БҮГІНГІ САТИРА
(«Жыбырлауық кітап» сатиралық романымнан үзінді)
– Адам емес, адам екенсің ғой!
– Ойбай, не болды?
– Кітапты сілкілей бермеші! — деген алтын іздеп жүрген кішкентай кейіпкердің басы кітаптан салбырап кетті де, қайтадан тырмысып, кітап ішіне кіріп кетті.
– Ал сен не істеп жүрсің? — деп сұрады жазушы.
– Өзі жазып алып, өзі білмейтін қандай жазушысың? Алтын іздетіп қойдың ғой.
– Кітаптан бері шық, әңгіме бар.
– Шықпаймын, өзің кел.
– Мен жазушы Мұхтармын ғой.
– Болсаң қайтейін? Жүрегіңді жұлып алып, сүйе берейін бе?
– Алтыныңды шаша бермесең еді.
– Ал сен кітапты сілкілей берме. Ойбай, сілкілеме деймін!
Алтын іздеген кейіпкер кітап ішінен салбырап түсіп қала жаздады, бірақ өлермен екен, қайтадан кітап ішіне кіріп кетті.
– Ұрыспа маған.
– Неге ұрыспаймын? Үш күн болды ғой кітапты сілки бересің. Қасыңдағы қасын жыбырлатып тұрған кім?
– Досым. Профессор.
– Ол мен туралы «Кітаптан алтын ұнтағы төгіліп жатыр!» деп мақала жазып үлгеріпті. Немене қолы қышып бара ма? Қолы қышыса, ыстық суға салсын! Енді саған қиын болады.
– Неге?
– «Байысам ғой, ақша санап жатып ұйықтап кетсем, сосын ояна салып, тағы санай берсем, санай берсем ғой!» деп ойлаған боларсың. Енді миллионер боласың, сосын Құдай болсам дейсің. Ал миллионерлерде мәселе көп.
– Маған өте байып кеткен ұнамайды. Шіренейін десем, белім ауырады. Аспанға қарап жүрейін десем, құлап қаламын…
Кенет профессор Асан Мұхтардың қолынан кітапты жұлып алып, кітапты шайнап жеп қоярдай аузына тақап айғайлады:
– Әй, дүниеқоңыз! Біз сенің алтындарыңды жинап алып, жетім-жесірлерге таратамыз!
Кітап ішінен:
– Өтірік айтпашы! — деген дауыс шықты.
– Алтынбек, атың да алтыннан басталады екен. Заңсыз алтын іздегеніңді қойсаң еді.
– Ойбай! Досың ғой роман жазып отырған.
Бір кезде құйтақандай ғана Қатира кітап ішінен сырғанап түсті. Сырғанап түсті де, профессорға қарап жымиды.
– Ағай, қалай жағдайыңыз?
– Жақсы айналайын.
– Аға, кафеге барайықшы.
– Кафеге?
– Иә.
– Ойбай-ау, сен өте кішкентайсың. Қалай болар екен?
– Қызық болады…
Профессор жазушы досына қарады. Досы иығын көтерді. Бір кезде Қатира қайтадан кітап ішіне кіріп кетті. Өйткені профессор күйеуін іздеп Сара кіріп келген еді…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!