(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)
Қыз «кет әрі» емес, өйткені менің болашағым керемет қой! Әлден-ақ комсомол хатшысымын!
– Раушан, алтыным, КПСС орталық комитетінің қаулысындай сенімдімін, өзіңді комсомол ұрандарындай сағынатын болыппын! — дедім мен барынша байсалды көрінгім келіп.
– Сіз маған ұнайсыз… Бірақ анам…
– Не дейді?
– Алдап кетіп жүрмесін. Әбден зертте дейді…
– Владимир Ильич Лениннің «Не істеу керек?» («Что делать») деген еңбегі есіме түсті. Шынында не істейміз? Саған үйленсем бақыттымын.
– Білмеймін.
– «Коммунизмге — сеніммен» демекші, махаббатқа да сеніммен қарайық. «Ұлы Октябрь – жеңістің бастауы» болса, махаббатымыз отау құруымыздың бұлағы. Комсомол – партияның құлағы. Менің махаббатым марксизм – ленинизм идеяларына, Лениннің және партияның қаулыларынан нәр алған, өзіңе комсомолдық рухта үйлену – асыл мұратым.
– Жай сөйлеңіз, түкірігіңіз шашырап кетті…
– Мұның өзінде коммунистік идея жатыр, жаным, — деп тізесінен сипаладым. – Өлә, — деді ол.
– Шымкент жақтансың ба? — деп сұрадым мен.
– Иә.
– «Өлә» дей берме, тізеңнен сипалағаным, комсомолдық сұраныс…
Жүрегім Карл Маркстің «Капиталындай» ұрып тұр…
– Қызық сөйлейді екенсіз.
Оның бұл сөзін «икемге келе бастады» деп ойладым. Бірақ шыны керек, Қыз Жібекті жақсы көрген Төлегендей ғашық болдым деп айта алмаймын. Бір жағы күдіктеніп қоямын: «ертең ректорға арыз жазып жүрсе, бүкіл карьерамнан айырылып қаламын-ау! Институт комсомол ұйымының хатшысы екенімді кейде ұмытып кете беремін. Е, несі бар, хатшы да еркек! Оның үстіне бойдақ. Қызды кім сүймейді, сорпаны кім ішпейді?».
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!