Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданында екі ірі есірткі алқабы анықталды

16.06.2026, 10:20 60

HALYQLINE.KZ

«Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактілерін анықтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүргізуде.

Кезекті рейд барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы бірлесіп, тікұшақ арқылы әуеден бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм елді мекені маңынан екі ірі есірткі алқабы анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми парақшасында ақпарат жарияланды.

Бірінші алқапты тексеру барысында 1090 түп қарасора өсімдігі және өсімдіктерді суару мен күтіп-баптауға арналған арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді. Аталған дерек бойынша үш күдікті құрықталды.

Екінші алқаптан 849 түп қарасора өсімдігі, ерекше иісі бар шөп салынған бір пакет және өсімдік тұқымдары салынған бір пакет тәркіленді. Бұл дерек бойынша оқиға орнында үш күдікті ұсталды.

Тергеу барысында алынған заттай дәлелдемелерге сараптама тағайындалып, қорытындыға сәйкес тәркіленген өсімдіктердің қарасора тұқымдасына жататыны анықталды.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Жалпы, «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы Қызылорда облысында есірткі қылмысына қатысты 27 құқықбұзушылық дерегі анықталды. 

Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: