Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Чемодан жауған күн

13.11.2026, 15:10 51

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Менің атым – Бұқабай,

Атым менің – Бұқабай! — деп әндетіп отырған Бұқабайдың ұялы телефоны да «Сенің атың Бұқабай, неғып жүрсің, бұқадай?» деп әндеткендей шырылдап қоя берді.

– Иә, досым, құлағымды қағып ал, саған қарай лақтырдым, — деді Бұқабай.

– Құлағыңды қағып алдым, тыңда.

– Не болып қалды?

– Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінен доллар жауып жатыр.

– Қар жауып жатыр десеңші.

– Жоқ, кәдімгі доллар! Чемодандар жауып жатыр.

– Ауа райы қызық болып барады.

– Сенбей тұрсың ба? Астанаға тез жет!

– Өй, ауысыммен жұмыс істеп жүрмін. Ертең жұмыс.

– Не істейсің?

– Бір миллионердің күзетшісімін!

– Байып шыға келесің! Бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы мен «Самұрық қазына» қорының басқарма төрағасы ұсталды.

– Мұны неге айтып тұрсың?

– Доллар жаудырған «ірі шенеунік бұлттар» екен дейді жұрт.

– Олар неге ақша жаудырып жатыр?

– Тыңдашы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері шенеуніктердің пәтерлерін тексеріп жатыр екен. Бірінен сегіз чемодан доллар шығыпты. Шенеуніктер ақшаны тығып үлгермей, терезеден лақтырып жатыр дейді. Жұрт қай балконнан чемодан жауатынын бағып жүр. Біреулер қолшатыр ұстап алған, біреулер қап әкелген. Тіпті біреуі «Долларды бірінші рет ұстайтын болдым!» деп айғайлап жүр!

– Қой-е? Өтірік шығар?

– Тез ұшақпен ұш! «Ауа райының болжамы» бойынша ертең де ақша жауады екен!

«Байназардың азғантай ақшасына алданып неге жүрмін?» деп ойлаған Бұқабай кеше алған айлығын ұшаққа жұмсап, Астанаға асығып жетті. Досының үйіне жеткенше аспанға қараумен келді. Тіпті аспанға қарап келе жатып адамдарға, көліктерге соғылып, рұқсатсыз өліп қала жаздады. Досына жолығып, екеуі көпқабатты «Атлант» тұрғын үй кешені маңына келсе, Құдайым-ау, мұнда аспанға қарап қалған адамдар тола екен! Бәрі аспанға қарайды, ақша жауатын сәтті күтіп жүр.

– Бүгін ақша жаумайтын шығар. Үйде жеті балам бар. Бір чемодан түссе, біреуіне мектеп формасын, біреуіне етік алып берер едім. Қалған бес балама чемоданның өзін бөліп берсем де, қуанып қалар еді… — деді пәтер жалдап жүрген көпбалалы ана.

Бір кісі:

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Самұрық Қазына» басшылары ғой ақша жаудырған. Олар пәтерлерін тексеру кезінде ақша толы 8 чемодан лақтырыпты. Енді кім лақтырады екен? — деді.

– Бұл ақшалар – халықтың көз жасы, — деді тағы бірі.

– «Самұрық Қазынаның» күнде кофе ішіп, круассан жейтін топ-менеджерлері қашан ақша жаудырады екен? — деді үшінші біреу.

– Алты миллиондай долларға үш миллион стақан кофе ішуге болатын еді, — деп есептеді бір пысық.

– «Қазақстан темір жолы» компаниясы – тек жемқорлар дайындайтын университет, — деп тағы бір данышпан аспанға қарап қалды.

Бұқабай болса «Е, Құдай, ақша жаудыра гөр! Мейлі, тиын жауса да, алып қайтамын!» деп ойлады ішінен.

– Мойным ауырып кетті. Аспанға сен қарай тұршы, — деді досы Долларбек.

– Балконнан жауатын шығар?

– Иә.

– О, чемодан жауды!

Бұқабай құлап қалып, адамдардың астында мыжылып қала жаздады. Жұрт чемоданға қарай лап қойды. Бірі Бұқабайдың үстінен аттап өтті, екіншісі аяғымен кеудесін басып кетті. Үшіншісі оны чемодан екен деп, тұтқасы бар ма деп жан-жағын сипалай бастады.

– Ойбай, өлдім! Үстімнен аттап кетіңдерші! — деп бақырды Бұқабай.

– Мына чемодан сөйлейді екен! — деді әлгі адам таңғалып.

– Чемодан емес, адаммын!

– Онда неге жолдың ортасында жатырсың? Тұтқасын қайда тығып қойдың?

Ол Бұқабайдың қолынан ұстап, сүйрей жөнелді.

– Әй, жібер! Мен чемодан емеспін!

Бұқабай айғайлап жатқанда, әлгі адам оны аударып-төңкеріп қойып, чемоданның құлпын іздегендей арқасын түрткілеп кетті. Досы Долларбек орнынан тұрғызбағанда Бұқабай бір жапырақ доллар сияқты жалпайып қалар ма еді… Аш-жалаңаш халық чемоданды ары тартып, бері тартып, ақырында айырып тастады. Ішінен ер адамның киімдері шашылып қалды: 15 шұлық, 10 галстук, 18 шалбар, 1 тарақ, тіс щеткасы, жалаңаш қыздың суретін көргендер аспанға қарады. Балконнан басын қылтитқан бір әйел:

– Оңбаған күйеуімді үйден қуып шықтым! Барсын, көңілдесіне! — деп тұр.

Бір месқарын еркек жұртты кимелеп келеді, бұтында шалбары да жоқ, бірақ галстук тағып алыпты. Чемоданның айырылып кеткен бір бөлігін қолтығына қысып, есеңгіреп кетіп барады. Бұқабай жерге бір түкірді:

– Долларбек, қане, ақша жауғаны? — деп сұрады.

– Бүгін шалбар жауатын күн екен ғой… — деп міңгірледі досы.

Сол күні Бұқабай досынан қарызға ақша сұрап, «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты пойыздың әбден тозған ескі вагонында көңілсіз әндетіп келе жатты:

– Менің атым – Бұқабай,

Қайда ұштың доллар-ай…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: