Адамзат бұрын дерттен қорқатын. Қазір дерттің өзінен емес, оның белгісінен үрейленетін жағдайға жетті. Тамақтан улансақ та, шаршасақ та, көңіл күй түссе де, ұйқы қашса да, алғашқы іздейтініміз – дәрі-дәрмек. Қазіргі адамның өмірінде таблетка күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналып кеткендей. Біреу жұмысқа кофе мен энергетиксіз бара алмайды, енді бірі дәрумен ішпесе, өзін әлсіз сезінеді, ал кей адам тыныштандырғышсыз ұйықтай алмайтын күйге жеткен.
Бүгінде дәріхана тек ауру адам баратын орын емес. Керісінше, күйзелістен шаршаған адамның да, арықтағысы келетін жанның да, иммунитетін көтергісі келетін ата-ананың да, өзін интернет арқылы «емдеп» жүрген адамның да тұрақты мекеніне айналған. Бұрын дәрі соңғы амал болса, қазір алғашқы шешім. Бұл медицинаның дамығанының белгісі ме әлде қоғамның табиғи иммунитеті мен медициналық сауаты әлсірегенінің көрінісі ме? Ағзаны дәрі-дәрмекпен алдайтын, дәріхана саны азық-түлік дүкенінен көп заманда қолдан уланған ұлтты қалыптастырып жатқан жоқпыз ба? Ал, осы ауырып ем іздегенді қоя бергенде, аурудың алдын аламын деп ажалды аңғармай қалған жандардың жағдайы қаншама? Кім кепіл? Кім кінәлі? Мәселе дәл осы тұстан басталмақ…
АҒЗАСЫН АЛДАЙТЫН АДАМДАРМЫЗ…
Әмбеге аян, соңғы жылдары әлемді жаулаған өзін-өзі емдеу мәдениеті біздің қоғамда да қауіпті деңгейге жетті. Адамдар дәрігердің кеңесін күткісі келмейді. Тиісінше, Google мен TikTok қазір көпшілік үшін ақ халатты маманнан жақынырақ. Біреуге әсер еткен дәріні екіншісі де ойланбастан қабылдай береді. Әлеуметтік желіде миллион қаралым жинаған емдік кеңестер, жарнамаланған дәрумендер, тез нәтиже уәде ететін препараттар халық санасына дәріні қалыпты тұтыну заты ретінде сіңіріп жатыр.
Өкініштісі сол, бүгінгі бұқара денсаулықты өмір салты арқылы емес, таблетка арқылы «басқаруға» болатынына сенуде. Шаршадың ба – витамин іш. Ұйықтай алмайсың ба – препарат қабылда. Күйзелдің бе – тыныштандырғыш бар. Иммунитет әлсіреді ме – түрлі қоспа дайын. Адам ағзасы табиғи жүйе десек те, сырттан реттелетін механизм секілді қараудамыз. Ал мұның артында фармацевтикалық тәуелділікке айналған процесс тұр.
Әрине, дәрі – адам өмірін сақтап қалатын ең маңызды жетістіктің бірі. Бірақ кез келген препарат – ағзаға араласу. Оның жанама әсері, салдары, тәуелділік қаупі болады. Алаңдатарлығы да осы, біз қазір дәрінің пайдасын ғана көріп, оның көлеңкесіндегі қауіпті елемей жүрміз. Бәлкім, біз аурудан емес, дәрінің өзін қалыпты өмір салтына айналдырып алған қоғамнан қорқуымыз керек шығар?!.
Жоғарыда атап өткеніміздей, біз аурудан емес, аурудың симптомдарынан қорқамыз. Алдын аламын деп ағзаны алдаймыз. Осылайша ағзаны автоматты түрде үреймен аурудың алдын алуға үйретеміз. «Қалай?» дейсіз ғой, әлбетте, жарнаманың жылтыры мен әлеуметтік желідегі әлеуметті алдайтын кей алаяқтың арқасында…
Егер, дәрігердің бақылауымен жүргізілетін ем-дом болса, түсінікті ғой. Бірақ бүгінгі қарбалас тірлікпен терлеп жүрген тіршілік иелері дәрігердің қабылдауы мен оның ем-шарасына уақыт тауып баруы екіталай. Ұзын-сонар кезек, одан қалды, бітпейтін есіктер мен тесіктер…
Ал, жұмысбасты жұртшылыққа бұл жаға қоймасы анық. Солайша, қазіргі қолжетімді құралдың көмегімен, яғни әлеуметтік желіні жарып жатқан жарнамаға жүгінетіні рас. Айтпағымыз – интернеттегі емге жүгіну. Ал, бұл ретте дәрі-дәрмектің ағзаға қалай әсер беруі, тіпті жанама әсері әр ағзаға әртүрлі болуын ескеріп жатқан жан жоқтың қасы. Әрине, бұл жерде дәріханаларда қолжетімді рецептісіз сатылатын дәрілерді айтудамыз. Ал, дәрігер нұсқаулығымен берілуі тиіс дәріні өз бетінше сатып алған да және оны сатқан адам да заңға қайшы әрекет қылуда. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, өмір мен өлім арасына қылкөпір қалап бергенімен бірдей.
Қазір қаланың қай көшесіне бұрылсаңыз да, жарқыраған жасыл крест пен тәулік бойы жұмыс істейтін дәріхананы көресіз. Бір кездері тек ауру адам баратын орын саналған дәріхана бүгінде күнделікті өмірдің тұрақты нүктесіне алмасқан. Таңертең кофеханадан бұрын дәріханаға кіретін, сөмкесінде ауырсынуды басатын дәрі жүрмесе өзін «қауіпсіз» сезінбейтін адам көбейді. Денсаулық мәдениетінің өскені деп қабылдасақ, тиісінше, адамның өз ағзасына деген сенімінің әлсіреп бара жатқанын аңғартатыны тағы бар.
Бүгінгі адам ауырмауға емес, тез қалпына келуге тәуелді болып алған. Ұзақ демалыс, дұрыс ұйқы, қалыпты тамақтану секілді табиғи қажеттіліктердің орнын біртіндеп түрлі препарат басуда. Ашығын айту керек, адамдар дәріні ем ретінен бөлек, күнделікті тіршілікті сүйреп жүрудің құралы ретінде қабылдай бастады. Қазіргі адам ағзаның дабылын тыңдамайды, тек оның үнін уақытша өшіруге тырысады. Мұның астарында тек уақыт тапшылығы ғана жатқан жоқ. Өкінішітісі сол, бұл – қазіргі өмір салты қалыптастырған психология. Бүгінгі орта адамнан үнемі өнімді болуды, шаршамауды, әлсіремеуді талап етеді. Ал адам ағзасы табиғатынан мінсіз механизм емес. Ол шаршайды, күйзеледі, әлсірейді. Бірақ қазіргі тіршілік ырғағы мұны қалыпты қабылдауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан адамдар табиғи қалпына келудің орнына, өзін дәрімен ұстап тұруға бейімделген.
Фармацевтикалық нарық та осы әлсіздікті өте дәл пайдаланып отыр десек артық емес. Қазір денсаулық ғана емес, адамның қорқынышы да сатылатын тауарға айналғандай. «Иммунитетіңіз әлсіз», «дәрумен жетіспейді», «ағзаңыз шаршаған» деген мазмұндағы жарнамалар адам санасында тұрақты алаңдаушылық қалыптастыратыны анық. Соның нәтижесінде, дәрі біртіндеп қажеттілік емес, психологиялық тәуелділікке айналуда.
Бәлкім, бүгінгі адамның ең үлкен трагедиясы да ағзасын тыңдауды ұмытқандығында шығар. Себебі қазіргі орта ағзаны үздіксіз «жөндеп отыруды» қалыпты өмір салтына айналдырып алған.
МАҚСАТ – МАКСИМАЛДЫ ПАЙДА ТАБУ
Бүгінде ауруды анықтау, алдын алу және емдеу түрінде сипатталатын медициналық күтім – әлемдегі ең табысты өнеркәсіп пен сауда салаларының бірі. Фармацевтика – әлемде табысы мол үшінші өнеркәсіп. Бұл саланың иелері жыл сайын дәрі-дәрмек, витамин мен түрлі биологиялық белсенді қоспалар сату арқылы миллиардтаған доллар пайда көреді. Фармацевтикадан табыстырақ кәсіп пен сала жоқ деседі. Алайда бұл табыс адамдар ауырғанда ғана қолға түседі. Әлемнің түкпір-түкпірінде науқас адамдар барда, фармацевтикалық компанияларға сатып алушы да жетерлік болмақ. Сол себепті кейбіреулердің сенімінше, осы саланың иелері аурулардың толық емін табуға немесе олардың алдын алу туралы ақпараттың таралуына мүдделі емес. Жаһан жаңалықтарындағы неміс дәрігері Матияс Раттың пікірінше, фармацевтикалық компаниялардың негізгі мақсаты – максималды түрде пайда табу деген болатын.
– Жаһандық фармацевтикалық өнеркәсіптің шынайы болмысы – аурулардың тамырын тауып, жою және алдын алу емес, созылмалы аурулардың көмегімен көбірек ақша табу. Аурулардың жалғаса түсуі бұл саланың қаржылай мүддесіне сай келеді. Өйткені оның мақсаты – дәрі-дәрмек нарығын дамыту. Сондықтан аурулар мен дерттердің себептерін анықтап, жоятын дәрілер емес, олардың белгілерін сырттай басатын дәрілер өндіріледі. Фармацевтикалық тресттер әлемнің түрлі жерінде тоқтаусыз геноцид жасап, миллиондаған адам мен жануарға сынақ жүргізіп, оларды жойып жатыр, — дейді неміс дәрігері М.Рат.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАРЛЫҚ ПА?
Елдегі дәріхана бизнесінен бұрын, аймақтағы ахуалға назар салуды жөн көрдік. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен байланысып, сауалдарымызға жауап алдық.
Алдымен облыс көлемінде қанша дәріхана бар? Лицензиялық талап сақталған ба? Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің заңсыз таратылуы турасында да біраз ақпар тарқатуын сұрадық.
Басшының міндетін атқарушы Жанерке Жақсылықтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасында фармацевтикалық қызметтің жекелеген кіші түрлері бойынша жарамды лицензиясы (рұқсат құжаты) бар объектілер тіркелген. Атап айтқанда, дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу бағытында 265 дәріхана мен 93 дәріхана пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар, дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу қызметі бойынша 18 дәріхана қоймасы тіркелген.
– Өңірімізде заңсыз фармацевтикалық қызмет фактілері бойынша төмендегідей әкімшілік шаралар қабылданған. Оның ішінде, 2024 жылы 7 заңсыз қызмет фактісі тіркеліп, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 424-бабы 1-бөлігі бойынша 7 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 147 680 теңге өндірілді. Ал, 2025 жылы 3 заңсыз фармацевтикалық қызмет фактісі анықталып, аталған бап бойынша 3 хаттама рәсімделіп, 58 980 теңге өндірілді. Сонымен қатар, лицензиялау талаптарын бұзу бойынша 1 дерек тіркеліп, ӘҚБтК-нің 464-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылып, 314 560 теңге айыппұл салынды. 2026 жылдың алғашқы 4 айында 1 заңсыз фармацевтикалық қызмет фактісі анықталып, 43 250 теңге өндірілді, — дейді Ж.Жақсылық.
Сондай-ақ, «соңғы 6 ай көлемінде сапасыз немесе тіркелмеген дәрілік заттарды анықтау фактілері тіркелді ме? Тіркелсе, нақты саны мен түрлері қандай?» деген сауалға да статистикалық жауап алдық.
Департамент дерегінше, соңғы алты ай ішінде ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы және Бас прокурордың келісімі негізінде Қызылорда облысында прокуратура органдарының талаптарына сәйкес стоматологиялық ұйымдарға тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 5 стоматологиялық ұйымда Қазақстан Республикасы аумағында тіркелмеген және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілмеген медициналық техника мен бұйымдар анықталған. Аталған деректер бойынша ӘҚБтК-нің 426-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сот қарауына жолданған. Сот шешімімен әрбір ұйымға 550 480 теңге көлемінде айыппұл салынып, олардың қызметі 1 ай мерзімге тоқтатылған. Сонымен қатар, тіркелмеген және рұқсат етілмеген медициналық бұйымдар толықтай тәркіленген.
Бұл ақпарат әрине, алаңдауға негіз барын көрсетеді. Десе де, денсаулықты дәріхананың дәлізімен ғана дәріптеуші кей жұрттан аймақ бойынша ешқандай арыз-шағым түспепті-мыс. Яғни, дәрілік препараттардан улану, зиян шегу жағдайлары соңғы 3 жылдықта тіркелмеген, тіпті жоқтың қасы дейді статист мамандар.
ДӘРІГЕРСІЗ ДӘРІ – КЕЙІНГІ ДӘРМЕНСІЗДІК
Жоғарыда атап өткеніміздей, емді өз бетінше қабылдайтын ағзалар әдетте өте әлсіз келеді. Ал, оның салдары мен зиянын ескерусіз қалдыратынымыз да өкінішті. Нұсқаулықсыз дәрі қабылдау кез келген препаратқа қатысты қауіпті, бірақ кейбір дәрілік топта бұл тәуекел әлдеқайда жоғары екені ұмытылып барады. Себебі олар ағзаның негізгі жүйелеріне тікелей әсер етеді және қате қолданылса, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Осы ретте, дәрігердің дерегіне көз жүгіртейік. Білікті маман, терапевт дәрігер Ұлбике Амантайқызымен тілдескен едік.
– Ең алдымен антибиотиктерді айту қажет. Мәселен, амоксициллин, азитромицин сияқты кең таралған антибиотиктерді өз бетінше қолдану өте қауіпті. Дәрігердің бақылауынсыз ішілген антибиотик инфекцияны толық жоймай, бактериялардың төзімділігін одан әрі арттырады. Соның салдарынан кейінгі емдеу әлдеқайда күрделенеді. Яғни, келесі ем дозасы артады. Тиісінше, әсері де басқа, ағза да әлсіздікке бейім болады.
Екінші маңызды топ – қан қысымын реттейтін дәрілер. Мысалы, эналаприл, лозартан, амлодипин сияқты препараттар. Бұл дәрілердің дозасы аздап қате болса да, қан қысымын шамадан тыс түсіріп жіберуі немесе керісінше бақылаусыз қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдай жүрек-қантамыр жүйесіне тікелей қауіп төндіреді. Ал, үшінші топ – ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы дәрілер. Ибупрофен, диклофенак, кеторолак сияқты препараттарды жиі әрі бақылаусыз қолдану асқазанның шырышты қабатын зақымдап, ішкі қан кетуге дейін жеткізуі мүмкін. Көп адам бұл дәрілерді ауырсынуға арналған қарапайым таблетка деп қабылдайды, бірақ олардың әсері жеңіл емес. Төртінші қауіпті топ – гормоналды препараттар. Оның қатарында преднизолон, дексаметазон сияқты дәрілерді өз бетінше қолдану ағзаның гормондық тепе-теңдігін бұзады. Тиісінше, салмақ қосу, иммунитеттің төмендеуі, қант деңгейінің өзгеруі сияқты күрделі салдарға әкелуі мүмкін, — дейді дәрігер.
ТҮЙІН. Дәрі – адам өмірін ұзартатын ғылыми жетістік. Бірақ кез келген жетістік оны қолдану мәдениеті бұзылған сәттен бастап өз мәнін жоғалта бастайды. Бүгінгі негізгі мәселе де осында. Қоғамда фармацевтикалық қолжетімділік артқан сайын жауапкершілік пен сақтық мәдениеті қатар күшеюі тиіс еді. Алайда тәжірибе бұл тепе-теңдіктің сақталмай отырғанын көрсетуде. Дәрі-дәрмек диагностика мен дәрігерлік бақылаудан ажырап, қарапайым тұрмыстық құралдың бір тетігінің деңгейіне түсіп бара жатқандай…
Ендігі сұрақ: «денсаулықты дәріхана бизнесінің айналымына айналдырып жіберген жоқпыз ба?!»
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ.
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!