Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экс-президентке елден шығуға тыйым салынды

15.06.2026, 17:35 45

Арменияның бұрынғы президенті әрі «Армения» оппозициялық блогының жетекшісі Роберт Кочарян елден шыға алмай қалды. Ол Ереван әуежайында ұшаққа мінер алдында өзіне шетелге шығуға тыйым салынғанын білген, деп жазады halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Кочарян кеңсесінің мәліметінше, экс-президент 14 маусым күні Еревандағы Звартноц халықаралық әуежайы арқылы шетелге ұшпақ болған. Алайда шекара қызметкерлері оған Армениядан шығуға тыйым салынғанын хабарлаған.

Кочарян кеңсесінің жетекшісі Баграт Микоянның айтуынша, экс-президентке бұл шешімнің себебі еш түсіндірілмеген. Ол жеке сипаттағы қысқа сапарға шықпақ болғанымен, қай елге баратыны жарияланбады.

Бұл жағдай Армения премьер-министрі Никол Пашиняннің сайлау кезіндегі заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы мәлімдемесімен тұспа-тұс келді. Пашинян әлеуметтік желідегі үндеуінде 7 маусымда өткен парламент сайлауында дауыс сатып алу фактілері тіркелгенін айтып, мұндай әрекеттерге қатысы бар адамдарға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеген болатын.

«Дауыс сатып алған күштерге енді мүмкіндік берілмейді. Бұл жөнінде халық өз дауысымен шешім қабылдады», – деді премьер-министр.

Сонымен қатар елдегі ірі кәсіпкер әрі Гүлденген Армения партиясының жетекшісі Гагик Царукянға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура оны аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деп айыптап отыр.

Роберт Кочарян 1998-2008 жылдары Армения президенті қызметін атқарған. Кейін Ресейдің ірі инвестициялық компанияларының бірі – AFK Sistema басшылығында жұмыс істеген.

2021 жылы ол Дашнакцутюн және Қайта жанданған Армения партияларының негізінде құрылған «Армения» саяси блогын басқарды. Бұл блок Ресейге жақын ұстанымымен танылған.

14 маусымда Арменияның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының қорытындысын жариялады. Никол Пашинян жетекшілік ететін Азаматтық келісім партиясы парламенттегі 107 орынның 64-ін иеленіп, жеңіске қол жеткізді. Ал «Күшті Армения» блогы 29 мандатқа ие болса, Роберт Кочарян басқаратын «Армения» блогы 12 орын алды.

Фото: РИА Новости

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: