Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында жылыту маусымына дайындық жұмыстары әлі толық біткен жоқ. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осы үш қаладағы жылу жүйесін іске қосуға ерекше назар аударуды тапсырды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, Павлодар облысында жылу беру маусымы басталып кеткен. Осы аптаның соңына дейін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына, ал 1 қазанға дейін солтүстік пен шығыстың қалған өңірлеріне жылу беру жоспарланып отыр.
Қазір Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры мен негізгі жабдықтар дайын.
Ал Семей, Степногорск және Петропавлда кейбір жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
— Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аудару қажет,— деді Олжас Бектенов.
Жылу беру маусымына қатысты бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Қазір Үкімет үшін басты міндет — күн суытпай тұрып проблемалы үш қаладағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, жылу жүйесін тұрақты іске қосу.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!