Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұл – жаман атты партиядан құтылу әрекеті

16.06.2026, 9:30 49

HALYQLINE.KZ

– Ең алдымен екі партияның бағыты бір екенін мойындау керек. Екеуі де – биліктің бағытын қолдайтын, президентті жақтайтынын айтып жүрген, билік партиясы деп аталатын ұйымдар. Сондықтан екі партияның болғаны белгілі бір саяси ойын үшін керек шығар, бірақ оның қандай ойын екенін ешкім білмейді. Дегенмен, екеуінің біріккені – қисынға келетін мәселе. Екеуі бірігетін болса, «Әділет» партиясын құрудың қанша қажеті бар еді? Демек, бұл жерде бір жоспар болғаны анық.

Менің ойымша, мұның себебі мынада: «Аманат» партиясы «Нұр Отан», оған дейінгі «Отан» болды. Бірақ қанша рет атын ауыстырғанымен, халықтың көз алдында негативті бейнесімен ғана қалды. Қаңтар оқиғасы кезінде 6 облыста «Нұр Отанның» филиалы өртенді. Демек, атағы жаман партиядан құтылып, бірақ сол адамдардан жаңа партия жасау қажет болып тұрған сияқты. «Әділеттің» құрылу себебін осы бағытта ғана түсіндіруге болады. Әйтпесе, «Аманат» пен «Әділет» – бір бағытты ұстанатын егіз бала сияқты ұйымдар. Сондықтан оларға екі түрлі ресурс бөліп, екі түрлі ойын ойнап, қолдан бәсекелестік жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан олар біріккені жөн деп санаймын. Қысқасы, мұндағы мақсат – жаман атты партияның атынан да, өзінен де құтылып, бірақ сол адамдармен бірге, сол адамдардың бағытындағы жаңа биліктің партиясын жасау. Мұны өте қарадүрсін, өте ыңғайсыз, халықтық ақымақ санаған саяси ойын деп санаймын. Екі партия біріксе, басшылары – «Әділеттен», мүшелері – «Аманаттан» шыққан партия болатын шығар.

Бірақ бұл жерде «бірігу» деген сөз сай келмейді. Себебі саяси күштер ғана біріге алады. «Әділет» – саяси күш емес, жаңа құрылып жатқан партия ғана. Саяси күш деп қалыптасқан имиджі бар, жасаған ісі көзге көрініп тұратын, сайлауға қатысып, жеңіске жеткен, заң жобаларын ұсынған, қоғамға пайдасын тигізген ұйымды айтамыз. Ал «Әділетте» мұның бірі де жоқ, бір топ адам жиналып партия құратынын жариялады, ұраны мен бағдарламасы ғана бар. Әлі ештеңе істеген жоқ, өйткені енді құрылып жатыр. Күші тең, тарихы бар саяси күштер ғана біріге алады. «Аманат» пен «Әділет» ондай тең деңгейдегі саяси күштер емес. Сондықтан «бірігу» деген сөзді бұл жерге пайдаланудың жөні жоқ, өйткені жоқ партия бар партиямен біріге алмайды. Билік бұл қадамға не үшін барып отырғанын жоғарыда айттық. «Аманаттың» жаман атынан құтылу әрі сол адамдарды пайдаланып, жұмысты бұрынғыдай жалғастыра беру.

Дос  КӨШІМ,

саясаттанушы.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)

Фото: zhasalash.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: