Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алдағы жылдарға арналған ауқымды жобалар талқыланды

29.09.2026, 9:35 57

Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен кездесіп, алдағы жылдарға жоспарланған ауқымды жобаларды жан-жақты талқылады.
Аймақта әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, газдандыру, сумен және электрмен жабдықтау, жол, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салалары қамтылады.

Қызылорда қаласында жалпы құны 114,4 млрд теңге болатын 104 жаңа жоба әзірленді. Негізгі бағыттар – тұрғын үй, жол және көпір құрылысы, сумен және кәрізбен жабдықтау, газдандыру, абаттандыру, жарықтандыру және көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту.

Арал ауданында 194,3 млрд теңгенің 8 жобасын іске асыру жоспарланған. Олар өңдеу өнеркәсібі, логистика, жол бойындағы сервистік қызмет, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын өркендетуге бағытталған.

Қазалы ауданында 48,4 млрд теңгенің 52 жобасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Білім беру, газ және жылумен жабдықтау, кәріз жүйесі, автомобиль жолдары, электр желілері және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға арналған. Сонымен қатар 5,9 млрд теңгенің 5 жобасы әзірлену сатысында.

Қармақшы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 22 млрд теңгенің 16 жобасын іске асыру мақсаты қойылған. Жобалар ауыз сумен қамту, электр және газ желілерін жаңғырту, жол және әлеуметтік нысандар салу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мал шаруашылығын дамыту бағыттарын қамтиды.

Жалағаш ауданында 16 млрд 531 млн теңгенің 33 жобасы межеленіп отыр. Негізгі бағыты – газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды жөндеу және абаттандыру.

Сырдария ауданы 26,5 млрд теңгенің 32 жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінімдер ұсынған. Білім беру, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды жөндеу және абаттандыру жобалары алдағы жылдардың жұмыс бағытын айқындайды.

Шиелі ауданында 17,6 млрд теңгеге бағаланған 48 жоба бойынша бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Білім беру, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарға қатысты жобаларды жүзеге асыру межеленіп отыр.

Жаңақорған ауданында жалпы құны 607,8 млрд теңге болатын 8 ірі инвестициялық жоба көзделіп отыр. Олардың қатарында жеміс-көкөніс сақтау және өңдеу кешені, күн-электр станциясы, цемент зауыты, тауарлы сүт фермасы, Шалқия кен-байыту фабрикасы және полиметалл кен орындарын игеру жобалары бар.

Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өндірістік және инвестициялық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: