Бүгін Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің тұрғындары үшін бұл – жай жексенбі емес. Кент халқы ауылдық округ әкімі болуға үміткер кандидаттардың біріне дауыс беріп, өз таңдауын жасауда. Сайлаушылар учаскеге ертемен келіп, елдік маңызы бар науқанда конституциялық құқығын пайдалануда.
Белкөлдіктер туған жердің ертеңіне бейжай қарамайды. Сондықтан да көпшілік таң атпай сайлау учаскелеріне келіп, науқанға белсенді қатысуда. №236 сайлау учаскесіне отбасымен бірге келгендердің қатарында көпбалалы Дайрабаевтар отбасы да бар.
Көпбалалы ана өз пікірінде әр ата-ана баласының болашағына жауапкершілікпен қарайтынын айтты.
«Әрбір ата-ана балалары үшін өмір сүреді. Ал балалар – біздің келешегіміз. Туған жерімізді көркейтемін деген азаматқа дұрыс таңдау жасау – сайлаушыларға тікелей байланысты. Біз балаларды да учаскеге ертіп келіп, жауапкершілікті жас кезінен түсіндіру қажет деп есептейміз. Сондықтан осы кенттің тұрғыны ретінде бірде-бір сайлау мен референдумнан қалыс қалған емеспін», – деді ол.
Белкөл кентінде барлығы 1117 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген.
Заң талаптарына сәйкес, денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар тасымалданатын жәшік арқылы дауыс бере алады. Осыған байланысты кент бойынша үйден дауыс беруге 6 өтініш түскен.
Айта кетейік, ауылдық округ әкімі лауазымына үміткер 3 кандидат бюллетеньге енгізілген. Кандидаттардың орташа жасы – 42 жас.
Еске сала кетейік, дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!