Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және зиялы қауым өкілдері Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында салынған кезекті өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.
Шарада облыс әкімі төтенше жағдайлар қызметінің техникалық әлеуетін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігі аса маңызды. Осыған орай күні кеше Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы Аралдағы Қамыстыбас және Қазалыдағы Жанқожа батыр ауылдық округтерінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған өрт сөндіру пункттерін табыстады.
Бүгін аталған бағдарламамен Қарауылтөбеде салынған өрт сөндіру бекетін ресми түрде іске қосамыз. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен Қазалы, Шиелі аудандарындағы сала қызметкерлерінің пайдалануына 11 заманауи өрт сөндіретін және арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік бердік.
Облыста 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам арнайы құрал-жабдық алынды. Осы жылы 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта табысталады. Бұл – өңіріміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Ашылу рәсімінде Шыңғыс Әрінов, ел ағасы Аманкелді Досмаханұлы сөз сөйлеп, өрт сөндіру бекетін ашуға атсалысқандар мен азаматтық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды.
Бұдан кейін Шыңғыс Сайранұлы төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамымен кездесті. Жасөспірімдерге арналған «Batyr Kids Team» спорт залына, үнемделген қаржы есебінен жөндеуден өткен департамент ғимаратына барды. Жедел-құтқару жасағының бөлімшесімен танысып, олардың материалдық-техникалық жағдайын көрді.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасының мақсаты – өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде аймақта 35 бекет салынған. Бекеттер 25 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 тіркеме, 8 тасымал, 2 стационарлық радиостанциямен, өрт құрал- жабдықтары және жауынгерлік киімдермен жабдықталған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!