Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаза

29.12.2022, 10:00 254

Абай  АЙМАҒАМБЕТ

Абай Аймағамбет 1992 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің түлегі. «Бесінші жатақхана» кітабының авторы. Әңгімелері республикалық басылымдар мен сайттарда жарияланып жүр. Республикалық «Ауылым – алтын тұғырым» (2020) байқауында  II орын, республикалық детектив проза конкурсында I орын (2021) иеленді. Республикалық деңгейде өткізілген «Жусан иісі», «Ауыл хикаялары», «Жасын сөздің жарқылы» әдеби байқауларының жүлдегері атанды.

2022 жылы «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесінде «Үздік проза» номинациясы  бойынша  жеңімпаз  атанды.

Аспан ашылар, ашылмасын білмей дағдарып тұрғандай. Айнала бозғылттанған алагеуімнен себелеп жауған жаңбыр таң құланиектене бастағанда одан әрі үдей түскен-ді. Кенет таңсәрі шамасында біреу аспан­ға ілінген алып құманның шүмегін еппен бұрап жауып жатқандай  жаңбырдың  қарқыны бірте-бірте әлсіреп, соңында тіпті сиреп, сіркіреп  барып  басылып  тұр  еді.

Темекісін  су толған көлшікке қарай шиіріп жіберген қой көзді, ұйыс­қан бұйра шашты, орта жастағы инспектор Санжар Қабидолдин ішке кірді. Мұндай көрініске әбден көзі үйренгеннен болар ұзыннан сұлап жатқан егде кісінің денесіне самар­қау  қарап  біраз  тұрды.

– Жорналшыларға пәлендей ақпарат айтпай тұра тұр, – деді ол көмекшісіне  сыбырлай  сөйлеп. 

– Олар  қазірдің  өзінде жазып жатыр…

Көмекшілікке жақында ғана та­ғайындалған Сәтбек басшысына үрке  қарады.

– Не дейді сонда?

– Сол баяғы… Жандикті басты күдікті  деп  жазады…

– Солар  бізден  де  жылдам, бізден  де  кәсіби, ә?

Соны айтам дегендей Сәтбектің тыжырынған жүзінде дарбазаға ентелеп тұрған жорналшыларды анық жақтырмау  бар.

Тілшілердің Жандикті күдікті қылуы жөнсіз де емес. Бүгін елең-алаң­да мерт болған Сағижан Тайы­ров деген азаматтың тірі кезінде жауласып өткен жалғыз бақталасы дәл өзіндей ауқатты бай Жандик еді. Екеуі былай да, ел алдында да бақас­тығын ашық айтып, бір-бірін ашық айыптап жүретін. Тіпті Жандиктің адамдары Сағижанның ізін кесіп, соңғы уақытта жатқан-тұрғанын да бақылауға көшкен-ді. Міне, ондай адамнан күдіктенбеу де күнә болар ма еді. Бірақ қай істі де тереңнен зерделеуге үйренген инспектор Қаби­долдиннің күдігі басқа тарапты кезген. Басқа болғанда осы сарай қызметшісін  айналсоқтаған…

Сағижанның бизнесі дөңгелеп, оған қатысты дүрбелең туа бастағаннан мұндай дау-шырғалаңның түбі жақсылыққа апармасын сезген де, түбі өміріме тірек боларлық, биік мансапқа жол ашарлық ісім болар-ау деп топшылаған. Міне, бүгін бизнес­меннің ойда-жоқта ажал құшуы оны өз мақсатына тағы бір қадам жақындата түсті. Сондықтан іштей қуанса да, онысын сыртқа сездірмей, салқынқанды ұстайды. Әрі мұндай қылмысты едел-жедел ашып тастау да оңайға соқпайды. Кейбір күдікті тамыр-таныстықты пайдаланып ұстатпай кетеді, кейде жорамалың қисынын таппай, бос арамтер боласың. Іштей қуанары – мұның тәжірибесінде ондай шалағайлық болған емес. Өңшең ойлағаны расқа айналатын да отыратын. Сондықтан бұл жолы да нысанадан мүлт кетпеуі тиіс. Әзірге жіптің бір ұшы саусаққа ілігіп  тұрған  сияқты.  Енді  соны  еппен  тарту  абзал.

Мәйіт ұзыннан сұлап түскен күйі жатыр екен. Басы аздап оңға қисайған. Пышақ оң жақ қарына, кеудесіне, сол жақ санына аямай сілтенген. Соққылардың ауырлығы сонша бейшара жедел жәрдем келгенге де­йін-ақ шыбын жанынан айырылып қойғанға ұқсайды. Кеше ғана ақ дегені алғыс боп тұрған дөкейдің бет-жүзіне жақындап қарады. Өлген соң енді бәрі де бәрібір ме, әлде мынау өмірге шынымен хош-риза ма, әйтеуір байдың бетінен ешбір қиналыс белгісі байқалмайды. Өлсең де сыр бермей жатырсың-ау ә деп қойды ішінен. Сосын еңкейіп еденде жатқан хат пішінді бүктеулі қағазды қолына алды.

«Сені біздің обалымыз жібермейді!  О  дүниеде  жауап  берерсің!».

Барынша көркем әдіптелген жазу инспектордың күдіктіге деген күмәнін одан әрі айқындай түсті. Ол да дәл  осылай  тісін қажап, ебін тапса екі бүктегісі келіп жүрмеуші ме еді. Енді не тұрыс? «Тіпті жазу мәне­рі де соның жазуынан аумайды!» деп  тағы  бір  ойлап  қойды.

Басын көтеріп айналасына қара­ды. Терезе ашық тұр. Жақтаудан кемі 41-42 өлшемді аяқкиімнің алға, сосын артқа басылған ізі байқалады. Демек, қылмыскер бақ жақтан кірген. Сол ізімен қайта кеткен. Қылмыс болған кезде дауысы шығып тұратын желдеткіш қосулы болыпты. Оны әлгінде ғана кеткен фельдшер де растаған. Асүй теледидары сірә, қылмыстан кейін өшірілген. Бөлме ішінде басқа айғақ боларлық ештеңе жоқ. Қылмыскер пышақты өзімен бірге алып кеткен. Не суға лақтырды, не құмға көмді, әйтеуір көзін құртты. Асүйде жоқ болғанымен, үйдің айналасы мен холл, кіреберіс бөлмелерге түгел камера қойылған. Әлбетте, қылмыскер оның бәрін өшіріп тас­таған шығар деп ойлаған еді бағана осында келе жатып. Дәл солай істепті де. Пышақ жоқ, камера өшірулі, енді қылмысты басқалай әдіспен ашпаса болмайды. Қылмыс дегеніңнің өзі сонымен қызық. Айғақтар аясының тарыла түсуі инспектордың аранын ашып, тәбетін тіпті құтыртып жіберуші еді. Дәл солай таңдайына қан дәмі  келіп,  бүркіттей  шүйіле  түсті.

– Теледидарды қоса аламыз ба? – деді айналасын асығыс шолып болған соң.

– Иә, – деп елп ете түсті Нұрлыбек, ол өзі осында шаруашылықпен айналысатын, – Міне.

– Қоса қойшы, – деді инспектор пультті  өзіне  алмай.

Музыка арнасы қосылып тұр екен.

– Дауыс тетігін бір рет қана басқайсың, – деді қос қолын айқас­тыра артына ұстаған қалпы экранға телміріп. Дауыс деңгейі 28-30 болып тұр  екен.

Мұнысы да түсінікті болды деп ойлады. Желдеткіш пен теледидар бекерге аңырап тұрмаған әлбетте. Бұл да із жасырудың тікелей бол­маса да, жанама амалы. Тым құрығанда зәулім үйдің қуыс-қуысына қылмыс дауысын  естіртпей  тұрады.

– Ал енді  әңгімелесейік, – деді есік  аузында  үрпиісіп  тұрған  төр­теу­ге бұрылып, – келіңіздер ішке, ке­ліңіздер, – қолымен  бұлғап  ша­қыр­ды.

Асүй деген аты болмаса, есік пен төрдің арасы конференция өткізіп жіберуге болатындай-ақ кеңшілікте салыныпты. Инспектордың күдік арқалатып тұрған адамы да әлгінде теледидар қосқан Нұрлыбек деген жас жігіт еді. Қожайынына жасаған бұрынғы қылықтарын да жақсы білетін. Енді мынауы тіпті бұлтартпастай болып тұр. Сонысына қара­май өзі тым қатты қорықпайтын секілді ме, қалай… Бұрын да құтқарып жібердің ғой, осы жолы да жымын білдірмейтін шығарсың деп қарайтындай. Ал Санжардың енді кімді болса да құтқаруға ықыласы жоқ. Түбегейлі. Бұл өзі тағдыршешті іс болғалы тұр, не өсесің, өскенде де ту биікке заулайсың, не біржола осы инспектор қалпыңда қаласың. Ондай жолайрықта тұрған адамның жана­шырлыққа жол бере қоюы екіталай. Әрі шын қылмыскерді кешіре салудың өзі де – қылмыс. Бұрын кешірсе, онда  адам өлімі бола қойған  жоқ. Үлкен өлшеммен алғанда  майда-шүйде  еді.

