Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мажарстандағы метаморфоза: Қазақстанға әсері қандай болмақ?

14.04.2026, 19:10 47

HALYQLINE.KZ

Оның себептері мен Қазақстанға әсері туралы

Мажарстанда елді 16 жыл бойына басқарған Орбанның «Фидес» партиясының күні кеше парламенттік сайлауды жеңілуінің басты себебі негізінен ішкі саясатта емес, сыртқы саясатта деп сенімді түрде айтуға болады. Ол үдеріс сайлауалды үгіт-насихат барысында тіпті ап-анық сезілді.

Әрине, кез келген билік тұсында оның ішкі және сыртқы саясатына көңілі толмайтын күштер бола бермек.

Ішкі жағдайға келсек, экономикалық дамуы жағынан Венгрия Еуроодақ елдерінің ішіндегі ең артта мемлекеттер қатарынан табылып келеді, бейнелеп айтсақ, кешегі социалистік лагерьдің шинелінен шыққан ол басты экономикалық көрсеткіштер жөнінен (жалпы ішкі өнім, оның адам басына шаққан көлемі, орташа жалақы және т.б.) өз қатарластарынан кенжелеп қалды. Сол себепті билік басындағы «Фидестің» оппозициялық қарсыласы «Тисаның» елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты айтып келген сыны әбден орынды болды әрі сайлаушылардың көңілінен шықты деуге болады.

Алайда бұл жолғы сайлауда сыртқы саясаттың орны басымдырақ болды.

Орбан болса, Еуроодақ құрамындағы елдің проресейлік бағытын ұстанумен есте қалмақ.

Әрине, оның объективті себебі де жоқ емес: Венгрия, Шығыс Еуропаның кейбір елдері секілді Ресейдің мұнайы мен газына күні қарап қалған. Кім білген, кешегі социлистік лагерьдің идеологтары осы елдерді осылайша жіпсіз байлап қойды ма? Не десек те, жағдай сондай.

Бәлкім, басқа, бізге беймәлім себептері болса керек, не десек те, Орбан сыртқы саясаттың басты бағыттары бойынша (Ресейге қатысты ұжымдық Батыстың санкцияларын жүзеге асыру, Украинаға Еуроодақ тарапынан қаржылық қолдау көрсету) «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» ұстанымының классикалық үлгісі болды.

Меніңше, егер де Орбан біржақты, ресейшіл сыртқы саясат ұстанбай, шахмат ойынында өзін шебер гроссмейстер ретінде көрсетіп, Еуроодақтың арбасын да сындырмай, Ресейдің өгізін өлтірмей, тереңдік, керек десеңіз, қулық таныта білгенде, кім білсін, сайлау нәтижелері басқаша болар ма еді?

Сайлауда жеңіске жеткен Мадьяр бастаған «Тиса» партиясы сыртқы саясатта батысшыл, еуропашыл бағыт ұстанатыны үгіт-насихат науқанында ерекше сезілді.

Бұл дегеніңіз, ендігі жерде Еуроодақтың консенсустық шешімдер қабылдауға даңғыл жол ашылды, ЕО бірлігі одан сайын артады, яғни оның сыртқы саясаттағы беделі жоғарылай түседі деген сөз.

Бұл сайлау – АҚШ пен Ресей құлағына жетуі тиіс мықты қоңырау. Орбанды Трамп пен Путин ашықтан-ашық қолдады, оны Орбан өз митингілерінде молынан пайдаланды. Алайда, ол қолдау керісінше әсер еткен секілді. Философияда «жалқы» мен «жалпы» категориялары бар екенін ескерсек, Венгрия сайлаушыларының көзқарасы – бүкіл Еуропа электоратына да тән деген сөз.

Әрине, билікке келген Мадьяр үкіметі әп-сәтте Ресейден ат құйрығын кесісіп, кете алмайды, оның негізгі себебін жоғарыда айтқанбыз. Кешегі баспасөз мәслихатында жаңа премьер Мадьяр Ресеймен қарым-қатынаста «прагматикалық көзқарас ұстанатынын, елдің Ресейге әлі де энергетикалық жағынан тәуелді екенін» баса айтты.

Десек те, менің ұғуымша, Венгрияның сыртқы саясаты Орбан тұсындағыдан өзгеше болатыны анық.

Жер шарының басқа бөлігінде орналасқан Мажарстандағы метаморфозаның (грек тілінен metamorphosis — «айналу», «түрлену») Қазақстанға тигізер әсері қандай?

Меніңше, мәселенің төрт жағы бар.

Біріншіден, мажарлар өздерін түркі (қыпшақ) санайтыны белгілі. Венгрия Түркі мемлекеттері одағының жұмысына белсенді араласып келеді. Міне, осы бағытта түбіміз бір туыстармен байланысты жандандыра түсуге болар еді.

Екіншіден, демократиясы дамыған елдердің сайлау тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бір-біріне саяси қарсылас, оппозиция күштердің болуы және де олардың ашықтан-ашық саяси бәсекеге түсуі міндетті түрде сол елдің шырқын бұзады деген сөз емес! Керісінше, билік пен оппозиция болуы – кез келген елдің өркениетті дамуының маңызды шартының бірі! Мадьяр мен Орбан бір-бірін сынап, мінеп айтысқаннан Венгрия ұтылған жоқ, ел тарап кеткен жоқ, керісінше, заңды түрде тіркелген оппозиция заңды түрде билікке келуі елдің тұрақтылығының кепілі болып отыр. Соншама уақыт елді басқарған Орбан жеңілісін мойындады. Ол да саяси күрестің өркениеттік сипатта екенінің айғағы болды, біз де болса, әлі ондай үрдіс қалыптаса қойған жоқ…

Үшіншіден, «орыс әлемінің» аумағын кеңейтіп, сол арқылы өз ықпалын арттыруға ұмтылған солтүстік көршіміз басқа елдерде болып жатқан сайлауларға қатысты гибридтік әдіс-тәсілдерді қолданып жүргені жасырын емес. Өз еліміздегі сайлауларда осы жайтты ескеріп, алдын алу шараларын ойластырып қойғанымыз да артық болмас.

Төртіншіден, өзіміздің көршімізбен қарым-қатынаста достық, әріптестік қағидаттарын ұстана отырып, іштегі айтпаса да түсінікті геосаяси астары бар демографиялық факторларды ескере отырсақ та, Қазақстанның, қазақтың ұлт ретіндегі түпкілікті мақсат-мүдделерін қорғау жөніндегі тактикамызды да қайта қарап, ұлттық мәселелер бойынша риториканы күшейте беруге жаңаша мүмкіндік ашылған сияқты.

Соның бір нақты амалы кезінде, Назарбаев тұсында қабылданып, жылы жабылып қойған «Еуропаға қарай жол» секілді тұғырнамаларды қайта жандандыру болар еді.

Әміржан  ҚОСАН,

cаясаткер.

Abai.kz

Фото: аbai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: