Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңір өркені, саяси сабақтастық һәм жаңа кезең

13.05.2026, 8:40 68

Қызылорда  облысының  әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев  Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл жаңалықты отандық БАҚ бірден іліп әкетіп, әрқайсысы  өз  қырынан жазды. Бірі облыстағы ірі жобаларды тізді, бірі басқару кезеңіне баға берді, енді бірі жаңа әкімнің алдында тұрған міндеттерге назар аударды. Соған қарап-ақ соңғы жылдары Н.Нәлібаевтың аты Қызылордадағы ірі жұмыстармен бірге айтылып, ақпарат кеңістігінде орнығып үлгергенін байқауға болады. Енді облыс тізгінін Мұрат Ергешбаев ұстады. Аймақ басшылығына бұрын шаһарды басқарып, кейін өңір ағынымен тең тыныстау үшін ауданда да азды-көпті еңбек еткен мықты көшбасшылар келетінін байқап жүрміз. Алдыңғы тәжірибеден байқағанымыз – осы. Әлеуметтік желіге көз салсақ, көпшілік жаңа әкімді Қызылорда үшін тың дүние ойлап табудан гөрі, қолға алған қыруар тірлікті өз деңгейінде игеріп кетсе деген тілекте екенін байқаймыз. Сонымен, бұрынғы әкім қай жобалармен есте қалды? Шолып  көрейік.

Нұрлыбек Машбекұлы Қызыл­орда облысын 2022 жылғы 7 сәуірден биылғы жылғы мамырға дейін басқарды. Бұл мерзім аймақ үшін оңай уақыт болған жоқ. Мұнай қорының азаюы, су тапшылығы, құрылыс қарқынына ілескен әлеу­меттік инфрақұрылым сұранысы, ауылдағы жұмыс орны, қала­дағы тұрғын үй кезегі секілді бірінен-бірі өтетін күрделі мәселе қатар жүрді. Әрине, экс-әкімнің бір жұмысымен барлық жобасын бағамдай алмаймыз. «Негізгі өлшем, облыс­тың экономикалық бағыты мұнайға тәуелділіктен біртіндеп өндіріс, құрылыс, агроөнеркәсіп, өңдеу салаларына қарай бұрыла алды ма?» деген сауалға тіреледі. Алдыңғы әкім кезеңінің көзге көрінетін тұсы инвестиция  тарту  болды.

Ақорданың ресми мәліметінде кейінгі төрт жылда өңір экономи­касына тартылған инвестиция кө­лемі 233 пайызға артқаны, 2025 жылы 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланғаны, оның ішінде жеке инвестиция үлесі 70 пайыз болатыны айтылды. Н.Нәлібаев­тың жұмысынан об­лыстың бұрынғы экономикалық бейнесін өзгертуге бағытталған талпынысты көреміз. Себебі Қызылорда ұзақ жылдар мұнай, күріш және бюджет қаржысына сүйенетін өңір болғаны жасырын емес. Ендігі міндет – сол инвестицияның тұрғындар  тұрмысына, тұ­рақты жұмыс орнына, жергілікті бизнестің өсуіне қаншалықты әсер еткенін бақылау. Экономиканы әртараптандыру бағытын да атап өткеніміз жөн. Отандық БАҚ-та алдағы үш жылда өңірде құны 2 триллион теңгеге жуық 90 ин­вес­тиция жобасын жүзеге асыру жоспарланып, оның 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін жазды. Биыл жалпы құны 302,5 миллиард теңге болатын 27 нысанды іске қосу көзделген. Бұл жобалардың ішінде қыш тақта өндірісі, жылыжай кешені, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны, шыны ыдыстар өндірісі, бу-газ қондырғысы, тау-­кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода зауыты сияқты ірі бастамалар бар. Дегенмен, инвес­тицияның аты инвестиция болғанымен, оның құны іске қосылған өндірістің ұзақ өмір сүруімен және жергілікті маманның сол жерде тұрақты еңбек етуімен өлшенетіні тағы  бар.

Әкім жұмысының тағы бір бағыты – құрылыс пен әлеуметтік нысан­дарға қатысты болды. Қызыл­орда қаласында да, аудандарда да мектеп, мәдениет, спорт, медицина, тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары күн тақырыбынан түскен жоқ. Оны мойындау керек. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңдеу өнеркәсібі 13,6 па­йызға, электр энергиясы және коммуналдық қызмет салалары 8 пайыздан жоғары көрсеткішке өскені, құрылыс жұмыстарының көлемі 122 пайызға жеткені, үш айда 159,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін де ашық ақпараттандырып  жүрміз.

Ашығын айтайық, Қызылорда­да әлі де шешімін күтетін түйін көп. Жұмыссыздық мәселесі, орташа жалақының деңгейі, тұрғын үй кезегі, жер теліміне сұраныс, Арал маңының экологиялық ахуалы, су тапшылығы, ауылдардағы инженерлік инфрақұрылым, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы – жаңа әкімнің алдындағы ең салмақты міндеттер болып тұр. Ашық деректерде облыста 15 мыңнан астам жұмыссыз бар екені, Қызыл­орда қаласында 34 мыңнан аса отбасы тұрғын үй кезегінде тұрғаны, 70 мыңға жуық адамның жер алу үшін өтініш бергені айтылды. Осыдан келіп, жаңа әкімнің де атқарар шаруасы шаш етектен екенін байқай­мыз.

Нұрлыбек Нәлібаевтың бас­қару стилінде ірі жобаларды алға шығаруға, облыс орталығы мен аудандардағы құрылыс қарқынын күшейтуге, инвесторлармен жұмыс істеуге басымдық берілгені байқалды. Бұл тәсілдің артықшылығы, өңірді ірі шешімдерге дайындады, республика деңгейіндегі назар­ды күшейтті, Қызылорданың тек аграрлы аймақ емес,  өндірісті мүмкіндігі бар өңір екенін көрсетуге тырысты. Ал әлсіз тұсы, ірі жобалардың көбі толық іске қосылып, халыққа нақты табыс әкелгенше уақыт қажет. Сондықтан, бұрынғы әкімнің жұмысының нәтижесін енді  көреміз  десек  те  болады.

Енді осы аралықтан кейін облыс тізгіні Мұрат Нәлқожаұлына тиді. Ол 1966 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алма­ты халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тамамдаған. Мамандығы мен еңбек жолы экономикалық жоспарлау, қаржы, мемлекеттік басқару салаларымен тығыз байланысты. Жаңа әкім облысқа сырттан кездейсоқ келген жоқ, Сыр өңірінің әкімшілік, аудандық, қалалық басқару мектебінен өткен тәжірибелі  маман.

М.Ергешбаевтың өмірбаянына үңілсек, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқарма­сының басшысы, Қармақшы, Шиелі, Қазалы, Сырдария аудандарындағы басшылық қызметтер, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, кейін Мәжіліс депутаты болғанын көреміз. Осы тәжірибе оған облыстың картасын ауданның ішкі тынысы, ауылдағы шаруа, қаладағы бюджет, әлеуметтік саладағы кезек, Парламент мінберіндегі заңнамалық талқы арқылы тануына мүмкіндік берді. Осыдан жаңа әкімнің өңірді бес саусақтай білетінін байқаймыз. Бірақ өңірді білу жеткіліксіз. Енді сол білімді нақты басқару шешіміне айнал­дыру қажет. Жаңа әкімнен күте­рі­міз – осы.

Мұрат Нәлқожаұлы үшін ең маңызды міндеттердің бірі – сабақ­тастықты сақтай отырып, өзіндік басымдық қалыптастыру. Н.Нәлібаев  бастаған ірі инвестиция жоба­лары тоқтамауы керек. Себебі өндіріс пен инфрақұрылымдағы ұзақмерзімді жоспар әкім ауысқан сайын қайта басталып отырса, өңір уақыт жоғалтады. Алайда сабақ­тастық деген бұрынғыны сол күйі қайталау емес. Жаңа әкім әр жобаның экономикалық қайтарымын, халыққа пайдасын, жергілікті кадр үлесін, экологиялық қауіпсіздігін, бюджетке түсетін салмағын қайта қарап, қоғамға түсінікті тілмен айтып  отыруы  тиіс.

