Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жынданып кете жаздады

16.06.2026, 9:00 68

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

«Адамға ұқсайтын адам» сатиралық романымнан үзінді

Кешіріңіз, Сұмтай кейіпкерімді автор болып отырып, өзім де жек көре бастадым. Орыстар «Не балық емес, не ет емес» дейді, ағылшындар «Neither fish nor meat.» дейді ғой. Тура сол сияқты. Бір тәуірі, адамға «ұқсаған» адам әйтеуір.

Сұмтайдың ойы әуелі бастықтың орынбасары болса, кейін бастықтың өзі бола кетпесіне кім кепіл? Тамақ ішіп отырып та, түшкіріп отырып та, жөтеліп отырып та, қайткен күнде Төргебасардан өш алуды ойлады. О, міне, тапты! Халықаралық Біріккен Ұлттар ұйымына арыз жазу керек! Оның аузынан: «Құдай қаласа, Париждегі Эйфель мұнарасын да сатып аламын! Оған байлығым да, құдіретім де жетеді!» деп мақтанғанын естіген еді.

Сізге бір қызық айтайын, БҰҰ-ның штаб-пәтері Американың Нью-Йорк қаласынан Қазақстанның Астана қаласына көшірілгеніне бір жыл болған. Өйткені, БҰҰ жиынында Қазақстан президенті Тоқаев: «БҰҰ ескірді, жаңа құрылым, жаңа жобалар керек» деген еді. Сол сөзі әсер етті ме, жоқ әлде штаб-пәтер Америкада болса да Америка президенті әлсіз елдерге соғыс ашып отырғандықтан ба, БҰҰ – Астанада! Бұл жөнінде әлем газеттері, әлем саясатшылары, әлем өтірікшілері, әлем өсекшілері, бәрі-бәрі айғайлап жазып, тіпті солтүстік саясаткерлері талып қалған еді. Олар әлі талып жатыр. БҰҰ-ның төрағасы болып қазақ жігіті Тынышбай Бейбітұлының сайланғаны да бар.

Мемлекеттік маңызды стратегиялық жоспарлау және бос қиялдар агенттігінің қызметкері Сұмтай 150 қабаттан тұратын БҰҰ ғимаратына келді. Есік алдындағы күзетшілер кімге келгенін сұрады. Ол Тынышбай Бейбітұлына жолыққысы келетінін айтты. Бір жақсысы, аудан, қала әкімдерін қойшы, қарапайым жындыхана бастығының кабинетіне кіру үшін кезекке жазылып, айлар бойы күтіп жүресің ғой, жынданып… Ал БҰҰ төрағасына жолығу деген жылдам шешілді. Оны 88-қабатқа дейін ұлттық киімдерін киген қазақ қыздары, 88-ден 99-қабатқа дейін Африка қыздары, одан әрі 110-қабатқа дейін Пәкістан қыздары, ары қарай ағылшын сұлулары ертіп әкелді. Құдайым-ай, не деген жазық маңдай, не деген жылы жүзді, не деген салмақты сөзді десеңші! Тынышбай Бейбітұлы орнынан тұрып қарсы алды. Кешікпей қазы-қарта, қымыз-шұбат әкелінді. Ол қабылдауына келгендерді қазақтың ұлттық тағамдарымен күтеді екен. Сұмтай келген шаруасын ұмытып қалды. Не мәселемен келді екен?

– Иә, сізді тыңдап отырмын, — деді ол.

– Қандай мәселемен келгенімді сіздің ыстық ықыласыңыз есімнен шығарып жіберді.

– Атташені шақырайын ба?

– Жоқ. Қазір айтамын. Вето қою керек еді.

– Сіздің кулуар әңгіме айтқыңыз келді ме?

– Мен Мемлекеттік маңызды стратегиялық жоспарлау және бос қиялдар агенттігінің қызметкері едім. Миллиардер бастығымыз Төргебасар Әмірханұлы Эйфель мұнарасын сатып алмақ.

Төраға бірден:

– Сіздің мәселеңізді БҰҰ шешпейді. Біздің миссиямыз басқа. Әлемде соғысты тоқтатып, бейбітшілікті қолдау, аштықты жою, экология…

– Дұрыс қой, бірақ Әмірханұлы Эйфель мұнарасын сатып алу арқылы халықаралық шиеленіс тудырмақ.

– Ол кісі жындыханада есепте тұрмай ма?

– Енді тұратын шығар. Менің білетінім, Эйфель мұнарасын сатып алуға барса, қазақ-француз достығына ащы қызыл бұрыш түседі. Сондықтан оны қазіргі қызметінен алып тастап, тентіретіп жіберу керек.

– Сізге қайталап айтамын, біз мекемелердің басшыларын ауыстыра алмаймыз. Сізге бір ұсыныс, бастық болғыңыз келе ме?

Бастық деген сөзді естісе, басы айналып қалатын Сұмтай елең ете қалды.

– Қандай?

– БҰҰ жанынан БАҰ ашылды. Соның бастығы болсаңыз. Ұлтқа жаныңыз ашиды екен, сосын айтып отырмын.

– БАҰ деген не?

– Біріккен аңдар ұйымы. Түркістан облысында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығына барасыз. Аң біткеннің бәрі үйретілген. Қасқыр қоянға азу көрсетпейді. Арыстан қабанды қумайды. Жолбарыс момын, бейбітшіл…

– Не істеймін сонда?

– Әлі де азу тісін көрсетіп, бейбітшілікті қаламайтын аңдарға тыныштықты үйретесіз. Аңдар бастығысыз…

«Байқап көруге болады екен» деген Сұмтай бастығы Қалтабекке келіп, бір ай кезексіз демалыс алды. Сөйтіп «Ақсу-Жабағылы» қорығына суыт тартып кетті. Әуелі бастық сияқты шіреніп, қорықта қорықпай жүрді. Өйткені бір Тянь-Шань қоңыр аюы мен Тянь-Шань арқары қатар жүріп, бір-біріне еркелеп келеді екен. Аюдың азуы бар, бірақ бейбітшілікті қалайды. Не деген тыныштық! Мензбир суырын айтсаңызшы! Қасқырмен қуаласпақ ойнап жүр! Қар барысы қабанның жанынан жай ғана «күлімсірегендей» өтіп барады… Адамдар да осылай болса ғой. Сұмтай қолына дүрбісін алып, қорықты аралап кетті. Бір кезде алдынан түлкі шыға келді. «Түлкіден қорқамын ба? Қазір көрсетейін!» деген ол түлкіні қуып берді. Сөйтсе түлкі өзін қуып келеді екен. Бүгінгінің түлкілеріне күлкім келеді. «Бұрын олар қашатын, қазір қуады» деп ойлаған Сұмтай бір бұтаның арасына жасырынды. Қолымен жер тірегендей болып еді, алақаны жылып сала берді. Сөйтсе тас сусарының үстінен сипалап тұр екен. Бұл да жыртқыштың бір түрі ғой, тістерін ақситқанда: «Ой, кешіріңіз, сізді танымадым!» деген Сұмтайдың аяғы жерге тиер-тимес қашты. Алдынан қояндар кесіп өтті. Бір жыланды басып кетті. Бір күзен «Бұл қайдан жүр?» дегендей қашып кетті. Ол ертеңіне «Қой, өз жұмысыма барайын, Төргебасарды өзіміздің министрлікке жамандайын!» деп шешті.

(Жалғасы келер жылы шығатын кітапта.)

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: