Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұл сұраған қоғамның ұтылған тұсы

13.05.2026, 7:40 67

Қазақ қоғамында баланың жынысына қатысты жаңсақ түсінік әлі де терең тамыр жайып тұр. Әсіресе, қыз бала қайта-қайта дүниеге келген жағдайда кінәні әйелден көру, оны айыптау – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ескі танымның сарқыншағы. Алайда бұл түсініктің ғылымға да, дінге де еш қатысы жоқ. Керісінше, адамзат әлдеқашан дәлелденген ақиқатты мойындағысы келмей, өз ыңғайына қарай бұрмалап өмір сүріп келеді. Ал сол ақиқат әлдеқашан дәлелденсе де, қоғамның қолдан жасап алған қасаң қағидаты әлі де жеңістік бермей келеді. Бүгін осы тақырыпты тарқатып, ғылыми көзқарас пен қазақы көзқарасты қарастырамыз. Медицина мойындаған зерттеуді кей ерлер қауымы қабылдағысы жоқ. Сонымен, отбасында қыздың қатарынан дүниеге келуіне кім кінәлі? Әйел ме, ер ме? Қандай  ерден  қыз  көп  туады,  себебі неде? Бүгінгі  мақаламыз  да  осы мәселенің  маңайында…

«Ұл туса – ұрпақ, қыз туса – қонақ». Қазақ­тың санасына сіңіп кеткен осы бір сөз  қаншама  уақыттан  бері  қалыпты қағидадай айтылып келеді. Иә, қазақ қыз­ды қадірлеген халық деп мақтанамыз. «Қыз – өріс»,  «қыз – ұлттың ұяты», «қыз­дың  жолы – жіңішке» деп төбемізге көтере­міз. Бірақ дәл сол қоғамда қыз бала дүниеге келгенде қабағы түсіп, ұл туған үйге ғана шын қуанып жататын түсінік әлі де тірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде, дәстүр мен ескі  таным араласып кеткен ортада әйелдің басты миссиясы – ұл туу секілді қабылданады. Келін болып  түскен күннен бастап-ақ оның құрсағына үмітпен қарайтындар көбейеді. Ал дүниеге қыз келсе, әлгі үміттің орнын үнсіз реніш баса­тыны жасырын емес. Ешкім ашық айтпағанымен, қабақ, сөз, ишара бәрін аңғартады. «Келесісі ұл болсын», «ендігісі тұяқ болар», «төрт  қыздан  кейін де ұл  туғандар  бар»  деген  жұбату  сөздер  көбейеді.

Өкініштісі  сол,  қазақ қоғамында  қыздың  қатарынан дүниеге келуі әлі күнге дейін сәтсіздік секілді қабылдануда. Бір үйде үш-төрт қыз дүниеге келсе, әңгіменің тиегі бірден әйелге тіреледі. «Өзі қыз туа береді екен», «ұл таба алмай жүр», тіпті, «байғұс-ай» деген аяушылық  аралас  кекесін сөздер  айтылады. Ең  сорақысы, кей әйел өз туған үйінен, қайын жұртынан қысым көреді. Өйткені біздің қоғамда әйел  болу   міндетті  түрде  ұл табумен  өлшенетіндей. Ал сонда ер адам ше? Неге «ұл сүйе алмады» деген сөз ешқашан еркекке қарата айтылмайды? Неге барлық кінә  автоматты  түрде  әйелге  артылады?

Себебі, бұл жерде мәселе биологияда емес, санада, сорақысы, стереотипте жатыр. Ғылым әлдеқашан дәлелдеген ақиқатты біздің қоғам әлі толық қабылдай алмай келеді. Баланың жынысын әйел анықтамайды. Әйелде тек ХХ хромосома болса, ер адамда XY хромосома болады. Яғни ұл тууы да, қыз тууы да ер адамның генетикалық ерекшелігіне байланысты. Бірақ мұны білгеннің өзінде қоғам бәрібір әйелді  кінәлауды тоқтатпайды. Демек, бізде ғылымнан  гөрі ескі түсініктің үні қаттырақ  шығады.

Кей отбасыда әйелдің тағдыры тіпті осы мәселеге тіреліп қалады. Қатарынан қыз туған келінге деген көзқарас өзгереді. Күйеуі салқындайды. Енесі мін таға бастайды. Ағайынның арасында мысқыл көбейеді. Кейбір ер адам екінші әйел алуға дейін барады. Сонда не үшін? Ұл үшін. Тек жынысы басқа бала үшін бүтін бір әйелдің қадірі төмендейді. Осындай жағдайдың өзі қоғамдағы әйелге деген көзқарастың қаншалықты әділетсіз екенін дәлелдейді. Ең өкініштісі, мұндай қысым әйелдің өз санасын да улайды. Кей ана қыз туатынын білген сәттен бастап қорқады. Өзін айыпты сезінеді. Тіпті қыз дүниеге келгеніне ұялатын жағдайға жетеді. Бұл қандай қоғам? Ана құрсағындағы сәбидің тағдыры оның адам болуымен емес, жынысымен бағаланатын қоғам қалай  дамыған  қоғам  болмақ?

Қыздар ата-анасына қарайласып, жағдайын жасап жүргенде, кейбір шаңырақ иесі атанған ұлдардың қарасын таппай қалатын кездер аз емес. Ұлды әулеттің туы, атаның жалғасы, қара шаңырақтың иесі деп көтермелейміз. Бірақ сол ұлдың қандай азамат болып өсіп жатқанына келгенде көп жағдайда үнсізбіз. Бүгін қоғамда жауапкершіліктен жалтарған әкелер, әйелін қорлайтын еркектер, бала тағдырынан қашатын азаматтар көбейіп жатса, оның түбінде ұлды орынсыз көкке көтеру де жатыр. Біз ұлдың санын ойладық, сапасын ұмыттық.

Ал қыз ше?  Қыздар  бүгінде  ғылымда жүр, бизнесте жүр, елдің  экономикасын  көтеріп  жүр, ата-анасын асырап отыр. Бірақ соған  қарамастан, әлі күнге дейін «ұл керек»  деген  түсінік  қоғамның  сүйегіне  сіңіп  қалған.

Шын мәнінде, мәселе қыздың  көп  тууында емес. Мәселе – қыздың қадірін кеміткен қоғамда. Қызды қасірет көретін сана өзгермейінше, біз өркениет туралы қанша айтсақ та, ішкі мәдениетіміз ақсап тұрады. Өйткені өркениетті қоғам ең алды­мен адамның жынысына емес, қадіріне қарай­ды.

Ал біз әлі күнге дейін дүниеге келген сәби­дің адам болғанына емес, ұл не қыз екеніне  көбірек  мән  беріп  отырмыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жалпы микробиол­огия  мен ғылым дәлелген ақиқат: қыз баланың көп  тууы ол әйелге емес, ер адамның генетикасына байланыс­ты. Яғни, мәселе – жатырда емес, ұрықта. Жыныс адам ағзасындағы хромосомаларға байланысты. Осы тұрғыда медицина маманы, акушер-гинеколог Арайлым Әбіл­қызымен тілдестік. Дәрігердің айтуынша, адам баласының түзілуі жұптала жүретін осы хромосомалардың  еркек  пен әйелдің бір-бір жұптары­ның бірігуі  арқылы жүзеге асады.

– Ағзадағы барлығы 46 хромосоманың екеуі – жыныс хромосомалары деп аталады. Қалған 22 жұп – бұлар аутосомалар. Қалған 2  хромосома «гоносома» деп аталады. Бұл екі  хромосома  еркектерде  ХҮ,  әйелдерде ХХ ретінде  белгіленеді. Ү хромосома – тек еркектікі, ал Х хромосомасы әйелдік гендерді тасиды. Әйелдегі бұл жұптың екеуі де Х болса, еркектерде біреуі Х, екіншісі Ү болады. Демек, жаңа жаратылған сәбидің еркек немесе әйел болуы – ана ағзасындағы Х хромосомасының аталық клеткадағы Ү немесе Х хромосомасымен бірігуіне байланысты болмақ. Түсінікті де қысқа тілмен қайырғанда, егер шәуетпен құрсаққа Х хромосома барса, онда әйелдің Х  хромосомасымен  қосылып (ХХ) қыз туады. Егер Ү хромосома барса, онда Х пен Ү бірігіп (ХҮ) дүниеге ұл бала келеді. Сондықтан да болашақта туатын баланың жынысы анаға емес,  әкеге  байланысты  болуы  аңыз  емес.

Дегенмен, жүктілікті әрқашан жоспарлаған  дұрыс. Әрбір адам – бірегей. Әр адамның, әр отбасының өз ерекшеліктері бар, оларды да мамандарға барғанда кеңес беру-­алу  кезінде ескеру қажет. Ерлі-зайып­тыларға акушер-­гинеколог, генетик сияқты медици­на мамандарына барып әңгімелесу қажет  және  дәрігерлер  де  сөзсіз  медициналық  кеңес  бере­ді, — дейді  А.Серікбек.

Ашығын айту керек, ұл балаға деген шектен тыс әлеуметтік сұраныс кей отбасыларда әйел денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Ұл күткен отбасы әйелді қайта-қайта босануға мәжбүрлейді. Нәтижесінде ананың ағзасы әлсірейді, қаназдық, гормоналдық бұзылыс, жүйке жүйесінің шаршауы секілді мәселелер орнығады. Дәрігерлер жиі босанудың әйел денсаулығына ауыр салмақ түсіретінін айтқанымен, кей отбасы үшін медицинадан бұрын ұл табу міндеті маңыздырақ болып кетеді.

Ең сорақысы, мұндай жағдайда әйелдің жеке тұлға ретіндегі қадірі екінші орынға ысырылады. Сонда бүкіл жауапкершілік пен қысым неге тек әйелдің иығына артылады? Неге қоғам генетика заңдылығын емес,  ескі  түсінікті  қорғайды?

Енді осы пікірді психологтардың пікірімен пайымдап көрелік. Әлеуметтік желіде психолог, танымал Мәскеу психоанализ мектебінің түлегі Шапағат Есжан әлсіз  ерлерден  көп қыз туады деп пайым­даған.

– Негізі қыз туа беріп, ұл тумау психикада ер адамның қандай да бір әлсіздігін көріп, оның мықтылығын мойындамаудан болып жатады. Мен кейстеріме қарасам, ер адамның келе жатқан жолы – мойын­дамау. Кей кезде ер мен әйелдің  бір-біріне деген  қарым-қатынасы суып, құрмет  азайған кезде отбасыда ұл тумай жатады. Ер адам да әйелді сыйлау­ды, құрметтеп, қамқор болуды, мейірім танытуды білмеген кезде  отбасыда қыз  көбейеді. Дәл солай оның жүрегі жұмсарып, сезімі оянып, болмысы өзгереді. Сондықтан психикадағы, түпкі тамырдан қандай да бір титықты тауып алатын болсақ, әйел адам неге бірыңғай қыз туа беретінін анық­таймыз. Физиологиялық тұрғыда қарым-қатынас болған жерде психоэмоционалдық қарым-­қатынас та болады. Сол үшін психиканы жөндеп, ер адамның ер ұрықты бөліп, оны әйелдің қабылдауы­на кедергі келтіретін тетігімен жұмыс істеп, алып тас­таған кезде барлығы дұрыс­талады, — дейді психолог  Шапа­ғат  Есжан.

Ал, тағы бір психолог, космоэнергет  Ләззат  Нұрлыбек  қыз  туа  беретін әрі  ұлды  бола  алмай  жүрген  қыз-келіншектер  іші  тар  әйел­дер   екенін   айтады.

– Неге көп отбасыда қыз  бала дүниеге келе береді. Ұлды аңсап жүреді, біз өзі қазақ ұлды қашаннан бері биік қойғанбыз ғой. Өмірімнің, ұрпағымның жалғасы, шаңырақтың иесі деп кез келген қазақ отбасы ұлды аңсайды, күте­ді. Оның негізгі екі себебі бар: біріншісі, сол үйдің  отағасы ер адам қыз­дың қадіріне жете бермеген. Жүріс жасап, қыз баланы сыйламай, дөрекілік көрсетіп. Соған Алла Тағала әдейі  қызды көбірек береді. Қыз­дың қадіріне жетсін деп, екінші себебі, сол үйдің  отанасы іші тар адам  болса,  ол  әйел  көбіне ұл  туа алмайды, — дейді  Л.Нұрлыбек.

