Жуырда Түркістан облысында бір мектептің екі бірдей оқушысы ҰБТ-дан 140 балл алды. Осыдан кейін «жоғары нәтиженің артында кімнің еңбегі тұр?» деген сауал сала сарапшыларына қойыла бастады. Бірі мектептегі жүйелі білімді алға тартты. Енді бірі жеке оқу орталықтарының тәжірибесін айтты. Ата-аналар болса, баласын ақылы оқытуға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Олай етпейін десе, 11 жыл бойы білім алған баласының сынақ тестілерінен төмен нәтиже көрсеткенін көрген ата-ана сенген үмітін оқу орталықтарына тапсырып, тыңғылықты нәтиже мен жүйелі дайындық үшін ақысын төлеп қосымша тағы оқытады. Ал мектептің міндеті мен пәрмені қандай болу керек? Сонда 11 жыл бойы берілген білім мен біліктің нәтижесі болмағаны ма? Тарқатып көрейік.
Осы тұста Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектердің жетістігін тек жеке білім беру орталықтарының еңбегімен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Ол Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда 130 және 140 балл алған мектеп түлектерін құттықтап, мұндай нәтиженің артында баланың жеке дайындығы, ата-ананың қолдауы және мектеп мұғалімдерінің ұзақ жылғы еңбегі тұрғанын атап өтті.
– Ең алдымен 140 балл және 130 балл алған түлектерді құттықтаймын. Бұл – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, бала мен мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан бұл, шын мәнінде, қуанарлық жағдай. Егер осы балаларға пәтер, автокөлік сыйлап жатса, менің ойымша, бұл жаман емес. Бірақ біз бір мәселені түсінуіміз керек. Мұнда маркетинг мәселесі де бар. Өйткені бір жағынан компаниялардың атын әрі қарай әйгілі ету, «біздің түлек осындай мүмкіндікке қол жеткізді» деп көрсеткісі келеді. Оны біз түсінеміз және онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Тиісті бір мекеме немесе дайындайтын орталық «біз осындай нәтижеге қол жеткіздік» деп айтып жатса, бұл толығымен шындық емес, — деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, оқушыны бірнеше айдың немесе бір жылдың ішінде ғана жоғары нәтижеге жеткізетін ерекше технология бар деу шындыққа келе бермейді. Ол жоғары балды мектепте жылдар бойы қалыптасқан біліммен, күнделікті сабақтағы жүйелі еңбекпен және оқушының тұрақты дайындығымен байланыстырды.
– Егер бала 130-140 балл алса, Гарвардқа, Назарбаев университетіне түссе, бұл – біздің білім беру жүйесінің, мектептегі күнделікті еңбегі көрінбей жатқан мұғалімдердің еңбегі. Бұны орталықтардың еңбегі деп айтпауымыз керек. Олардың да еңбегі бар, әрине. Өйткені қосымша көмектесіп, негізгі әдістемесін көрсететін шығар. Бірақ негізінен ол – мұғалімдердің еңбегінің, ата-ананың қолдауының, баланың өз еңбегінің үлкен нәтижесі және жемісі, — деді Асхат Аймағамбетов.
Бұл пікірден кейін ата-аналар тарапынан басқа уәж айтылды. Әсіресе баласын ақылы орталыққа беріп отырған отбасылар мектеп пен қосымша дайындықтың арақатынасын ашық көтерді. Halyqline.kz сайтындағы мақалаға пікір қалдырған ата-ана Бақтыгүл Ауданова жоғары балдың артында ата-ананың қаржысы мен баланың еңбегі тұрғанын айтты.
– Жоғары балл – ата-ананың қаржысы мен баланың еңбегінің нәтижесі. Мектеп мұғалімдері жармаспай-ақ қойсын. Мектеп мұғалімінің еңбегі болса, ешкім баласын ақылы оқытпас еді. Мектеп мұғалімдері дайындай алмағаны үшін ата-ана шығынға батып жүр, — деді Бақтыгүл Ауданова.
Қазір бірқатар отбасы баласын ҰБТ-ға дайындау үшін ай сайын оқу орталығына қаржы төлейді. Кейбір оқушы бір пәннен ғана емес, бірнеше пәннен қатар дайындалады. Оқу ақысына жол, уақыт, қосымша материал, тест кітапшалары, онлайн платформа, жеке консультация сияқты шығындар қосылады. Мұндай жағдайда ата-ана жоғары балды мектептегі сабақпен ғана байланыстырмайды. Ол баласының күн сайынғы еңбегін, өз қалтасынан шыққан қаражатты, отбасындағы бақылауды, үйдегі қолдауды қатар айтады.
Ата-аналардың арасында айтылатын тағы бір мәселе бар. Егер мектеп ҰБТ-ға толық дайындаса, неге бала қосымша орталыққа барады? Егер мұғалімнің еңбегі жеткілікті деңгейде болса, неге ата-ана ақылы сабаққа жүгінеді? Егер мектептегі білім баланы грантқа түсіруге толық мүмкіндік берсе, неге көп отбасы 10-11-сыныпта қосымша дайындықты міндетті кезең ретінде қабылдайды? Бұл сұрақтар жеке мұғалімнің атына ғана бағытталмайды. Мұнда мектептегі дайындық жүйесі, ҰБТ форматына бейімдеу, сыныптағы оқушы саны, мұғалім жүктемесі, пән бойынша жеке жұмыс жүргізу мүмкіндігі сияқты мәселелер қатар тұр.
Жеке білім беру орталықтары бұл тақырыпты дайындық жүйесі, оқушы мотивациясы және нәтиже көрсету тәжірибесімен байланыстырады. Осы орайда «Дарын» білім беру орталығының академиялық директоры Азамат Мақсатұлын сөзге тарттық. Оның айтуынша, оқушыда білім мүлде болмайды деп айту дұрыс емес, көп жағдайда баланың оқуға деген ықыласы мен талпынысы дер кезінде оянбайды.
– Балаларда білім болмайды емес, көп жағдайда талпыныс болмайды. Егер 11 жыл мектепте оқып жүріп оянбаған ынта мен ықылас оқу орталығында, қосымша даярлау орталығында оянса, онда бұл орталықтардың жұмысының нәтижесі деп айтуға негіз бар. Демек, мектептегі жүйеде де реттелуі керек дүниелер бар. Оқушыға тек тақырып түсіндіріп қою жеткіліксіз. Оның қай жерден қиналып тұрғанын табу, әлсіз тұсын көрсету, тұрақты бақылау жасау, нәтижеге бағыттау маңызды. Кей бала мектепте көптің бірі болып отырады. Орталыққа келгенде өз деңгейін нақты көреді, қай пәннен, қай тақырыптан қалып қойғанын түсінеді. Осыдан кейін ғана балада талпыныс пайда болуы мүмкін, — деді Азамат Мақсатұлы.
Оның сөзінше, оқу орталығының басты ерекшелігі – баламен мақсатты түрде жұмыс істеу. Оқушы орталыққа келген кезде алдына нақты меже қойылады. Қай пәннен қанша балл жинауы керек, қай тақырыптан жиі қате жібереді, қандай тест түрінен қиналады, уақытты қалай бөледі – осының бәрі жеке қаралады.
– ҰБТ-ға дайындықта пәнді ғана білу аздық етеді. Тестпен жұмыс істеу мәдениеті бар. Уақытты бөлу бар. Қате талдау бар. Бір тақырыпты қайта-қайта пысықтау бар. Оқушының психологиялық дайындығы бар. Орталық осының бәрін жүйелі түрде ұстауға тырысады. Мектепте мұғалімнің алдында толық сынып отырады. Ал орталықта бала нақты бір нәтижеге келіп отыр. Сондықтан мұнда талап та басқа, дайындық тәртібі де өзгеше, — деді Азамат Мақсатұлы.
Ол ата-аналардың ақылы орталыққа баруын тек сән немесе бәсеке деп қарауға болмайтынын айтады. Себебі ҰБТ нәтижесі көп оқушының грантқа түсуіне, мамандық таңдауына, отбасының келешек жоспарына әсер етеді.
– Ата-ана баласының болашағы үшін қаржы жұмсап отыр. Біреуге бұл жеңіл болуы мүмкін, біреуге ауыр. Бірақ ата-ана баласы жақсы нәтиже көрсетсін деп орталыққа береді. Мұнда ата-ананың еңбегі де бар. Баланы сабаққа жіберу, бақылау, төлем жасау, үйде жағдай жасау – мұның бәрі оңай емес. Сондықтан, жоғары балл туралы айтқанда, ата-ананың да үлесін ұмытпау керек, — деді Азамат Мақсатұлы.
Орталық өкілі мектеп пен жеке дайындықты бір-біріне жау етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін де айтты. Бірақ мектеп ішіндегі дайындық сапасы, оқушының ынтасын ояту, пән мұғалімдерінің ҰБТ форматына бейім жұмысы қайта қаралуы тиіс екенін жеткізді.
– Мектептің рөлін жоққа шығару дұрыс емес. Бала 11 жыл бойы мектепте оқиды. Бірақ соңғы нәтижеге келгенде орталықтың еңбегін де жоққа шығаруға болмайды. Егер бала орталыққа келгеннен кейін тұрақты оқып, нәтиже көтерсе, ол – жұмыс бар деген сөз. Мектепте де, орталықта да жақсы мұғалімдер бар. Мәселе – баланың қай ортада өз мүмкіндігін аша алатынында. Осыған назар аудару керек, — деді Азамат Мақсатұлы.
Оқушылар арасында да бұл тақырыпқа қатысты пікір әртүрлі. Бірі мектептегі мұғалімнің көмегін негізгі тірек санаса, енді бірі қосымша орталықтағы әдістемені өзіне жақын көреді. 11-сынып оқушысы Айханым Айдархан білім беру орталығындағы дайындық өзіне қолайлы екенін айтты.
– Маған білім беру орталығында оқыған ұнайды. Сол жердегі мұғалімдердің түсіндіруі, сабақ беру әдісі жақсы. Тақырыпты түсінікті етіп жеткізеді. Өзіме орталықтағы дайындық ыңғайлы. Сол жерде оқығанды дұрыс көремін, — деді Айханым Айдархан.
Айханымның айтуынша, орталықтағы сабақта оқушының қателері жиі талданады. Әр тесттен кейін қай тақырыптан қате кеткені қаралады. Мұғалімдер сол тақырыпқа қайта оралып, оқушыны келесі тестке дайындайды.
– Орталықта тест көп тапсырамыз. Қате кеткен сұрақтарды талдаймыз. Қай жерден түсінбей қалғанымызды сұрай аламыз. Мұғалімдер түсіндіруге уақыт бөледі. Кейде бір тақырыпты бірнеше рет қайталаймыз. Сол маған көмектеседі. Мектепте де сабақ өтеміз, бірақ орталықта ҰБТ-ға нақты дайындаламыз, — деді Айханым Айдархан.
Ол оқу орталығындағы орта да әсер ететінін айтады. Бір мақсатпен келген оқушылардың қатарында дайындалу бәсеке мен жауапкершілікті күшейтеді.
– Жанымдағы балалардың бәрі дайындалып жүрген соң, өзің де қалмауға тырысасың. Сабақтан қалмау керек, тапсырманы орындау керек, тесттен нәтиже шығару керек. Орталықта сондай тәртіп бар. Маған сол ұнайды, — деді Айханым Айдархан.
Ал мектеп мұғалімі оқушылардың дені жаратылыстану бағытында ғана жеке орталықтарға барып, тереңдетілген білім алатынын жеткізді.
– Баланың базалық білімі ең алдымен мектепте қалыптасады. Бастауыш сыныптағы мұғалімнің еңбегін де ұмытпау керек. Оқушының оқу дағдысы, мәтінді түсінуі, жазуы, ойлау жүйесі сол кезеңнен басталады. 7-сыныптан кейінгі пәндік білімнің де басым бөлігі мектепте беріледі. Меніңше, баланың жалпы білімінің шамамен 60 пайызы мектептен, 40 пайызы қосымша курстар мен орталықтардан толығуы мүмкін. Әсіресе тіл, әдебиет, тарих сияқты пәндердің іргетасы мектепте қаланады. Ал жаратылыстану бағытындағы пәндерде кей оқушыға тереңдетіп түсіндіру керек болады. Мектеп жалпы білім беретін болғандықтан, бір оқушы тақырыпты тез ұғып алады, екіншісіне көбірек уақыт қажет. Мұндайда орталықтардың қосымша көмегі болуы мүмкін екенін мойындау керек. Десе де, мектепте үйретілмейді деуге болмайды. Тек мектептегі біліммен де жоғары балл алып жатқан оқушылар бар. Білікті мұғалім мен талапты оқушының еңбегін жоққа шығаруға болмайды, — деді №296 орта мектебінің мұғалімі Шұғыла Қанатқызы.
Рас, мектеп базалық білім берсе, орталық кей пән бойынша тереңдетіп дайындалуға, тест форматына бейімделуге, оқушының жеке әлсіз тұсын пысықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан жоғары балл төңірегіндегі әңгімеде мектептің ұзақ жылғы еңбегі де, қосымша дайындықтың соңғы кезеңдегі ықпалы да қатар аталуы заңды. Жасыратыны жоқ, ??? тек мектеп мұғалімінде емес, олардың күнделікті жұмыс жағдайы балаға қосымша уақыт арнауға жетпейді. Бір мұғалімнің алдында әртүрлі деңгейдегі оқушылар отырады. Бірі пәнді жақсы меңгерген, бірі орташа, бірі мүлде қиналады. Мұғалім бағдарламаға сай сабақ өтеді, тоқсандық бағалау жүргізеді, құжат толтырады, тәрбие жұмысына қатысады, ата-анамен байланысады, олимпиадаға, түрлі іс-шараға оқушы дайындайды. Ал ҰБТ-ға жеке дайындық бөлек уақыт пен бөлек әдісті қажет етеді.
Жеке орталықта жұмыс тәртібі басқа. Онда оқушы нақты пәнге, нақты мақсатқа, нақты тест форматына келеді. Сабақ мазмұны да сол нәтижеге бағытталады. Тақырыптар ҰБТ сұрақтарына сәйкес бөлінеді, тест жиі алынады, қате талданады. Мұндай дайындық мектептегі жалпы білім беруді алмастырмайды, бірақ емтиханға бейімдеу тұрғысынан бөлек қызмет атқарады.
Ата-аналар үшін осы айырмашылық маңызды. Олар мектептегі білімге қосымша ретінде орталыққа жүгінсе, бір басқа. Ал орталықты мектептің орнын толтырушы құрал ретінде қабылдаса, бұл білім сапасына қатысты бөлек сұрақ тудырады. Кей отбасы үшін ақылы дайындық – баланың мүмкіндігін арттыру жолы болса, енді бірі үшін амалсыз қадам. Әсіресе ҰБТ нәтижесі грантқа түсуге, оқу ақысын үнемдеуге, баланың қалаған мамандығын таңдауына әсер ететіндіктен, ата-ана мұндай шығынға баруға мәжбүр болады. Білім беру нарығында жеке орталықтардың көбеюі де осы сұраныспен байланысты. Орталықтар өз нәтижесін көрсетеді, жоғары балл алған түлектерін жарнамалайды, ата-аналарға нақты көрсеткіш ұсынады. Асхат Аймағамбетов айтқан маркетинг мәселесі де осы жерден шығады. Жоғары балл алған түлек орталық үшін жарнамалық мүмкіндікке айналады. Ал мектеп үшін ол көп жылғы еңбектің нәтижесі ретінде көрінеді. Ата-ана үшін ол жұмсалған қаржы мен баласының табандылығының өтеуі ретінде қабылданады. Оқушы үшін ол – жеке еңбегінің қорытындысы.
Пікір алуандығын осы жерде байқаймыз. Мектеп мұғалімі баланың білім негізі мектепте қаланатынын айтса, ата-ана баласының жақсы нәтиже көрсетуі үшін ақылы орталыққа ақша төлеп, жағдай жасап отырғанын алға тартады. Оқу орталығы баланы ҰБТ форматына бейімдеп, нақты дайындық жүргізетінін жеткізеді. Ал оқушы өзіне қай жердің сабағы түсінікті, қай орта ыңғайлы екенін айтады. Сондықтан жоғары балл туралы сөз тек «кімнің еңбегі көп?» деген тартыспен шектелмеуі керек. Бұл жерде мектепке деген сенім, ата-ананың қалтасына түскен салмақ, мұғалім еңбегінің бағалануы, оқу орталықтарының рөлі, ең бастысы, баланың қалай және қай жерде жақсы білім алатыны қатар тұр.
Десе де, ҰБТ маусымы келген сайын осы сұрақ қайта көтеріледі. Мектеп баланы емтиханға толық дайындай алып отыр ма? Жеке орталықтарға сұраныс неге жоғары? Ата-ана неге ақылы дайындықсыз жоғары балл алу қиын деп ойлайды? Мұғалімнің жылдар бойғы еңбегі қалай ескеріледі? Оқушының өз пікірі қаншалықты тыңдалады? Бұл сұрақтарға бір жақты жауап беру қиын. Өйткені жоғары балдың артында мектеп те, ата-ана да, оқу орталығы да, ең алдымен баланың өз еңбегі де бар.
