Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мен тірі өлікпін…»

29.10.2026, 10:55 49

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(Пәкістанда ағылшын тілінде жарық көргелі жатқан «Мейірімді тирандар» сатиралық романымнан үзінді!)

Жер дронын қолға түсірген Бақытжан бизнесінің бұдан да бетер асып-тасып, кастрөлдің сыртына төгілетін сүт сияқты елестетті. Өйткені ғалым Нұрасыл жасаған жер дроны жер астымен зуылдап, пәлен ғасырда сүйегі қурап кеткен скелеттің өзіне капсуласынан әлдебір сұйықтық шашып, тірілітіп алатын еді. Жігіттері арқылы бір-екі адамға ғана жарнама жасаған болатын. Офисінің терезесінен қарап еді, масқара, кезекке тұрғандардың ұшы көрінбейді. Тіпті Премьер-министрдің өзі кезекте тұр! Одан кейін тұрған облыс әкімін, прокурор мен сотты байқап қалды.

«Бұлар қайдан естіген? Шынымен сеніп келіп тұрғаны ма?» деп ойлаған ол:

– Келесі кім? — деп қалды.

Берік пен Жұман бір әйелді кіргізді. Әйел:

– Жер дроны жер астымен барып, күйеуімді тірілте ала ма? — деп сұрады.

– Иә. Ақшасын төлесеңіз болды.

– Сол үшін несие алдым ғой. Күйеуім оңбаған адам екен!

– Олай болса неге тірілткіңіз келді? — деп сұрады Жұман.

– Күйеуім – қатынқұмар адам!

– Өте дұрыс болған, — деді Берік.

– Көңілдесі бір бала туып алыпты.

– Демографияға қосылған үлес, — деп Бақытжан күліп қойды.

– Сол көңілдесі екеуміз күйеуімнің артында қалған коттеджге таласып, соттасып жүрміз. Келіп мәселені шешіп кетсін!

– Ақшасын төлеңіз де, күйеуіңіздің аты-жөнін Берікке жаздырып қойыңыз. Бір сағаттан кейін күйеуіңіз тіріліп келеді. Сыртта күтіңіз.

Әйел шығып кеткен соң Бақытжан:

– Премьер-министр мен облыс әкімін шақырыңдар, ұят болды, — деді.

– Шақырдым. Кезегіміз келсін дейді…

– Келесі кім? — деп айғайлады Бақытжан.

Берік пен Жұман бір ақсақалды кіргізді.

– Отырыңыз ақсақал, жасыңыз қаншада?

– Сексен сегізде.

– Әкеңізді тірілткіңіз келе ме?

– Жоқ.

– Әйеліңізді ме?

– Жоқ.

– Не үшін келдіңіз?

– Кластастарымды тірілтіп берші, тоқсан жылдық тойыма шақырайын деп едім…

– Болды ақсақал, кластастарыңыздың аты-жөнін жаздыртып кетіңіз.

Шал таяғына сүйеніп, сыртқа шығып кетті. Бір кезде қарапайым болып көрінген Премьер- министр келді. Бақытжан ұшып тұрып, есіктің алдынан қарсы алды.

– Ойпырмай, сізді келеді деп ойламадым, бірден кіре бермедіңіз бе?

– Қашанда халықпен біргемін.

– Әкеңіз немесе анаңызды тірілткіңіз келді ғой деймін, премьер мырза…

– Жоқ, мені тірілтесің.

Бақытжан Жұманға, Жұман Берікке, Берік терезе жаққа қарады.

– Қалай сонда?

– Ажалым жетіп өлген соң, бір жылдан кейін мені тірілтесің.

– Сосын?

– Халық мен туралы не дейді? «Ел үшін түк бітірген жоқ, жалған уәделер берумен келді» деп жамандайды ма, әлде «Ұзақ отырды, керемет Премьер» деп мақтайды ма, соны естігім келеді…

– Ойбай-ау, ол жағын қатырамыз! Сіз онсыз да өте жақсы премьерсіз.

– Ақысына тендерді конкурссыз «жеңіп» аласың.

Бақытжан премьерді есік алдына дейін қолпаштап шығарып салды. Кешікпей облыс әкімімен ілесіп, қала прокуроры мен сот төрағасы кірді. Бақытжан олардың алдына қазы-қарта мен жал-жая, қымыз, қымыран алдыртып, дастарқан жайды.

– Мені де тірілтесің, — деді облыс әкімі.

– Ойбай, қалай сонда? — деп сұрады Бақытжан.

– Мен тірі өлікпін.

– Қойыңыз.

– Өз атыма жекешелендірмеген нысан қалмапты. Тәуелсіз «Барыс» басылымы мен туралы «Облыс әкімі өлген адам. Ол халық үшін тірі өлік» деп жазыпты. Сондықтан мені тірілтсең, ақысына Шымкент қаласын жекешелендіріп беремін…

Прокурор сөз алды:

– Менің орнымда қызмет істеп жүріп, жол апатынан қайтыс болып кеткен бұрынғы прокурорды тірілтуің керек.

– Айтсаңыз болды, бұрынғы прокурор қимас досыңыз ба еді?

– Жоқ, бірдеңе сұрайын деп едім. Айта салайын, қызметте әділ болу үшін не істеуім керек еді…

Соттың сауалы қызық болды.

– Менің айтпағым, дұрыс емес шешім шығарғаным үшін сотталған адам түрмеде асылып өліп қалыпты. Соны тірілте қойшы, кешірім сұрайын деп едім. Түсіме кіріп, мені қылғындыра береді…

– Орындаймын!

«Тірі өлік» шіреніп отыр. Бәрі шіреніп қалыпты…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: