Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұқаралық сананы манипуляциялаудың қаупі қандай?

16.04.2026, 8:40 124

Қазіргі уақытта белгілі бір ақпарат – жай ғана коммуникация құралы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы адамдардың санасына ықпал ететін қуатты құрал. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі сананы бұрмалауға арналған ақпараттардың көбейгені соншалық, оны шынайы ақпараттан ажыратудың өзі қиынға соғады. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын, қара ниетті адамдар қоғамдағы қорғансыз жандардың санасын билеп, басқарудың неше түрлі айла-тәсілін ойлап табуда. Осылайша, олар әлеуметтік желілер арқылы аңқау адамдарды жалған ақпаратқа сендірудің жолдарын тауып, қоғамдық пікірге белгілі бір ықпал жасап, өз арам ойларын жүзеге асырып жүр.

Бір алаңдатарлығы, бұрмаланған ақпарат бүгінгі медианың күнделікті тәжірибесіне айна­лып кетті. Оған мысал, кликбейттік тақырып, я болмаса, мәнмәтіндік бұрмалау. Мысал келтірейік. Өткен жылы отандық ақпараттық кеңістікте «Шай в большом городе» фильміне қатысты дау-дамай болғанын білеміз. Әлеуметтік желіде фильмді насихаттау мақсатында түрлі манипуляция жасалып жатқаны туралы пікірлер көбейді. Журналист Кәмшат Тасболат осы мәселеге байланысты фейсбук желісінде көлемді жазба жариялап, фильм командасы мен блогер Құралай ханымның әрекетін өткір сынға алды. Әріптесіміз Кәмшат Тасболат өз жазбасында фильмге адам тарту үшін қолданылған тәсілдерді «манипуляция» деп атады: «Достар, анау «Шай в большом городе» деген фильмге адам тарту үшін неше түрлі манипуляцияның жасалып жатқанын көріп отырмыз» деп жазды әріптесіміз. Бұл жерде ең үлкен дау тудырған мәселе – Құралай ханымның қоғам белсенділері мен фильмге сын айтқандарға қарата айтқан сөзі. Оның «Отан» сөзін боғауыз мағынасында қолдануы журналистің ашуын туғыз­ған. Кәмшат Тасболат бұл сөзге құқықтық баға берілу қажеттігін атап өтті: «Құралай ханымның «Қолынан түк келмейтін, бітірген дымы жоқ, сыншы диванбатырлар отанымды жемей, 3000 теңгеге зарламай, барып қолдаңдар Мөлдірді» деген сөзіне құқықтық баға беріле ме? Заң аясында шара қолданыла ма?» деп сауал тастады.

Тағы бір мысал. Еліміздегі ақпараттық кеңіс­тікте көп  талқыланған  оқиғаның бірі  «Лизаның ісі» деп аталады. Онда Германия­да жоғалып кеткен Лиза атты қыздың зорлық-­зомбылыққа ұшырауы ойдан шығарылып жазыл­ғаны әшкере болды. Бұл жерде сириялық мигранттардың көбейгеніне қатысты ақпаратты бұрмалау тәсілі қасақана сәтті берілген. Босқындарды осы оқиғаға кінәлі етіп көрсету­дің формасы қоғамды адастырып, белгілі бір сананы қалып­тастыруға ықпал етті. Алайда, соңынан жалған оқиғаның әшкере болғанын күллі  әлем  естіп-білді.

Қоғамды да, билікті де алаңдатып отырған жайттың бірі – қазір құпия телеграм-арналар жалған ақпарат таратудың, бұқараның санасын бұрмалаудың тетігіне айналды. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары – Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева ашық мәлімдеме  жасады.

«Қазір біз бұл мәселеге көз жұмып қарай алмаймыз. Біздің нақты ұстанымымыз – фейк­терді әдейі таратып, қоғамды адастыратын ақпарат арқылы арам ниетін іске асырмақшы болған адамдарды қатаң жазалау. Менің ойым­ша, құпиялық арандатушылардың қалқаны бола алмайды. Бұл жерде Qirsabyn телеграм-арнас­ына қатысты позитивті тәжірибеміз бар. Ендеше осы арнаның басшылығымен келіс­сөздер жүргізіп, іске нүкте қоюымыз қажет» деді  құзырлы  министрлік  басшысы.

Аида Ғалымқызының пайымдауынша, ақпа­рат­тық кеңістіктегі ережелер мен заңдар баршаға ортақ. Оны шынайы өмірде де, цифр­лық кеңістікте де ешкімнің бұрмалауға, сол арқылы  қоғамды  адастыруға  қақысы  жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан мәселенің  бірі – тренингтер  арқылы  бұқараның санасын улау. Қаңтар  айында  Мәжіліс  депута­ты Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі  мен Бас прокурорға онлайн  курс­тар мен тренингтерге қатысты депутаттық  сауал  жолдады. Ол елде пайдасынан зияны  басым  тренинг­тік курстардың көптігін және оларға қарсы қатаң  шара  қолдану  қажеттігін  алға  тартты.

«Мәселенің өткір өзектілігі мен азаматтардың санасын улаудағы ауыр салдарын ескере отырып, қайта көтеруге мәжбүрміз. Бүгінде жарнамасы жаңғырып тұрған тренингтер азамат­тарымызға пайда емес, керісінше, рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр. Мысал келтірейін. vybor.kz интернет платформасы арқылы өз қызметін белсенді түрде насихаттайтын MINDFULNESS оқу орталығы үш сатылы  тренинг  ұсынады»  деді  депутат.

Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, үш сатылы  тренингтің  құны  мынадай:

Бірінші, жалпы курс – 50 000 теңге.

Екінші, трансформациялық курс – 95 000 теңге.

Үшінші, көшбасшылықты дамыту курсы – 150 000 теңге.

Онлайн форматтағы «эмоциялық еркіндік» курсының  құны  200 000  теңгеге  жетеді.

«Осындай «креативті ойлауды», «тиімді коммуникацияны», «шешен сөйлеуді» тегін үйретеміз деп уәде беретін орталықтар да аз емес. Олардың қатарында шетелдік «Вектор», «Лидер-­мотиватор» секілді атаумен жұмыс істейтін орта­лықтар бар. Бірақ барлығының жұмыс істеу әдісі бір. Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген «ақыл-кеңес­тер» арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Содан кейін не болады? Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды. Курстың бірінші бөлігінде адамды көпшілік алдында жеке проб­лемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айғайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін  ішкізу  сияқты айтуға ауыз бармас сора­қы  әрекеттер  жасатады»  деп  қосты  ол.

Ең сорақысы, депутаттың айтуынша, екінші курста  жағдай  одан  әрі  ушығады  екен.

«Ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе өзін «бомж» кейпі­не салып, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі. Осылайша бұл тренингтер адам санасын тәжірибе алаңына айналдырады. Ал курс аяқталған соң қысымның жаңа түрі басталады. Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады. Орындай алмаса тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жария­лау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады. Ай-күннің аманында қара­пайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай сорақылықты тренинг емес, деструктивті секта ретінде қарап, қатаң шара қолдану керек деген пікірлер де қоғам тарапынан айтылады» деп жалғады сөзін халық  қалаулысы.

Сайып келгенде депутат осыған байланысты тексеру жүргізуді, азаматтарды қорлау, психоло­гиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу және мани­пуляция белгілері бар әрекеттерге құқықтық баға беріп, анықталған фактілер бойынша нақты шара­лар қабылдауды сұрады. Мұндай тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және мемлекеттік реттеу тетігін енгізуді қарас­тыру  керек  деп  сауалын  нақтылады  ол.

Бұл мәселені газетте біз де бірнеше рет жаздық. (қараңыз: «Арзан ақыл неге қымбат?», Т.Тілеубай, «Астана ақшамы», 13 қыркүйек, 2025  жыл).

Инфосығандық ағымның құрбаны болған жандар көбеймесе, азаймай отырғаны қынжыл­тады. Инфосығандық – интернеттегі жаңа ағым. Инфосығандар – интернетте, әлеуметтік желілерде ешбір құндылығы жоқ арзан ақылын (курс, семинар, тренинг, дәріс, кітап, т.б.) сатып, аңқау адамдарды тақырға отырғызып жүрген арамзалар. Қазір инфосығандықтың етек алуына үш фактор әсер етті: білім алудың «сәнге» айналуы, жас ұрпақтың әлеуметтік желілерге тәуелділігінің артуы, адами құндылықтардың құнсыздануы. Шынын айтсақ, қазір жеңіл, жылтырақ, мәнсіз, мағынасыз нәрсеге үйірміз. Жеңіл жолмен байығыш блогерлер осы мүмкіндікті сәтті пайдаланып жүр. Instagram мен Tik-Tok-ты ашып қалсаң, түкке тұрмайтын нәрседен пранк жасау, миллионер-блогердің ұтыс ойындарына, онлайн-марафондарына қатысу – бұлардың бәрі жастарды еліктіріп әкетуде. Алғашқы аузынан шыққан сөзі: «Өзіңді өзгерт!», «Өміріңді өзгерт!», «Өзіңді жақсы көр!» дейтін ауа сатқыштар күйзелісте жүрген жандардың (ақшадан тарыққандар, тұрмыстан қажығандар, аурудан шаршағандар, жұмыс­тан жалыққандар, оңы мен солын айыр­маған жастар) барлық мәселесін шешетін «әмбебап дәрі» ұсынады. Блогер әлеуметтік желіде шалқыған өмірін: қымбат көлігін, шетелдегі демалысын, миллиондарын шашқан мерекелерін, брендтік заттарын жылтыратып көрсетіп, эйфорияда жүрген адамның «жанды жерін» тап басады. «Өмірімді өзгертемін» деп тұзаққа өзі түседі. Бұл – адамдардың миына, санасына жасалып жатқан шабуыл. Адал еңбек пен кәсіби машықты жоққа шығаратын, адами құндылықтардың жойылуына алып баратын зұлым күш. Ендеше, бұған заң жүзінде тосқауыл қоюы­мыз  керек.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: