Саяси ғылымдар докторы, профессор және осы саланы ішінен зерттеп ғана қоймай, көзбен көрген маман ретінде партиялар туралы пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Қоғамдағы саяси процесс – үнемі тоқтаусыз жүретін құбылыс. Отыз жыл тарихы, 840 мың мүшесі бар, биліктің тірегі болып келген партия бір күнде аренадан кетті. Әлемдік тарихқа үңілсек, Европа елдерінде де, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда да партиялардың бірігу мен ажырау үрдістерінің болғанын байқаймыз. Кезінде 20 млн мүшесі бар мызғымыстай болып көрінген Коммунистік партияның тарихтан кеткеніне де отыз бес жыл болыпты. Соған қуанбаса, қынжылған партия мүшелерін көрген емеспін. Өзім де әскер қатарында осы партияға командирлердің ұсынысымен мүше болып кіргенмін. Өйткені коммунизм идеясына, әлемде ең мықты жүйе, ең қуатты мемлекет Советтер Одағы деген ұранға имандай сендім. Тым жас, албырт болдық. Кейін қарасақ, осы жүйе, коммунизм идеясы миллиондаған жазықсыз адамның өмірін жалмапты.
Біздің ұрпақ мұны көпке дейін білмей келді. Бірақ 74 жылдық жақсы-жаман тарихымызды біз санамыздан сызып тастай алмаймыз, өйткені ол – біздің аға ұрпақтың, біздің тарихымыз. Тек осындай жүйе енді қайтып келмесін дейміз. Дәл қазір де «Аманат» партиясы тарқады» деп уайымдап жүрген партия мүшелерін байқап жүрген жоқпын. Өйткені партия бізде төменнен жоғары қарай емес, жоғарыдан төмен қарай құрылады. 2000-шы жылдардың бас кезінде біздің қоғамда «Ақ жол» партиясы жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Өйткені оны төмен жағынан қарапайым халық қолдады. Әлі есімде, осы партия 2004 жылғы Парламенттік сайлауда тек Қызылорда облысы бойынша 67 пайыз дауыс алды. Көптеген өңірде де басымдыққа ие болғанымен, сайлау нәтижелері қатты бұрмаланған болатын.
Иә, «Аманат» партиясының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Қарапайым халық шағым-мұңдарын осы партияға айтып келетін, оның біршамасы орындалып та жатты. Өңірлерде осы партия жұмысы арқылы мықты саяси менеджерлер тәрбиеленді. Бірақ партия тым бюрократталынып кеткенін, формальды, нәтижесі жоқ іс-шараларға, орындалмайтын ұрандарға бой ұрынғанын да айтуымыз керек. Президент Әділетті қоғам, Заң үстемдігі, Таза Қазақстан идеяларын үнемі айтып келеді. Жаңа Ата Заңымызда бұл ашық көрініс тапты да. «Әділет» партиясы атауымен 2006 жылы партия құрылған болатын. Оның басында (марқұм болып кетті) белгілі мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Нәрікбаев тұрған еді. Кейін ол партия басқа партиямен бірігіп атауын өзгерткен еді. Жаңа құрылған «Әділет» партиясы мүлдем бөлек. Бұл жоғарыда айтқан президенттің ұстанымдарын жүзеге асыруға барынша атсалысу екені көрініп тұр. Партия төрағасы, 46 жастағы Айбек бауырым мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, ысылып піскен, жігерлі, ең бастысы, көзқарасы мен ұстанымдары тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан жаңа буынның өкілі. Бұл партия да жаңа буынның, жастардың, халық арасында абырой-беделі бар қоғам мүшелерімен толықса дейміз. Ескі парламенттің жүрген жерін желіге салып, өзін-өзі жарнамалағыш, «мен ана заңды қабылдатқыздым, мен мына мәселені шештім» деп жар салатын «көбік сөздерден күбі пісетін» мүшелерімен қатарын былғамаса екен деймін. Партия өзінің мүшелерінің санымен емес, сапалық құрамымен мықты болады. (Бұрынғы парламент депутаты ретінде заң қабылдау, қаржы бөлдіру мәселесі қалай болатындығын жақсы білеміз ғой). Елде көп сөйлемей-ақ, салиқалы ойларымен биік беделімен көзге түсіп жүрген жастарымыз жеткілікті. Жеке өз басым елімізде екі партиялық жүйе болса деймін. Бір партия билік басындағы болса, екіншісі қарама-қарсы таза оппозициялық бағыттағы. Бұл – өзінің тиімділігін дәлелдеген англо-саксондық партиялық жүйе. Өткен отыз жылдағы үлкен кемшілігіміз біз мемлекетшіл бағыттағы оппозициялық көзқарастағы партияны жау көріп, оны тәрбиелей алмадық. Оппозициялық көзқарастағы партия – ол қоғамның кролині, билікті көп қателікке ұрындырмауға әсер ететін дәрі деп ұғуымыз керек. Әлі де кеш емес, ең бастысы, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры мәңгі, халқымыздың әл-ауқатының жақсы болуын жаратқан иеміз нәсіп етсін!
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Фото: dalanews.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!