ТҮЙІН. Жоғары балдың иесі – әуелі баланың өзі. Бірақ сол баланың артында үйінде уайымдап отырған ата-ана, мектепте жылдар бойы сабақ берген мұғалім, соңғы кезеңде бағытын түзеп, тестке дайындаған орталық тұрады. Сондықтан бұл нәтижені біреуден қызғанып, біреуге ғана телудің қажеті жоқ. Мәселе – басқа жерде. Ата-ана неге ақылы дайындықсыз көңілі орнықпайды? Оқушы неге кейде орталықтағы сабақты мектептен жақын көреді? Мектеп мұғалімінің еңбегі неге жоғары балл шыққанда ғана еске түседі? Осы сұрақтар ашық айтылмайынша, әр ҰБТ сайын дәл осы дау қайта айналып соға береді. Ал бұл сұрақтарға кейінірек жауап іздеп көреміз…
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Тақырыпқа тұздық
140 БАЛЛ және ЧЕМПИОНДАР
немесе сандармен ойнау – манипуляция ма, маркетинг пе?
2021 жылдан кейін жеке мектеп бағытына толық бет бұрып, білім орталығы бағытын екінші қатарға сырғытып едім. Наурыздан бері білім орталығы бағытын қайтадан зерттедім. Бес жылда бұл бағыт өте қатты өзгерген. Даму жақтары болғанымен, өте нашар бағытқа да бұрылған.
Маркетинг өте қатты дамып, манипуляция алға шығып кеткен. Тек бірер ең жоғары балмен жарысып, шоу жасау мен өтірік қатты белең алған. Бұл – дұрыс тенденция емес.
1. Бір 140-ты айтқанда, дәл сол жерде оқып, шектік балға жете алмай қалған қаншама бала тағдыры жасырын қалады. Жасыруға тырысады.
2. Немесе 10-15 мың, тіпті одан да көп оқушы дайындап, ары кетсе 80-100 оқушының жарқыраған нәтижесін жариялаудың артында қаншама жауапсыз сұрақтар қалады.
3. НЗМ, БИЛ бағытына дайындық та солай. Тек бір қаладан 2-3 мың оқушы дайындайтын орталықтар бар. Ол жерден 40-50 оқушы түсуі – табиғи заңдылық. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Ал қалған мыңдаған оқушы ше?! Маркетинг құрбанына айналады.
4. ҰБТ-да болсын, НЗМ, БИЛ бағыттарына дайындықта болсын, баласы түскен ата-ана, жоғары алған оқушы қуана жазады, сүйіншілейді. Сол сәтте түспей қалған, төмен алған баланың қаншасы депрессияда, үнсіздікте қалады. Бірен-саран фейк парақшамен болмаса, жазбайды. Үнсіз қалады…
2019 жылы QAZBILIM орталығынан 140 балл шықты. Бірақ, 140 деп айғайламадық. Себебі, ол тек біздің ғана емес, сол баланың 11 жыл оқыған мектебінің де еңбегі екеніне, ол жақтағы ұстаздарына құрметпен қарадық.
2015-2022 жылдардағы білім беру орталығы кезінде орташа балл мен грантқа түсу көрсеткішіне қатты мән беріп қарадық. Жылына барлық оқушының нәтижесін жариялауға тырыстық. Төмен алса да көрсеттік. Себебі, көп оқушы дайындаған кезде барлық нәтиже болатыны анық еді. Себебі, баланың жеке қабілеті бар, кейбір оқушыға не істесең де қарым-қабілеті шекті болады.
Қазір де ҰБТ, IELTS, НЗМ бағыттарында барлық нәтижені жариялап жүрміз. Мысалы, парақшада IELTS-тен 8.5 те, 5.0 алған нәтиже де тұр. Жоғары, төмен – бәрі болу керек деп ойлаймын.
Иә, соңғы 2-3 жылда белең алған ҰБТ-дағы пәтер, көлік, ақша тігілген, 140 балды ұтыс ойыны секілді жарысқа айналдырған үрдіс, манипуляциялық маркетинг білім саласына жақсы үрдіс әкелмейді. Сыйлық болуы керек, бірақ қалыпты балаға естелік болардай, бір ноутбук деңгейінде болса жеткілікті деп ойлаймын.
Әрине, бұған біраз әріптесім, жеке компания жетекшілері «қолыңнан келсе істе, қолыңнан келсе жаса» деуі мүмкін. Бірақ ата-ана мен баланың үмітін бәске тігуге болмас. Маркетинг пен шоудың құрбанына айналмаса деген ой ғой.
Бұл – жеке пікірім. Біреу келісер, келіспес, әркім керегін алар.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!