Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Германияда саясат пен бизнестің басын қоспақ

29.09.2026, 11:10 47

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайер шақырған. Сапар бағдарламасына қарағанда, Берлиндегі саяси келіссөздер Мюнхендегі технология мен бизнеске арналған кездесулерге ұласады. 

Берлинде Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайермен және Германияның Федералдық канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізеді. Кездесулерде Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту жолдары талқыланады. 

Президент сапар барысында саясаткерлермен ғана кездесіп қоймайды. Оның бағдарламасында Германияның жетекші компаниялары мен қаржы институттарының басшылары, ғылыми-зерттеу орталықтарының жетекшілері және жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесулер бар. Берлинде Мемлекет басшысы бизнес-форумға қатысады.

Сапардың екінші бөлігі Мюнхенде жалғасады. Мұнда технологиялық бизнес-форум өткізу жоспарланған. Баварияның Экономика министрлігі жариялаған бағдарламада 30 қыркүйекте Бавария-Қазақстан экономикалық форумы өтетіні көрсетілген. Кездесуде технология, энергетика, инновация және сауда салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралады.

Тоқаевтың Германияға сапары 28 қыркүйекте басталды. Бұған дейін Қазақстан Президенті Берлинге 2019 және 2023 жылдары ресми сапармен барған, ал 2020 жылы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысқан. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: