Қызылордада «Жас сақшы – болашақ ел қорғаны» атты спорттық-патриоттық сайыс өтті. «Arlan» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа облыстағы «Жас сақшы» полиция сыныптарының жеті командасы қатысты.
Сайысты Қызылорда облысы Полиция департаменті ұйымдастырды. Полиция сыныптарына қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан милиция лейтенанты Есентұрсын Бектұрсынов, милиция капитаны Кеңесбек Әбішев, милиция сержанты Қайрат Қалеков және полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімдері берілген.
Жарыстың ашылуында облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов жас сақшыларға сәттілік тіледі.
— Спорт адамды шыдамдылыққа, тәртіпке, табандылыққа және жеңіске деген жігерге баулиды. Ал осы қасиеттердің барлығы заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат үшін аса маңызды. Сіздер «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ретінде болашақта ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қорғауға үлес қосатын азамат болып қалыптасасыздар. Жарыс болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Сондықтан бүгінгі жарыста жеңіске ұмтылумен қатар бір-біріңізге құрмет көрсетіп, командалық рух пен достықтың үлгісін көрсетіңіздер, — деді Серік Ергешов.
Сайыс барысында оқушылар білімін, шапшаңдығын, ептілігі мен командалық дайындығын көрсетті. Қатысушылардың өнерін арнайы қазылар алқасы бағалады.
Жарыс қорытындысында I орынды Қызылорда қаласындағы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің командасы жеңіп алды. II орын Жаңақорған ауданындағы А.Абдуллаев атындағы зияткерлік мектебіне бұйырды. Шиелі ауданындағы М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің жас сақшылары III орыннан көрінді. Үш командаға Полиция департаменті бастығының кубогы табысталды.
Арнайы номинациялар да белгіленді. Арал қаласындағы №71 орта мектеп «Алғыр», Қармақшы ауданындағы О.Шораяқұлы атындағы №30 қазақ орта мектебі «Шапшаң», Жалағаш ауданы Есет батыр ауылындағы №124 орта мектеп «Жігерлі», Сырдария ауданындағы Т.Қозыбаев атындағы №131 мектеп «Белсенді» аталымын иеленді.
Сайыстың мақсаты – жасөспірімдерді спортқа баулу, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту, командалық жұмыс пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!