Адам өмірінің тең жартысы яки одан да көбі жол сапарда өтеді. Көлікпен немесе жаяу-жалпы болсын күніге жолда жүреміз. Қазіргі уақытта көлік логистикасы айтарлықтай дамыған. Бірақ…
Өкініштісі сол, көлік апаты салдарынан ажал құшып, денсаулығына айтарлықтай зақым келіп, мүгедек арбасына таңылған тағдыр қаншама?!
Еліміз бойынша жол құрылысы жылдан-жылға қарқынды жүргізіліп келеді. Десек те, бүгінде жол-көлік оқиғасы салдарынан көптеген адам о дүниелік болып жататыны – өкінішті жағдай. Ол – біреудің қаршадай баласы, ал біреуі – бір отбасының асыраушы арқасүйері. Үлкен қалааралық жолдарды айтпағанның өзінде, қалаішілік жолдардағы оқиғаларды естігенде есіңнен танып түсесің. Құлақ естіп, көз көріп жүр талайын. Кінә кімнен? Жүргіншілер тағатсыз ба, жоқ әлде жүргізушілер сауатсыз ба? Бүгін осы тақырып төңірегінде кеңінен қалам тербемекпіз.
ӘЛҚИССА
Әңгіме әлқиссасын арыдан бастайық. Бүгінде республика бойынша соңғы он жылдың көлемінде жол-көлік оқиғасы жалпы алғанда құбылмалы сипат көрсетеді.
Мәселен, 2016-2019 жылдары жарақат алғандар саны шамамен 5 мыңнан 4 мыңға дейін біртіндеп төмендесе, 2020-2023 жылдар кезеңінде 3-4 мың аралығында тұрақталып, ең төмен мәніне 2023 жылы (шамамен 3 мың) жетеді. Алайда 2024 жылдан бастап қайта өсім байқалып, 5 мыңға жуықтап, 2025-2026 жылдары күрт артып, 9 мың деңгейіне дейін жеткен. Қаза тапқандар саны бұл кезеңде айтарлықтай өзгермей, жыл сайын шамамен 295-410 адам аралығында құбылып отыр, яғни төмендеу тренді анық байқалмайды. Жалпы, онжылдық динамикада жарақаттану көрсеткіштерінің саны алдымен азайып, кейін қайта өскен. Жол-көлік оқиғасы кезінде қаза тапқандар саны әртүрлі деңгейде.
ОБЛЫСТА ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ ТӨМЕНДЕГЕН
Ал, Сыр өңірінде жағдай төмендегідей. 2016-2026 жылдар аралығында Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының динамикасы салыстырмалы түрде тұрақты. Бірақ белгілі бір кезеңдерде өсім байқалады. Атап айтар болсақ, 2016-2019 жылдары көрсеткіштер шамамен 90-120 аралығында өзгеріссіз сақталған. 2020-2022 жылдары сәл төмендеу немесе тұрақтану үрдісі байқалып, көрсеткіштер 70-90 шамасында болған. Алайда, 2023 жылдан бастап қайта өсім басталып, 2024-2026 жылдары 100-ден асып, шамамен 110-120 деңгейіне жеткенін байқауға болады. Жалпы алғанда, облыста жол-көлік оқиғаларының саны республикадағы жоғары көрсеткіштермен салыстырғанда төмендеген. Дегенмен, соңғы жылдары қайта арту үрдісі байқалады. Бұл өңірдегі көлік қозғалысының жандануымен байланысты болуы да мүмкін екені айтылады. Бәлкім, солай шығар.
Жалпы алғанда көлік адамға не үшін керек? Қандай қажетін өтейді? Жауап беріп көрейік. Бұл жүктер мен адамдарды бір жерден екінші жерге тиімді әрі жылдам және қауіпсіз жеткізеді. Көлік логистикасының мақсаты – жай ғана тасымалдаушы емес, ең аз шығынмен, ең қысқа уақытта және дұрыс бағытпен іске асырушы. Көлік логистикасында әртүрлі көлік түрлері қолданылады. Атап айтар болсақ, автомобиль көлігі – икемді, қысқа қашықтыққа ыңғайлы. Теміржол көлігі ауыр жүкке тиімді болса, әуе көлігі ең жылдам, бірақ бағасы қымбат және теңіз көлігі бар. Бұлардың қайсыбірі болмасын адамға қызмет көрсетуге арналған техника түрлері. Осылардың ішінде ең қауіпсізі – әуе көлігі, яғни ұшақтар қауіпсіз саналатын көрінеді. Екінші орында теміржол, одан соң теңіз, соңғы орында автомобиль көлігі тұрады екен. Соңғысына мінгендер сапарының соңғысы екенін білмейді көбіне. Жол-көлік оқиғасына түрлі фактор себеп. Соның ішінде ең әуелгісі – жүргізушінің көлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы.
«ЖОЛ ҚЫСҚАРТАМЫН ДЕП, ӨМІРІН ҚЫСҚАРТЫП ЖАТҚАН – ӨРІМДЕЙ ЖАСТАР»
Тақырып төңірегінде қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішевтің де пікірін білген едік.
Ардагердің айтуынша, жол қысқартамын деп өмірін қысқартып жатқандардың дені – жастар. Үлгеріп кетемін деп үзіліп жатқан өрімдей жастар – елдің ертеңгі үміттері.
– Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары елімізде ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл – расымен де қоғам алаңдаушылығын тудырып отырған жағдай. Осындай оқыс оқиғалардың салдарынан қаншама отбасы қайғыға душар болуда. Бұл – тек құқық қорғау органдарының назарындағы мәселе емес, әрбір отбасының тағдырына, қоғамның тұрақтылығына, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды жағдай.
Жол қауіпсіздігі мәселесіне немқұрайды қарауға болмайды. Жол-көлік оқиғасының әрқайсысының артында адам тағдыры тұрады. Өкініштісі сол, кейбір жүргізуші жол ережелерін елемей, жылдамдықты шамадан тыс асырып, мас күйінде көлік жүргізіп немесе ұялы телефонына алаңдап, өз өмірімен қатар өзгенің де өміріне де қауіп төндіреді. Мұндай жауапсыздықтың салдары орны толмас өкінішке алып келіп жатады. Бұл мәселені тек құқық тұрғысынан ғана емес, тәрбие және мәдениет тұрғысынан да қарастыруымыз қажет. Жолдағы тәртіп – адамның ішкі мәдениетінің айнасы. Егер әр азамат жол қозғалысы ережелерін айыппұлдан қорыққандықтан емес, адам өмірінің құндылығын түсінгендіктен сақтаса, көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет етуі тиіс. Біріншіден, жол инфрақұрылымын жақсарту қажет – сапалы жолдар, анық көрінетін белгілер, заманауи бағдаршамдар мен қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері болуы шарт. Екіншіден, жүргізушілерді даярлау жүйесін күшейтіп, олардың жауапкершілік деңгейін арттыру маңызды. Үшіншіден, мектеп қабырғасынан бастап балаларға жол қауіпсіздігі мәдениетін үйрету – болашаққа жасалған инвестиция. Әрбір жол-көлік оқиғасы бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Біз адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екенін ұмытпауымыз керек. Қоғам болып жолдағы қауіпсіздікке мән берсек, бір-бірімізге құрметпен қарап, жауапкершілік танытсақ, талай қайғылы жағдайдың алдын ала аламыз деп санаймын. Жолдағы тәртіп – заң талабы ғана емес, азаматтық сана мен адамгершіліктің көрсеткіші. Сондықтан әрқайсысымыз өзімізден бастап, жол мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуымыз керек, — дейді қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев.
«Атқа міндің – ажалға міндің» деген ата-бабалар өсиеті өмірімізге өнеге іспетті. Сол шапқан аттай зулаған көлік иелері көбіне бір-бірінен басып озамын деген бәсеке, «жалған намыс» салдарынан опық жеп жатады. Көзбен көріп тұрса да, басына түспей түсінбейтін не деген жауапсыздық дерсің. Көлік ішінде өзгенің тағдыры, әр адамның артында бір-бір отбасы барын сезінбейтін қандай көрсоқырлық – бұл.
«МАҒАН БІРДЕҢЕ БОЛСА, МҮГЕДЕК БАЛАМДЫ АСЫРАЙ АЛАСЫҢ БА?»
Жә, осы орайда естігенімді емес, көргенімді айтайын. Осыдан тура екі жыл бұрын болу керек. Арал ауданынан таксилетіп Қызылордаға келе жатырмын. Ауданнан үлкен жолға шыға бергеніміз сол еді, қасымыздан үлкен жүк көлігі ысылдап өте шықты. «Мына әтеңе нәлет қайдан келе қалды? Жаңа ғана жоқ сияқты еді ғой» деді жүргізуші сасқалақтап. Сәл қорқынышы басылған соң қайтадан көлік жылдамдығын арттырып, қаттырақ жүріп келе жатыр. Бір мезетте көліктің артқы жағында отырған ер адамның қатқыл дауысы бәрімізді селк еткізді.
– Жай айдасай, бауырым. Бағанадан бақылап келе жатырмын. Неше көлікті басып оздың?
– Сізге солай көрініп тұрған шығар. Негізі жай жүріп келе жатырмын.
– «Сақтансаң, сақтармын» деген.
– Әрине!
– Олай болса жүрісіңді баяулат, қарағым. Құдай сақтасын, маған жол үсті бірдеңе болса, үйдегі мүгедек баламды өмір бойы асырай аласың ба?
– Кешіріңіз, аға! Айып етпеңіз. Өте ауыр сөз екен. Мына сөзіңіз маған өмір бойы ақыл болады. Енді ешқашан қатты айдамаймын.
Бұл ешқандай ойдан шығарылған сөз емес, өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген, куә болған оқиға еді. Көлік жүргізсе, көзі көрмей қалатын «қанат бітетін» ақкөз адамдар жоқ емес, баршылық арамызда.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын қаншама жол апаты тіркеледі. Өкініштісі сол, олардың арасында адам өлімімен аяқталатын жағдайлар да аз емес. Әсіресе, қала мен ауданаралық тас жолдарда болатын апаттар аса ауыр салдарға әкелуде.
Қазіргі уақытта көлік ағыны өте көп. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі арқылы өтетін транзиттік көліктер саны да жылдан-жылға артып келеді. Ал бұл өз кезегінде, жасыратыны жоқ, жолдағы қауіп деңгейін айтарлықтай күшейтуде. Жол апаттарының негізгі себебі – жүргізушінің жауапсыздығы. Жылдамдықты шектен тыс арттыру, қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік жүргізу – мұның бәрі қайғылы жағдайларға әкеліп соғатын фактор. Өкініштісі сол, кейбір жүргізуші жол ережесін елемейді, ал кейбірі оны мүлде білмейді. Ұялы телефонға алаңдап, бір сәтке назарын жоғалтқан жүргізуші үлкен апатқа себеп болуы ықтимал.
ЖОЛ САПАСЫ мен ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Сарапшылар жол сапасының да үлкен рөл атқаратынын айтады. Кейбір ауылдық жерлердегі жолдардың тозуы, жарықтың жеткіліксіздігі, жол белгілерінің анық көрінбеуі – апат қаупін арттыратын жағдаяттар. Жаяу жүргіншілерге арналған өткелдердің аздығы мен дұрыс белгіленбеуі де күн тәртібіндегі өзекті мәселеге негіз болып отыр. Әсіресе, мектеп маңындағы қауіпсіздік деңгейі тіптен алаңдатады. Бір сәттік қателік біреудің өмірін қиып, енді біреуді мүгедек етуі мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, ауыр жарақат алғандардың басым бөлігі жол апатының құрбандары екен. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне де айтарлықтай салмақ түсіреді.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ
Негізі мәселенің мәні мұнда жатыр. Кез келген жағдаяттың шешімі болады. Жол-көлік оқиғасы азаюы үшін ең алдымен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру керек. Жол ережесін бұзғандарға қатаң бақылау жасаған дұрыс. Жол инфрақұрылымын жақсартудың да маңызы ерекше деуге болады. Өкініштісі сол, көлік апаттары көбіне балалардың қатысуымен болып жатады. Сондықтан балаларға жол қауіпсіздігін ерте жастан үйретудің де маңызы айрықша болмақ. Жалпы қоғамда жол мәдениетін қалыптастыру керек. Сонда ғана оқыс оқиғалардың алдын алуға титтей болса да үлесін тигізбек. Жол үсті бейнекамераларын мейлінше көбейту де – оңтайлы шешім. Біз айтып отырған бұл мәселелер жол апаттарының азаюына айтарлықтай сеп болса, нұр үстіне нұр болмақ. Мұндай тұста қоғам үнсіз қалмауы тиіс. Жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Жолдағы тәртіп – өмірдің кепілі. Өмір – аманат. Ал, аманатты ақтай білу әр адамның өзіне ғана байланысты.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
«Қызылорда облысының Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларын рәсімдеудің жеңілдетілген тәртібі – еурохаттама жүйесі бойынша түсіндірме берді. Еурохаттама – жол-көлік оқиғасын полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ, жүргізушілердің өзара келісімі негізінде рәсімдеуге мүмкіндік беретін оңтайландырылған жүйе. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасында 2024 жылдан бастап енгізілген. Аталған жүйені пайдалану үшін бірқатар талап сақталуы тиіс. Жол-көлік оқиғасына тек екі көлік құралы қатысуы қажет; оқиға салдарынан зардап шеккен адамдар болмауы керек. Үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келмеуі тиіс. Жүргізушілер арасында кінәлі тарапқа қатысты келіспеушілік туындамауы қажет; екі жүргізушінің де міндетті сақтандыру полисі болуы шарт; сондай-ақ материалдық шығын мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Полиция департаменті жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырып, заң талаптарын білу әр азаматтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі екенін ескертеді», — делінген құзырлы мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасында.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Иә, болмашы бір қателік бүкіл өміріңді бір сәтте басқа арнаға бұрып жіберуі әбден мүмкін. Тарих тінін тарқатсақ, Майқы би бабамыз «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп бүгінгі күнді қалай боямасыз бейнелеп кетті десеңші?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, көлігің – дұрыс басқарсаң серігің, қиыс кетсең, ажалың болып отыр. Жазылған жағдайдан жаңаша серпін алып, ой түю – әркімнің өз еншісінде. Біздің мақсатымыз – оқырманға ой салу.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!