Десе де, мамандар бұл мәселеге тек биология тұрғысынан емес, психоэмоционалды қырынан да қарайды. Яғни отбасынд­ағы қарым-­қатынас, ер мен әйел арасындағы сыйластық пен эмоционалды байланыс та адамның ішкі психоло­гиясына әсер етуі мүмкін деген пікірлер айты­лады. Алайда мұндай  тұжырымдардың ғылыми медици­нада толық дәлелденбегенін де ескерген жөн. Сондықтан қоғамда кең тара­ған түрлі психология пайы­мы мен  нақты  генетика  заңдылығын  шатас­тырмау  маңызды.

Бұдан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей қыз баланың қадірі, гендер теңдігінің тағы бір тайқыған тұсы осы балалық шағынан басталатынын айтқанбыз. Яғни, қызы көп үйдің бірден-бір белгісін есімдерінен-ақ аңғарамыз. Ұлболсын, Жаңыл, Ұлба­ла, Ұлда­на,  тағысын  тағы…

Қалыпты жағдайда, жынысты іріктеу тәжірибесі жоқ елдерде нәрестелердің туу кезіндегі жыныстық арақатынасы – шамамен 105 ұлға 100 қыз. Ал мұндай тәжірибелер бар жерде немесе нәресте өлтіру сияқты қылмыстық құбылыстар  кездесетін  қоғамда  бұл көрсеткіш бұрмаланады. Мәселен, Қытай елінде бұл арақатынас 112 ұлға 100 қызға дейін  өсіп кеткен.

Заңгер, гендер зерттеушісі, фембике Айгерім Құсайынқызының айтуынша, қоғамдағы қасаң пікір қараңғылықтың  белгісі  дейді.

– Патриархат жағдайында «кездейсоқ» көрінгенімен, шын мәнінде қисынды бір тетік бар, ол – көп бала арқылы ұл баланы қалау стратегиясы. Егер тұңғыш бала қыз болса, күйеуі тарапынан әйелге «ұл туғанша жал­ғастыру» қысымы жасалады. Яғни өте қарапа­йым логика: егер ұл бала бірінші немесе екінші болып туса, үшінші баланың қажеті жоқ. Ал қатарынан екі қыз дүниеге келсе, үшінші баланы жоспарлау ұл туғанға дейін жалғасатын «міндетке» айналады. Бұл жерде мәселе – тек демографияда емес, әйел денесі мен репродуктивті таңдаудың бақылауға алынуында. Жынысты алдын ала «реттеу» үшін селективті аборттар да қолданылуы мүмкін. 1980 жылдары-ақ бұл үрдіс өткір сипат ала бастады: үшінші, төртінші және одан кейінгі балалар арасында жыныс­тық дисбаланс күрт өсті. 1990 жылдардың басына қарай үшінші бала ретінде туған әрбір 100 қызға 200-ден астам ұл келетін деңгейге жетті. Ал төртінші және одан кейінгі бала­лар арасында бұл көрсеткіш тіпті 250:100 шамасына жуықтады. Бұл жай статистика емес. Бұл – қоғамның кімнің өмірін «қалаулы», ал кімнің өмірін «қажетсіз» деп санайтынын көрсететін аса қатал қараңғылық, — дейді А.Құсайынқызы.

Сарапшылар пікірі осындай. Ал, демографияны зерделейтін болсақ, адамзатты құтқару үшін әр әйел кем дегенде 3 бала тууы керек. Аустралиядағы James Cook University университетінің ғалымдары осындай тұжырымға келді. Олардың есептеуінше, дәстүрлі «ұрпақ алмасу» моделі (екі ата-ана – екі бала) қазіргі жағдайда тиімділігін жоғалт­қан.

Зерттеушілердің айтуынша, урбанизация, кеш балалы болу, бедеулік пен өмір сүру салтының өзгеруі сияқты факторлар адамзаттың табиғи жолмен жаңарып отыруына кедергі келтіруде. Сол себепті тұрақты демографиялық тепе-теңдік сақтау үшін әр әйел орта есеппен үш немесе одан да  көп  бала  тууға  тиіс.

Енді ойлана беріңіз, бұл – әлемдік көз­қарастағы зерттеу. Егер бір әйел өмірге үш қыз әкелсе, қазақы көзқарас қызға қырын қарары  анық  қой…

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: