Қазақстанда құрылуы мүмкін жаңа саяси ұйым – «Әділет» партиясының бастамашыл тобы әлеуметтік желі арқылы өздеріне жиі қойылатын сауалдарға жауап берді.
Instagram желісіндегі ресми парақшада жарияланған мәліметке сүйенсек, бастамашылар партия құру идеясын Жаңа Конституцияны жүзеге асырумен және «Әділетті Қазақстан» ұстанымын нығайтумен байланыстырады. Олардың айтуынша, бұл бастама әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс секілді құндылықтарды ұстанатын азаматтарды біріктіруді көздейді.
Жарияланған жазбада партияның негізгі аудиториясы ретінде ғылым мен білім саласына үлес қосып жүрген азаматтар, мәдениет өкілдері, кәсіпкерлер, жастар және ел болашағына сенетін қазақстандықтар аталады. Бастамашылар бұл топтарды қоғамның әл-ауқаты мен өркендеуіне еңбек етіп жүрген белсенді орта ретінде сипаттайды.
Сондай-ақ партия құру идеясы Жаңа Конституция жобасын дайындау кезеңінде бірлесе жұмыс істеу барысында туындағаны айтылған. Жазба авторлары сол кезде елдегі прогрессивті реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа саяси ұйым қажет деген тоқтамға келгенін жеткізеді. Олардың пайымынша, мұндай ұйым реформаларды қолдайтын азаматтардың саяси тірегіне айналуы тиіс.
Парақшада жарияланған жауаптардың бірінде бастамашылар өздерін оппозициялық не билікшіл партия ретінде емес, «Жаңа Конституцияның партиясы» деп сипаттайды. Олар бұл ұйым Конституция қағидаттарының толық іске асуына және қатаң сақталуына жұмыс істейтінін мәлімдеген. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған реформалардың толық әрі жан-жақты орындалуын қамтамасыз ету мақсаты да көрсетілген.
Жарияланған мәлімет бойынша, «Әділет» партиясының құрылтай съезі мамыр айының басында өтуі жоспарланып отыр. Ал партия қатарына қосылу үшін жақын арада онлайн мүшелікке өтініш беруге мүмкіндік беретін арнайы платформа іске қосылмақ.
Әзірге бұл бастама бойынша ресми тіркеу, құрылтайдың нақты күні мен ұйымның толық бағдарламасы жарияланған жоқ. Дегенмен әлеуметтік желідегі осы жазбалар жаңа саяси ұйым құруға байланысты алғашқы ұстанымдар мен жоспарларды аңғартады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!