Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Иә!» десе болды…

18.08.2026, 14:50 33

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Аузының дуасы бар ма, оны өзі де білмейді, бір күні танысы көшеде жолығып қалып:

– Ертең бастық болсам ғой, — деді. Қойтан әзілдеп:

– Иә, боласың, — деді. Ертеңіне танысы тары жегендей тақылдап тұр:

– Сенің аузың дуалы екен, бастық болдым!

Содан кейін Қойтан бұл қасиетін ақша табуға пайдалана бастады.

Көршісіне:

– Иә, сен бай боласың, — деді.

– Шын ба?

– Иә десем болды.

– Иә десеңші!

– Иә!

Сол екен, көршісі бір айдың ішінде бюджеттен ақша жымқырып, тез байып шыға келді. Оның бұл қасиетін естіген біреу келді. Шікірейіп, аспанға қойған «тіреу» келді.

– Мен Құрылтай депутаты боламын ба? — деп сұрады езуіне темекі қыстырып.

– Иә.

– Шын ба?

– Иә.

Сол екен, әлгі шіренген адам Құрылтай депутаты болып шыға келді. Ол Қойтанға рақметін де айтпады. Кешікпей телеарналар мен газет тілшілері «Иә десе болды!» деп Қойтанды жарнамалады дейсіз! Үйінің алдында кезекке тұрғандарда есеп жоқ! Тіпті бір ер адам жылап жіберді:

– Әйелім он жыл болды бала көтермеді. Бізде бала бола ма?

– Иә.

Тоғыз айдан соң әлгі кісінің әйелі ұл босанды. Көршісінен…

Бірде бір миллионер келді.

– Менің дұшпаным бар, — деді ол, – аты Мыжбан. Сол өле ме?

«Жоқ» деп айтқысы келді. Бірақ бір миллион ақша берген соң «Иә» дей салды. Алдындағы салаттан жей салды. Ой, Алла, ертеңіне миллионердің дұшпаны жол апатынан қайтыс болып кетті.

Құдайым-ау, ауылдардан да адамдар келетін болды. «Сиырым егіз туа ма екен?» деп сұрайды. «Иә, төртем туады» дейді бұл. Ертеңіне әлгінің сиыры төрт бұзау туады. Бір күні бір алқаш келді.

– Мен… мен министр боламын ба? — деп сұрады. Қойтан «Иә!» деді. Ішкіш өз үйінің «министрі» болып кетті. Ой, осыдан кейін саясаткерлер келді. Содан кейін министрлер келді. Содан кейін жемқорлар мен парақорлар келді. Содан кейін ол өзінің бір ауыз сөзінің адам тағдырын өзгерте алатынын түсінді. Бірақ мәселе басталды. Бір жігіт келіп:

– Мен атақты ұры болуға лайықтымын ба? — деп сұрады.

– Иә.

Сол екен, әлгі жігіт ұры атанып, бір айдың ішінде Қойтанның бүкіл байлығын – жинаған ақшасын, алтындарын ұрлап кетті. Сіздің мемлекет ұрысы болғыңыз келе ме? Мен де «Иә, немесе жоқ» деп айта аламын. «Честный партия әділетский!».

Мұхтар  ШЕРІМ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: