Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шымкенттік жазушының кітаптары АҚШ-тың 31 штатына жетті

28.09.2026, 15:20 53

Шымкентте тұратын жас ақын, жазушы әрі аудармашы Сүндет Сейітовтің кітаптары АҚШ пен Аустралия кітапханаларының қорына енді. Оның үш кітабы АҚШ-тың 31 штаты мен Вашингтондағы 198 ірі кітапхана жүйесінің каталогына енгізілген. Бұл жүйелер Америка бойынша 2 мыңнан астам кітапхана филиалын қамтиды.

Автордың айтуынша, ол мұндай нәтижеге мемлекеттік немесе жеке бағдарламалардың қаржылай көмегінсіз жеткен. Бірнеше жыл бойы халықаралық баспа мен кітап тарату жүйесін зерттеп, шетелдік ұйымдарға жүздеген хат жолдаған. Көптеген бас тартудан кейін ағылшын тіліне аударылған «Unforgotten» («Ұмытпас») өлеңдер жинағы, «Drone Show» («Дрон шоу») романы және тағы бір еңбегі америкалық кітапханалардың каталогына қабылданған.

«Unforgotten» жинағы Калифорния университеті мен Аустралия ұлттық университетінің кітапхана қорына да енді. Бұған қоса, кітап Аустралиядағы City of Belmont – Ruth Faulkner Public Library қорында оқырмандарға беріледі. 

— Қазақстанда жазылған романның мұндай деңгейдегі каталогтарда ресми бекітілуі – заманауи қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістіктегі кішкентай бір жеңісі деп білемін. Алда әлі бес континент бар, таяуда Еуропаға да жетеміз, — дейді Сүндет Сейітов.

Сүндет Сейітов 1998 жылы туған. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, шағатай тіліндегі әдеби мұраларды қазақшаға аударумен де айналысады. Қазір отбасымен Шымкент қаласында тұрады. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: