раушан екі мың теңгені лақтырып жіберіп, заттарын көтере, үйіне қарай беттеді. «Не болып кетті? Қазақстан Мазақстан болып кеткен бе?» деп ойлап күйініп келеді. Үйге келген соң «Мақтаншақтан» сорпа пісірді. Сосын легенге тәтті нан, донер және «Қазақты» қойып, Мирастың алдына қойды.

– Туған күніңмен, Мирас! — деді Раушан, – Саған «Қазақ» әкелдім.

Мирас бөтелкеге қарап қалды.

– Мен қазақ екенімді білмей жүр екенмін.

– Не?

– Осы уақытқа дейін қазақ ұлтынан екенімді туу туралы куәлігіме қарап анықтайтынмын. Енді араққа қарап анықтайтын болдым.

Раушан күліп жіберді.

– Ұнамай қалды ма?

– Ұнағанда қандай! Ертең бір кәсіпкер «Профессор» деген темекі шығарады. Арғы күні «Академик» деген энергетик шығады. Сосын халық білімге ұмтылмайды, дүкенге ұмтылады.

– Сен бәрін кекете саласың.

– Жоқ, өзің ойлашы. Бір ішкіш әйеліне мас болып келіп: «Қазақ» іштім дейді. Ал қазақ сөзі – біздің ұлы ұлтымыздың атауы. Сонда әйелі түсінбей қалып: «Кейбір қазақ қазақтың қанын ішіп жүр ғой» деп ауыр күрсінетін болады.

– Сосын?

– Бастығы сұрайды: «Мына ішімдікке қандай ат қоямыз?» деп сұрайды. Анау ойланып-ойланып: «Қазақ» дейді. Бастығы орнынан атып тұрып: «Міне, дарын! Міне, маркетинг!» деп оған сыйлық береді.

Раушан тағы күліп жіберді. Мирас күлімсіреп:

– Мен ішімдікті қойып кеттім ғой, — деді.

– Шын ба? Қай жерге? — деп күлді Раушан.

– Тоңазытқышқа, — деп әзілдеді Мирас, – Раушан, мен арақты қойып кеттім ғой. Енді тек, қымыз…

– Мынаны не істейміз?

– Білмеймін.

Ол бөтелкені қолына алып, біраз қарап тұрды. Жұтынып қойды…

– Неге қарап қалдың? — деп сұрады әйелі.

– Қазақтың жағдайына қарап тұрмын…

Сосын ол бөтелкені теріс қаратып қойды.

ПЫСЫ: Сурет көрнекілік үшін. Осы бейнені көрген соң идея туды…

Мұхтар ШЕРІМ,

Шымкент қаласы

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: