Маңғыстау облысында қатты жел мен нөсер жаңбыр салдарынан жүзден астам жылқы қырылғаны хабарланды. Алдын ала мәліметке сәйкес, мал бағытынан жаңылып, батпақтан шыға алмай қалған. Бұл туралы жергілікті ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып Азаттық жазды.
Оқиға Маңғыстау ауданына қарасты Сайөтес ауылы мен жетінші разъезд аралығындағы аумақта тіркелген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, өлген жылқылар елді мекеннен шамамен 120–150 шақырым қашық жерден табылған. Бұл жағдайды алғаш болып әлеуметтік желідегі жергілікті тұрғындар жариялаған.
Бұдан бөлек, қатты жел салдарынан Сайөтес ауылындағы бірнеше нысан бүлініп, кейбір ғимараттардың шатырлары ұшқан. Қазіргі таңда ахуалды бағалау үшін арнайы комиссия құрылған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, комиссия шаруа қожалықтарының иелерімен жұмыс жүргізіп жатыр. Егер жоғалған мал ресми дерекқорда тіркелген болса, өтемақы төлеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Соңғы шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы уәкілетті органдар қабылдайды.
Әзірге нақты шығын көлемі толық анықталған жоқ. Себебі мал иелері жоғалған түліктің нақты санын әлі есептеп жатыр. Кей ақпаратқа қарағанда, жылқылардың бір бөлігі елді мекендерден 60–80 шақырым қашықта қырылған болуы мүмкін.
Табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ақшымырау ауылына арнайы техника жеткізіліп, жоғалған малды іздеуге дрондар тартылған. Сонымен қатар су сору және қалпына келтіру шаралары жүргізілуде.
Фото: Lada.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!