БҮГІНГІ САТИРА
(«Жыбырлауық кітап» сатиралық романымнан үзінді)
Әдебиетте Мемлекеттік сыйлықты сатып алған, «Бермесеңдер бір дөкейге айтамын!» деп жатып алған Шимайбек Халтурин сықақшы-жазушы Мұхтар Шерімнің «Жыбырлауық кітабына» кішірейіп кіріп кеткен соң, қызықтың көкесі, шытырман оқиғаның шешесі, абсурдтың әжесі басталды! Ол кітаптағы «Есекбастар елінде» тарауына есекбас болып кірген еді ғой.
Шынында шырттай киініп, мойнында қырық жыл бұрын сатып алған қызыл галстугі желбіреген жазушының тек басы ғана есектің басына айналып кеткен еді. Ой, айтпақшы, шалбарын жыртып, кәдімгі есектің құйрығы өсіп шыққанын өзі де кейін байқады.
– Мен қайда топ ете қалдым? — деп сұрады ол бір есек әйелді тоқтатып.
Есек әйелдің де мүсіні керемет екен, қыпша бел, бірі үлкен, бірі кішкентай қос анары, мойнындағы алтын шынжыры бірден көзге оттай басылады екен. Ал басы… Басы кәдімгі есектің басы… Ұзын құлағына алтын сырға тағып алыпты. Добалдай жалпақ ерніне баттастырып, қызыл далап жаға салғанын қайтерсіз? Ол Шимайбекке көзін сүзе қарап тұрып:
– Есекбастар еліне келдіңіз, — деді.
– Кітап ішіндегі ме?
– Иә, кітап сыртындағы елді көрген емеспін.
– Атыңыз кім?
– Гуля. Шын есімім – Гүлесек.
Шимайбек есектер елін емін-еркін аралады. Елдің астанасы Есекстан деп аталады екен. Айнала жайылып жүрген есектер, қойлар мен ешкілер, шошқалар… Тіпті түйелер де жүр. Бірақ сіз шын мәнінде осы жануарлар жүр екен деп ойлап қалмаңыз. Бәрінің о бастан адам екендері анық, мойынға дейін кәдімгі адам денесі, ал ары қарай есекбастар, шошқабастар, ешкібастар, түйебастар, сиырбастар, жылқыбастар…
Шимайбек есекбастар парламенті ғимараты жанынан өте берді. Мұнда есекбас депутаттар отыр: «Қойларға қалай ақырамыз?», «Шөп, жоңышқа қымбаттап кетті», «Көп қозылы қойларға жәрдемақы беріле ме? Африка қойлары жәрдемақы сұрамайды екен» деген сұрақтарға жауап таба алмай, милары мипалау болды. Шимайбек «Жануарлар мәдениеті» министрлігіне кірді. Министр сақалды ешкі екен.
– Есекбастар жазушылар одағының төрағасы болғым келеді, — деді ол.
– Атыңыз кім?
– Шимайбек.
– Ол не?
– Есімім.
– Жоқ, сіз бүгіннен бастап Есекбас Дымбылмесұлысыз.
– Бола салайын.
– Жем жейсіз бе?
– Жеп көрген емеспін.
– Жазушысыз ғой?
– Иә, «Гитлердің тырнағы», «Шыңғысхан СПИД-пен қалай ауырды?» кітаптарының авторымын
– Біз кітап оқымаймыз.
– Неге?
– Ешкібастармыз, есекбастармыз…
– Жұмыс іздеп жүр едім.
– Қала әкіміне барыңыз.
– Онда кім отыр екен?
– Ешкібас. Бақыра береді.
Министрліктен шыққан Шимайбек қала әкіміне келді. Шынында ешкібас тым семіріп кеткен екен. Көк костюмі су жаңа. Тек басы ешкінің басы. Бақыра береді, бақыра береді…
– Ба-а-а, ба-а-а, кебектің өзі қымбаттап кетіпті! «Қалаға жылу неге берілмейді?» дейді қойлар. Бір-біріне жылы сөйлесе, жылынып жүре береді ғой. Соны да білмейді, қойбастар! Сіз маған келдіңіз бе? — деді ешкібас әкім. Оның миында тек жем жеу, қарамағындағыларға бақыра беру еді.
– Иә.
– Сүйрейтін арба сұрап келдіңіз бе? Сендер есекбастар, сұрағаннан басқа не білесіңдер? Тайып тұрыңыз! — деп бақырды әкім ешкі.
Шимайбек сыртқа шығып еді, Гүлесек күтіп тұр екен. Көзін қысып қояды… «О, тоба, мына есек маған ғашық болып қалғаннан сау ма?» деп ойлаған ол құйрығын бұлғаңдатып, езуіне темекі қыстырды…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!