Қазақстан қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуден гөрі, қауіпті ерте анықтауға көбірек мән бермек. Бас прокурор Берік Асылов БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі XV конгресінде Қазақстандағы «Заң мен Тәртіп» тәсілін таныстырды.
Биылғы конгресс 26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Абу-Дабиде өтіп жатыр. БҰҰ бұл жиынды қылмыстың алдын алу мен қылмыстық сот төрелігі саласындағы бес жылда бір өтетін ірі халықаралық алаң ретінде сипаттайды.
Пленарлық отырысқа бейнеүндеу жолдаған Берік Асылов «Заң мен Тәртіп» қағидатының мәніне тоқталды. Ұсынылған тәсіл құқық қорғау органдарының жұмысымен шектелмейді. Онда қоғамның заңға құрметін күшейту, құқық бұзушылыққа төзбеу және әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру көзделген.
— Қазіргі заманғы мемлекет қауіп қылмысқа айналмай тұрып, оны көре білуі керек, — деді Берік Асылов.
Осы бағытта Қазақстанда қылмыстық процестің басым бөлігі цифрлық ортаға көшірілген. Сонымен қатар қылмыстық қатерлерді алдын ала талдайтын бірнеше жүйе жұмыс істейді. Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы ықтимал қатерлерді сараласа, Таргетинг-орталық прекурсорлар айналымы мен есірткі ахуалын бақылайды. Антифрод-орталық интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға жұмылдырылған.
Мұндағы негізгі өзгеріс – құқық қорғау жүйесінің қылмыс салдарымен күресуден оның алдын алуға қарай бет бұруы. Яғни деректерді талдау арқылы қауіптің қай жерде және қандай жағдайда туындауы мүмкін екенін ертерек анықтау көзделеді.
Қазақстан қылмыстың әлеуметтік және экономикалық себептерінің алдын алуға да назар аударып отырғанын мәлімдеді. Соның ішінде инвесторларды қорғау тетіктері жетілдіріліп, бизнес үшін болжамды құқықтық орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура бұған дейін «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі айналымы, интернет-алаяқтық және басқа да қауіптерге қарсы профилактикалық жұмысты күшейту мәселелерін көтерген.
Қазақстан делегациясы халықаралық деңгейде мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды. Конгрестің күн тәртібінде де жаңа әрі өзгеріп жатқан қылмыс түрлері, деректерді тиімді пайдалану, технологияларды жауапкершілікпен қолдану және мемлекеттер арасындағы құқықтық көмек мәселелері қамтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!