– Сенен бастайық, – деді Нұрлыбекке жақындап, – түнде, таңға жуық қайда болдың? Айтып берші, қане?

– Жолдас инспектор, мырзаның өліп жатқанын көргенде төбемнен жай түскендей аңырадым да қалдым. Кеше кешкілік қана жүзбе-жүз сөйлес­тік. Ол аңшылықтан келді де, мылтықтарын тапсырды. Мен оны әдеттегідей  қоймаға апарып қойдым. Шамалы  әңгімелестік.

– Не туралы айттыңдар?

– Әншейінде тек тапсырма бере­тін, не жұмыс жайында ғана сөйлейтін, бұл жолы өмір туралы, аманат жайлы айтты. Өзім де таңғалдым. Мен ойлағандай емес, мейірімді кісі екен ғой деп таң-тамаша боп, ішім жылып  қалды.

– Сіз сонда қандай деп ойлаушы едіңіз?

– Енді…

– Оңбаған, мейірімсіз, кедейлер­дің  нанын  тартып  алғыш  деп  пе?

– Жо-жоқ, о не дегеніңіз мырза?

– Таң алдында ұйықтап жаттыңыз ба?

– Әлбетте, солай. Күні бойғы сапы­рылыстан  қажып  қалыпын.

– Күндіз не сапырылыс болып еді?

Инспектор Нұрлыбектен көзін айырып, енді қалған үшеуіне де бір-бір қарап өтті. Нұрлыбек өзінен бір адым кейін тұрған үшеуге бір қайы­рылып алды да, тағы да күмілжіп сөйлеп  кетті.

– Сапырылыс болғанда… сол кәдімгі бақша суару, көлік жөндеу, оны-мұны  тірлік…

– Жарайды делік… сонда төменгі қабаттан  айғай-шу  естімедіңіз  бе?

– Естідім, бір оянып кеткенімде саңқылдап ән айтылып жатыр екен. Әрине, үйде ешкім мұндай уақытта ән тыңдамайды. Тыңдаса да есігін жауып алар еді. Сол қызығу­шылықпен төменге түсіп, асханаға кіргенімде міне, мына жағдайға куә болдым, – деп қолымен мәйітті нұсқады.

– Мырзаларыңыз сіздерді жұмысқа  алғанда,  демалысқа жібергенде өтініш жаздырушы ма еді? – деп үрпиіскен үшеуге қарады. Олар кім жауап береді дегендей қарашық­тары  бір  нүктеге байыз тауып тоқтай  алмай аз тұрды да, алжапқышы сау­ыс-сауыс  болған,  қорыққаннан  сусып  түсіп қалғалы тұрған орамалына қарауға мұршасы келмей қалған кексе  әйел  ептеп  алға  шықты  да:

– Жаазз-ғызз-атын, – деп үш бөліп  әрең  тіл  қатты.

– Ал олары қайда сақталады? Инс­пектордың дауысы саңқ ете түсті. Әлгілер де қыбыр-қыбыр ете қалды.

– Жоғарыда, – деп сұқ саусағы­мен төбені нұсқап жауап берді әлгі әйел.

– Сәтбек, мынаны ертіп мырзаның кабинетіне бар да, төртеуінің жұмысқа кіру, демалыс алу туралы өтініштерін тауып әкелгейсің, – деп лезде дауысын жұмсартты. Сәтбек пен алжапқышы сауыс-сауыс болған кексе әйел төбеге кетті. Қалған екі қызметкер – жұмысқа жақында ғана тұрған өндірдей жас қыз Алина да, екіншісі – көлік жүргізуші, 28-27 жас шамасындағы Темір есімді бойдақ  жігіт  еді.

* * *

Нұрлыбекті ә дегеннен күдік нысанасына алатындай да жөні бар. Оны Сағижанның қарамағына жұмыс­қа кіргізген өзі еді. Иә, инс­пектордың өзі. Алыс жамағайын, ауылдас туыс боп келуші еді. Бизнесменмен жиі жолығысып, сөзі жарасатын заманда жұмысқа алдыртқан. Бірақ інішегі аса бір тәубешіл адам болмай  шықты.

Мырзаның ұлы Сәйдік, ұл деген аты болмаса, әкесіне ат ізін сала бермейді. Әйелі ертеректе өлген. Жас тоқалы бар деп естуші еді. Онысын бұл үйге келгелі көрмеді әлі. Соған қарағанда басқа қалада сияқты. Ал мырза дегеніңіз құдайдың құтты күні іссапарда жүреді. Жоқтаушысы жоққа тән, мұрагерлігін «тартып алу»  да  күнә  болмас  деп  түйген-ді. 

Әуелде қожайынын улап өлтірмекші болды. Қылмыс жеткілікті деңгейде дәлелденбей, аман қалды. Кейін бетін тұмшалап, оқ атып масқара бола жаздады. Әккі инспектор соңғы істі жанашырлықпен емес, мақсатты түрде жапты. Көпе-көрнеу, бірақ аса кәсіби кейіппен қорғаштады. Сол үшін Сағижаннан сөз де естіді. Жандик екеуінің де жауласа бастайтыны осы тұс. Көп өтпей не Жандик, не Сағижан, екінің бірінің жаны жай табар деп іштей топшылады. Сөйтті де Нұрлыбекті аман қалдырды. Оның бұл үйде қызметші болып жүре бергені жөн еді. Ертең мырзаға әлдеқалай қастандық жасала қалса, сосын оның із-дерегі табыл­май жатса, Нұрлыбектің мойнына іліп жібергенге оңай. Ал шындап келгенде Нұрлыбектің өзі тағы да бір мәрте талаптанып көруі де бек мүмкін ғой. Онда тіпті жақсы. Инс­пектордың ойынша, сірә, соңғы нұсқа жүзеге асып тынған сияқты…

– Көрдің бе, – деді айналадағы у-шу саябырсып, адамдар тараған кезде Сәтбекке қарап, – жазу мәнері аумайды!

Көмекшісінің алдына Нұрлыбек­тің жұмысқа кіру үшін жазған өтіні­шін тосты. Расында, мұндағы жазу мен бүгін асүйден табылған хаттағы жазу мәнері бірдей-ақ. Осы кезде телефоны шылдырлады. Қазір іссапарда жүрген мырзаның ұлы Сәйдік екен. Ол да әкесіне тартып үйіне сирек аялдайтын, дала кезген бизнесмен.  Мына  үйде мырза жалғыз тұрады.

– Анықтап жатырмыз, – деді инс­пектор шаршаған дауысқа салып, – таңнан бері үйді түгел тінтіген криминалистер саусақ ізін таппай кеткен, дегенмен жау алыстан келмеген сияқты, айналасы екі-үш күнде бір жағына шығып та қалармыз.

Осы кезде ішке әлгіндегі кексе әйел кіріп келді де, бірдеңе айтпақ ниет байқатты. Инспектор мынау­мен сөйлесші дегендей Сәтбекті әйелге қарай бағыттап, өзі теріс айна­лып, мырзаның баласымен әңгі­мелесіп кетті. Әңгімесін доғарып, холлға шықса, Сәтбек сәл абыр­жыңқырап  тұр  екен.

– Бұл жерде жалғыз күдікті Нұрлы­бек  емес, – деді  жүзі  түтігіп.

– Кімді  меңзеп  тұрсың?

– Әлгі әйел, шұғыл жұмысым шықты деп сұранбақшы, мен жібермей қойдым, осындай алас-күлесте із  жасыруды  да  ойлауы  мүмкін  ғой.

Екеуі холлдың бүкіл қабырғаны бүтіндей алып тұрған терезесінен аулаға көз салды. Сәтбектің сөзін дәлелдей түскісі келгендей орамалы біресе оң жағына, біресе сол жағына сыпырыла түсіп, аспаз әйел байыз таппай  жүр  екен.

– Тезірек  тергейік! – деді Сәтбек алқынып, – өзім-ақ аузындағысын суырып  аламын!

Әйелдің әлденеге алаңдап, маза­сы қашып жүргенін аңғару үшін инспектор болудың да қажеті шамалы еді. Бірақ аяқ асты болған өлімге абдырап, өзіне расымен күйе жағылып, қосақ арасында кетем бе деп те аласұрып жүруі, не шынымен әлдеқалай отбасылық бір шаруасы үшін де күйгелектеніп жүрген болуы әбден мүмкін ғой. Инспектор осы ойларды санасында қатар жарыс­тырып барып көмекшісіне жауап қатты.

– Ешқайда жіберме! Бірақ менің түйсігім алдамас. Енді тек тағы бірер құрамын тапсақ, істі толығымен жаба­мыз. Қалғандарды тергейміз, әлбетте.  Тек  куәгер  ретінде.

Сөйтті де Нұрлыбектің бүкіл аяқкиімін жинап алып, сараптамаға жіберетін  болып  шешті.

* * *

– Мен кеше күні бойы үйде болдым, – деді Алина инспектормен оңаша бөлмеде сөйлесу сәтінде. Ұзын шашын төбесіне түйген, қара­саң көзің тоймайтын, талдырмаш келген, қағаз бетіндей аппақ қыз. Бұрын-соңды бұл күйге түспеген, қызыл жағалыны тосырқап, аздап қобалжып  отырғаны анық  байқалады. – Мұндағы  міндетім – аспазға  көмектесемін   әрі   үйді  таза­лаймын.

– Кешеден бері үй айналасынан, ішінен күдікті ештеңе байқамадыңыз  ба?

Алина  мұның жүзіне көз  тоқ­татып бір  қарап алды да, қобалжыған күймен сөзін  жалғады, ептеп жана­рына жас үйіріліп те қалды, – бай­қа­дым, – деді дауысы дірілдеп, – кешкілік сырт­қы есікті сүртіп, дезинфекциялап бола бергенде бақ жақтан сыбдыр естілді. Әдетте көлік жүргізуші Темір мен Нұрлыбек бақ ішіндегі скамейкада карта ойнап, сыра ішіп отыратын. Солар шығар деп ойладым. Бірақ сыбдыр ұлғая берді де, көңілім алаңдай бастады. Не болса да барлап көрмекке бекіндім. Құдды ішке кіріп кетсем, артымнан кеп бас салардай, барып көрсем жүрегім  жайланардай  болып  тұрды.

– Тездетіңіз, – деді инспектор орны­нан лып етіп көтеріле кетіп, қыз иегіне саусағын тіреді. Қыз одан әрі  тітіркеніп  сала  берді.

– Сосын, сосын… әлдебіреу бақ ішінен атып шықты да, бас салып қуды, жан-дәрмен қашып бердім, бірақ ол алыста, бақтың түкпірінен шықты, сондықтан үйге кіріп, есікті кілттеп  үлгердім.

* * *

Осы уақытта көрші бөлмеде Сәтбек көлік  жүргізуші Темірді сұ­рақтың  астына  ап  жатқан.

– Иә, ара-тұра Нұрлыбек екеуміз скамейкада карта ойнаймыз, бірақ кеше кездесе алмадық. Мені бастық құрылыс материалдарын алып келуге жұмсады да, үйге кеш оралдым. Рахима әпкейдің асын ішуге әрең шамам  келді.

– Әлгі  кексе  әйел  ғой?

– …Иә… иә, Рахима апай деген сол  кісі…

– Содан?

– Асымды ішіп бөлмеге кіріп енді жата бергенім сол, есік қағылды. Аса бір оқыс, жайсыз қағылды. Ашқанымда өң-сөлсіз Алина тұр екен. Бақ жақтан сыбдыр естігенін, әлдекімнің бас салып қуып бергенін айтты. Нұрлыбек қоймада мылтықтарды оқтап, майлап, орап отыр екен. Ол өздерің бара беріңдер, мынаны бітірейін деді. Алина екеуміз сыртқа шыққанда әлгі сыбдыр тағы да естілді. Жақындап барғанымыз сол, тұтастай қара киінген екі адам шөп арасынан атып шықты. Қолдарында тапанша. Біз айғайлап Нұрлыбекті шақырдық та, алды-артымызға қарамай қашып бердік. Нұрлыбек мылтығын сайлап шыққан кезде ешкімді де таппай қалдық.

– Бұл әрекеттеріңіз камераға түскен  болар?

– Солай  болар, мырза.

– Қосшы, қәне.

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: