Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүниежүзі ғылымындағы қазақ жастары

01.10.2026, 6:20 21

Бір қазақ жасы Германиядағы зертханада судың  сапасын зерттеп жүр. Екіншісі Еуропаның ең ірі ғылыми орталықтарының бірі – CERN-ге жол ашылған жаңа бағдарламаның мүмкіндігін пайда­ланып, жоғары энергия физикасына ден қоймақ. Тағы бірі АҚШ-та қазақ тіліндегі жасан­ды  интеллект  жобаларын  дамытып   жүр.

Қазақстандық жастардың әлемдік ғылым кеңістігіне араласуы соңғы жылдары жүйелі сипат ала бастаған. 2025 жылы Астанада өткен «Отандас ғалым­дар форумына» әлемнің 12 елінен 40-тан астам қазақстандық ғалым жинал­ды. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Франция, Финляндия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа мемлекеттерде ғылым, технология мен инновация саласында еңбек етіп жүрген мамандар болды. Форумның негіз­гі ерекшелігі де осында: шетелдегі отандастардың жетістігін атап өтумен ғана шектелмей, олардың  Қазақстан  ғылымымен  байланысын  күшейту  мәселесі  көтерілді.

Мәселен, Еркебұлан Райымбеков пен Мақсат Қамбатыров Германия­дағы Мюнхен техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен қазақ­стандық жас ғалымдардың қатарында. Ресми мәліметке қарағанда, Ерке­бұлан Райымбеков – су сапасын мониторингілеу және сулы технологиялар зертханасының меңгеру­шісі, постдокторант, PhD. Ал Мақсат Қамбатыров – бизнес-инкубатор бөлі­мінің басшысы, постдок­торант, PhD. Екеуі де «500 ғалым» жобасы аясында Мюнхен  техника­лық  университетінде  зерттеу  жүргізген.

Бұл мысалдың қызығы, олардың жұмысы абстрактілі теориямен шектелмейді. Су сапасын бақылау, жаңа технологиялар мен зертханалық зерттеулер – Қазақстан үшін де тікелей маңызы бар бағыттар. Яғни, шетел­дегі тағылым­даманың құндылығы тек шетелдік диплом немесе ғылыми ортаға енуімен өлшен­бейді. Мамандар сол жерде қолданыла­тын әдістемені, зерттеу мәдение­тін және технология­лық тәсілдерді меңгеріп, кейін оны елдегі  ғылыми ортаға  алып  келу­ге  мүмкіндік  алады.

Ғылымның ең күрделі ба­ғыттарының бірі  бөлшектер физи­касында да Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Қазақстан мен CERN арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім 2018 жылы жасалған. 2026 жылы бұл серіктестікті кеңейту бойынша нақты тетіктер талқыланып, қа­зақ­стандық ғалымдардың CERN-­дегі ғылыми тағы­лымдамалар мен зерттеу бағдарламаларына қаты­суына мүмкіндік беретін механизм әзірленіп жат­қаны хабарланды. Бұл Үлкен адрон коллайдері сияқты халықаралық экс­перимент­терге  қатысуға  жол  ашуы  мүмкін.

Мұнда бір маңызды нәрсе бар. Әлемдік ғылымға араласу үшін міндетті түрде сол елдің азаматы болу немесе сол жерде өмір бойы қалу шарт емес. Ғылымның табиғатының өзі халықаралық ынтымақ­тастыққа  құрылған. Бір зерттеудің авторлары бірнеше мемлекеттен болуы, зертханалық жұмыстың бір бөлігі бір елде, деректер­ді талдау­дың екінші елде жүргізілуі қалыпты жағдай. Қазақ­стандық маман­дардың CERN-мен байланысы да осы халық­аралық  ғылыми  коопера­цияның  бір  мысалы.

Ал технология саласында жұмыс істеп жүрген қазақстандық жас­тардың бағыты бұдан да кең. Мәселен, ресми деректе АҚШ-тың Бос­тон қаласын­да еңбек ететін Алтынбек Мұратұлының қазақ тіліндегі жасанды интеллект бағытындағы жобаларға қатысып жүргені көрсетілген. Ол «AI&Нонотехнология» зертханасының ғылыми зерт­теушісі ретінде аталып, қазақ тіліндегі алғашқы жасанды интеллект туындылары ретінде ұсынылған «MIRASAI&SARAUEN» жобаларының  авторы  ретінде  таныстырылған.

Бұл жерде мәселе – технологияның өзінен гөрі оның не үшін қолданылатынында. Жасанды интел­лект туралы әңгіме көбейген сайын әлем­дегі көптеген компания мен зертхана жаңа модельдер, алгоритмдер мен цифрлық өнімдер жасауға ұмтылып жатыр. Ал қазақ тілінің осындай технологиялық ортада көрінуі тілдің цифр­лық кеңістіктегі болашағы үшін де маңызды. Демек, технология­ны меңгеру мен ұлттық мазмұнды сақтау бір-біріне кереғар  бағыттар  емес.

Білім беру саласында да шетелдік тәжірибені Қазақстанға жеткізудің  нақты  мысалдары  бар. Мысалы, қазақстандық ғалым  Ғалия Саржанова Ұлыбританияда ғылыми тағылым­дамадан өткен. Оның зерттеу бағыты білім беруді цифрландыру, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және психология­лық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырумен байланысты. Ресми мәлімет бойынша, оның жетекшілігімен Шихэцзы университеті мен Эдинбург университетімен бірлескен халық­аралық және отандық жобалар жүзеге  асырылып  жатыр.

Осындай мысалдарға қарасақ, шетелге кеткен жас маман­ды бірден «елден кеткен кадр» деп қарау жеткіліксіз. Оның қай жерде жүргенінен бұрын, не істеп жүргеніне назар аударған жөн. Бірі жаңа материалды зерттейді, бірі жасанды интеллектімен жұмыс істейді, бірі су технологияларын дамытады, енді бірі білім беру жүйесін цифрландырудың жаңа тәсілдерін іздей­ді. Олардың жұмысы Қазақ­станнан географиялық тұрғыда алыста болуы мүмкін, бірақ ғылыми нәтижесі халықаралық  орта  арқылы елге қайта келетін мүмкіндікке  ие.

Мемлекет те бұл бағыттағы бағдарламаларды кеңейтіп келеді. 2025 жылғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тармен айналысатын мамандар саны 28 374 адамға жеткен. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалым­дар құрайды. Сонымен бірге жас зерттеушілер­дің жоба­ларын қаржыландыруға және шетелдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне  арналған  бағдарламалар  жұмыс  істеп  тұр.

Сондықтан, бүгінгі қазақстандық жас ғалымның жолы­на бір ғана өлшеммен қарау қиын. Біреуі әлемнің жетекші  зертханасына  барып, жаңа әдісті үйренеді. Біреуі сол жерде ғылыми мақала жазып, халықаралық зерттеу тобына қосылады. Екіншісі шетелде жүріп-ақ қазақ тіліне арналған технология жасайды. Үшіншісі елге оралып, өзі көрген ғылыми ортаны жергілікті зерт­хана­ға  енгізуге  тырыса­ды.

Ғылымдағы бәсеке де осындай ортада қалып­тасады.  Бүгін әлемнің  бір түкпіріндегі зертханада отырған қазақ­стандық жас ертең елдегі студентке сабақ беруі, бірлескен жоба ашуы, жаңа зертхана құруы немесе отандық технологияның дамуына үлес қосуы мүмкін. 2025 жылғы «Отандас ғалым­дар форумы» да осы байланысты күшейтуге бағытталған: шетелде жүрген ғалымдардың зерттеулері таныстырылып, бірлес­кен ғылыми жобалар мен коллаборация  мәселелері  талқыланды.

Бәлкім, қазіргі жастарға үлгі болатын дүние де осында шығар. Әлемдік деңгейдегі ғылымға ұмтылу үшін туған елден алыстау міндетті түрде елден алыс­тау дегенді білдірмейді. Бүгінгі ғылым шекара­ға қара­майды, бірақ ғалымның алған білімін қайда жұмсайтыны маңызды. Әлемнің озық зертханаларында жүрген қазақстандық жас­тардың еңбегі елдің ғылыми әлеуетімен байланысқан сайын, олардың  жеке  жетістігі  ортақ  тәжірибеге  айналады.

А.АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: