Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кірмеші жиі түсіме…

07.06.2026, 21:55 31

 HALYQLINE.KZ

КЕЛ,  КҮЛЕЙІК!

Соңғы кезде түсіме шолақ басшылар жиі кіріп жүр. Құрғыр, төбемді оятындай шошып оянамын. Емшіге қаралып едім, «бұл – дефицит түс» деп жақсыға жорып отыр. Оған да шүкір. Өңімде өткір көздерін өңменіме қадайтындардан ұйқыда да құтыла алмадым. Түсіме кіріп алып әңгіртаяқ салғысы келеді. Шынымды айтсам, бір күні түс көріп жатып уәде бергіш суайт басшыны жағынан шапалақпен тартып жібердім. Беті бүлк етпей бірдеңені қарық қылатындай баяғы әуеніне басып отыр. Қалай ұрмайсың?..

Бүгін жұмыстан шаршап келіп көк көпшікке басым тиген бойда ұйқыға кеттім. Түсімде шеті көрінбейтін базарда жүрмін. Төбесінде «Бос орындар» деп жазылған дүңгіршекке жақындадым.

Көзі бадырайған бір қара келіншек алдымнан шықты. Сатушы екен. Жүзі таныс. Бірақ, мені танығысы келмей теріс қарап тұр. Сәлден кейін жуан мойны әрең бұрылды. Шамалы ішіңкіреп алыпты.

— Сәлеметсіз бе? Қандай кеңес керек?

— Бұл жерде не сатылады?

— Бос орындар.

— Қандай? — деп, таң қалдым.

— Қызметтен кеткен және кетуге дайын тұрған адамдардың креслолары сатылады, — деді, ол басын қайқаңдатып.

— Ойпырмай, әкімнің креслосы бар ма? — дедім, бір жеріме қарамай.

 Ол мырс етіп күліп жіберді.

— Әкім болу оңай емес.

— Әрине білем ғой. Күндіз-түні халықтың қамын ойлау керек. Әділ, шыншылдық қажет.

— Ол орынды сатып алуға ақшаң жетпейді деймін.

— Жай сұрап жатырмын.

— Сені бір жерден көрген сияқтымын, — деді ол.

— Көп жерден көрген шығарсыз. Жарайды, басқа бос орындар бар ма?

 -Аудан мен ауыл әкімдері бар, келесі аптада мекеме басшылары да табылып қалады. Қазір қызметтен кетіп жатқандар көп.

 — Қолынан түк келмейтіндер шығар?

— Ол жағын білмеймін. Мамандығың қандай?

 — Мәдениет институтын бітірдім.

— Фуу…

— Сізге не болды?

— Өнер адамдарын көрсем, жүрегім айнып құсқым келеді.

— Аяғыңыз ауыр ма еді?

— Кімнен?

— Оны мен қайдан білейін, өзіңіз білесіз ғой.

— Саған не керек? — деді сатушы ашуланып.

— Қандай орын бар?

— Жақында театр директорының орны босады.

— Ол қанша тұрады?

— Тегін.

— Неге?

— Сол, — деп, әлгі келіншек дік ете қалды. Екі көзі аларып ұясынан шыға жаздады. Қасымызда қарт кісі тұр еді. Ол былай деді:

— Ой балам-ай, мәдениет ошақтарының бейнеті көп қой. Ұлттың құндылығы мен ұлылығын сақтап келе жатқан солар. Шығармашылық адамдарын бағалап жатқан кім бар? Мұндай еңбегі еленбейтін орындарды ешкім сатып алмайды, — деді қария.

Ұйқыдан оянып кеттім. Жалпы, қызметтің сатылмағаны дұрыс қой. Япыр-ай, осы менің түсіме кірмейтін пәле жоқ…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: