БҮГІНГІ САТИРА
(«Қытықтаса, қашып кетеді» сатиралық жаңа романымнан үзінді. Роман аты уақытша)
Оның басына бақыт құсы қонды деген осы. Бақыт құсы оның басынан ұшып кетпей, етпетінен жатса арқасына, шалқасынан жатса үрілген шардай қарнына қонғандай еді. Ол – Құрылтай депутаты! Депутат! Түсінде костюмінің жағасына, жеңіне, арқасына депутаттық төсбелгісін тізіп тағып алыпты.
Олжастың көзі ілініп кеткен екен, таңғы тоғыз жарымда оянды. Қабырғадағы сәнді сағатқа қарап, орнынан тез тұрды. Қолын жайып жіберіп керілді. Майкасын түріп қойып, кіндік тұсын тыр-тыр қасыды. Мұрнын саусағымен қысып қойды. Қолын алға созып, отырып, тұрды. Сосын асүйге барып, газ плитада ашуланған әйелдей бұрқылдап қайнап тұрған шайды үстел үстіне қойды. Газды өшіруді де ұмытпады. Душ бөлмесіне кіріп, ваннада рақаттанып шомылып жатқан еді. Бір кезде шомылып болған Олжас ішкиімін киіп, ақ халатын жамыла салып, есікті итерді. Ашылмады. Тағы итерді, ашылмады. Басымен соқты. Ашылмады. Арқасымен итерді. Болмады. Cөйтсе ванна есігінің кілттеніп қалғанымен қоймай, бұзылып қалыпты.
– Ақбота! — деп айғай салды.
Әйелі жұмыста ғой.
–Үйде кім бар?
Тыныштық.
– Мен қамалып қалдым. Құрылтайда ант қабылдауым керек! Кешігетін болдым!
Ол кешелі бері ант мәтінін жаттап алған еді. Соны қайталады. «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, нығайтуға, нығайтуға… ант етемін!» Мәссаған! Ұмытып қалыпты!
– Құрыдым! Кешігетін болдым! Есік неге ашылмай қалды?
Тыныштық.
– Әй, есік, депутатқа ашыл деймін!
Есік тыңдамады.
– Мен сені орныңнан алып, басқа есікті осы жерге тағайындаймын!
Есік үндемеді.
– Сотқа беремін!
Олжас есікті бар күшімен соғып, итеріп қалып еді, есік өзінен-өзі ашылып кетті. Жүгіріп келіп, қабырғадағы сағатқа қарады. Он бір! Ант қабылдау басталды! Енді қайтті? Дереу галстугін мойнына іле қойып, шомылудан кейін киетін ақ халатымен гаражға келді. Жақында ғана жөндеуден шыққан джипіне отыра қалып, артқа қарай жүрді. Аула қақпасын автоматты пультпен ашып, сол артқа жүрген бойы көшеде зымырай жөнелді. Көшеде джип келеді, бірақ артына қарай жүріп келеді. Жұрттың бәрі оған таңғалып қарады, оларға таңғалуға Олжастың уақыты жоқ. Құрылтай сарайына жеткен бойда джипінен домалап түсіп, Құрылтайдың мәжіліс залына кіріп келді. Үстінде – халат, мойнында – галстук, аяғында – тәпішке.
Ол кіргенде «Олжас Сұлтанұлы!» деп хабарланып жатқан еді. Халатының етегі желбіреп, сидиған сирағы жылтырап, мінберге қарай жүгірді. Депутаттар оған опера әншісі келгендей таңырқай қарады. Бір депутат:
– Бұл кісі қай фракциядан? — деп қалды.
Жанындағы:
– Білмеймін. Бірақ халаты тәуелсіз сияқты, — деді.
Төраға микрофонмен дауыстады:
– Олжас Сұлтанұлы, сіз неге халатпен келдіңіз? — деп сұрады.
– Халықпен жақын болу үшін, — деді Олжас мінберге жете беріп, галстугін түзеп қойды.
– Ал галстук не үшін?
– Билікпен жақын болу үшін.
Ол жөткірініп алып, ант қабылдай бастады: «Қазақстан халқына. Қазақстан халқына. Солай ғой. Сөйтемін ғой. Халықпен біргемін ғой. Бәріңмен біргемін ғой… ант етемін!» деп міңгірледі. Сөзінің соңында: «Кешіріңіздер, кешігетін болған соң, душтан шыға салып осында жеттім. Осы күйімде отыра беруге рұқсат етіңіздер» деді.
Депутаттар жаңбыр жауғандай шатырлатып қол соқты. «Міне, халатымен халықпен бірге!» деп қалды бір депутат. Құрылтай төрағасының аузы ашылып қалыпты. Ол да еріксіз қол соқты… Ал Олжас болса ештеңеден ұялмай, (ұят лимиті таусылып қалған) бос тұрған орнына келіп отырды. Жанында отырған депутат әйел оған таңырқай қарап еді, бұл ыржиды.
– Сіз осылай депутат болдыңыз ба? — деп сұрады әйел.
– Жоқ. Мен бұдан да жақсы жағдайда болғанмын.
– Қандай жағдайда?
Олжас қырсығып жауап берді:
– Тәпішкем жоқ еді.
Депутаттар ол туралы кулуарда да сөз етіп жатты:
– Тәпішкесі де халықтық екен.
–Тіпті шашы да қарапайым! Таралмаған.
Сол күні Олжас депутаттық төсбелгіні халатына тағып қайтты…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!