Сырдың суы сыр беріп жүрге­ніне көп болды. Сырдарияның тағдыры, егін шаруашылығының жаңа технологияға көшуі, күріш егісінің  көлемі мен өнімділігі, Арал маңындағы экологиялық сая­сат, елді мекендерді көгалдандыру, ауызсу және кәріз жүйелері аймақтың негізгі мәселесіне айналып тұр. Экономика өседі деп есеп берген өңірде су тапшылығы артса, кез келген инвестициялық жоспардың да тұрақтылығы әлсірейді. Сондықтан жаңа әкімнің алғашқы жылдардағы әрекетін осында кө­реміз  деген  үміт  жоқ  емес.

Айтпақшы, тағы бір маңызды дүние бар, ол – әкімнің халықпен кері байланысы. Қазіргі қоғамда басшының жұмысы тек жиналыс өткізу, тапсырма беру, нысан ашумен өлшенбейді. Адамдар шешімнің қалай қабылданғанын, қаржының қайда жұмсалғанын, кезектің неге жылжымай тұрғанын, жолдың қашан жөнделетінін, мектеп пен аурухананың сапасы қалай бақыланатынын білгісі келеді. Осыған әкім өз кезегінде ашық көзбе-көз, сөзбе-сөз жауап бергенде ғана халық алдындағы бағасы артады. Бұл тұрғыдан Мұрат Ергешбаев есеп берудің форматын жаңарта алса, қоғам сенімі де нығая­ды  деп  сенеміз.

Н.Нәлібаевтың Үкіметке ауысуы Қызылорда үшін екі түрлі мүмкіндік береді. Біріншіден, облыстың республика деңгейін­дегі мүддесін білетін, аймақтың ішкі проблемасын көрген маман енді Үкіметтегі шешім қабылдау алаңында отыр. Екіншіден, жаңа әкім орталықпен жұмыс істеуде осы байланыс пен түсіністікті өңір пайдасына тиімді пайдалана алады. Бірақ бұл мүмкіндік автоматты түрде нәтиже бермейді. Ол үшін облыс әкімдігі нақты жұмыс пен жауапты жоспарға сүйенуі қажет. Не дегенмен, саяси тұрғыдан қарағанда, аймақ жаңа кадрды қабылдап  алды. Алдыңғы әкім өңірді инвестиция, құрылыс, ірі жоба бағытына бұруға күш салды. Енді М.Ергешбаев сол бастамалардың халыққа нақты әсерін көрсетуге, аудандардағы әлеуметтік теңге­рімді күшейтуге, экономикалық өсімді сапалы нәтижеге айнал­дыруға жауапты болады. Түсінгеніміз, өңірге салмақты сабақтастық, ашық басқару және нақты нәтиже керек. Нұрлыбек Нәлібаевтың кезеңі Сыр өңірінің даму бағытын республика деңгейін­де танытқан уақыт ретінде есте қалды. Ал Мұрат Ергешбаевтың кезеңі сол бағыттың қаншалықты өміршең екенін дәлелдейтін уақыт болмақ. Әкім ауысты, бірақ халықтың талабы өзгер­ген жоқ. Ол талап қарапайым, жұмыс көбейсін, жол түзелсін, үй кезегі жылжысын, ауылдағы тіршілік жандансын, үлкен жобалардың пайдасы қара­пайым  адамның  өмірінен  көрінсін.

Ердәулет ҚАЛИЕВ

P.S. Төле  би «Тура биде туған жоқ» деп әділдіктің өлшемін бір ауыз сөзге сыйдырған. Басқаруда да осы қағида ескірмейді, елге жақын әкім жеке беделін емес, ортақ істің мүддесін жоғары қояды. Қызылорда жұртының күткені де сол – уәдеден бұрын іс, есептен бұрын нәтиже, биліктен бұрын  елге  қызмет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: