Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұрын  және  қазір

19.04.2026, 15:00 64

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Досым Досымбайды бұрын ауылдағы үйіне іздеп барғанымда ашық-шашық жататын шарбағынан асып түсіп, рұқсат сұрамай-ақ, кіріп бартын едім. Тыриған тауығын сойып, алдыма қатқан-құтқан нанын қойып, керемет көңілмен қарсы алатын. Әйелі түннің бір уағында керемет көңілмен қуып шығатын.

Арада жылдар өткенде, досым Досымбай кенеттен байып кетіп, қалаға көшіп кетті. Бұрын екеуміз аспанға қарап жұлдыз санайтынбыз, қазір ол доллар санайды. Жай байыған жоқ – байлық оны толық иемденіп алды. Бұрын ол үйде тұрса, қазір ол статусында тұрады. Адам емес, «тірі жетістік» болды. Тіпті өзін де өзі сирек көреді – көбіне желідегі суретте, профильде, не бизнесте жүреді. Өзімен сөйлесіп, сағынышымды басайын десем, телефонын көтермейді. Көтерсе мейлі ғой, не жөтелмейді. Кешке дейін хабарласамын деп, қарным ашып кетті. Содан оны танитын танысыман үйінің мекенжайын сұрап алдым. Танысым оның көршісі еді. Досымбайдың үйінде екенін айтты. Таксилетіп жетіп бардым. Үйі сұмдық енді, екі қабатты коттедж. Баяғы ашық-шашық шарбақ жоқ, биік Қытай қорғанының филиалы сияқты. Иә, достықты өткізбейтін сүзгі – өткенді кіргізбейтін шекара. Досымбайды елестетіп тұрмын: қарны қампиып, ерні салпиып, аузы аңқиып, күліп қарсы алатын шығар? Темір қақпадағы бейне қоңыраудың түймесін бастым. Үн жоқ. Есесіне қақпа түбінен бір иттің арс ете қалғаны. Шошып кетіп, ақырын келіп тағы бастым, бастым да, кері қаштым. Әйелінің ирек толқынды дауысы шықты.

– Бұл оңбаған кім?

– Мен оңбаған.

– Оңбағанның аты кім?

– Досымбайдың досы Далабай.

– Екі кештің арасында неге келдің?

– Досымбайға.

– Досымбай ваннадағы жылы су ішінде ұйықтап жатыр.

– Кәрима, мен ғой, Далабаймын. Қақпаны ашсаңшы.

– Кім көрінгенге ашпаймыз.

– Кім көрінген емес, досымын ғой.

– Қазір кім көрінгенсің…

Мұғаліммін ғой, қалтамнан бор алдым да, қақпаға: «бұл жерде Досымбайдың моласы, өліп жатса да қолында кокаколасы » деп жазып кеттім, көңілім қалып, табан астында азып кеттім…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: veselahata.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: