Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арыстанбек Мұхамедиұлының мүлкі тәркіленбейді

21.06.2023, 9:53 172

HALYQLINE.KZ

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды.

Арыстанбек Мұхамедиұлына Астанадағы Ұлттық музейдің директоры болған кезінде «бюджет қаражатын ысырап етті» деген айып тағылған болатын. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және «Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы өтуі» халықаралық көрмесіне, «Ұлттық мемлекеттік фотограмметриялық 3D сканерлеу», «Қазақстанның киелі нысандары және мұражай қорлары» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық фильмдер жинағын цифрландыру» жобаларына бөлінген аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

Астана қаласындағы Байқоңыр ауданының №2 сотында үкім оқылды.

– Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28 бабы, 3 тармағы және 189 бабы, 4 тармағы бойынша, яғни қылмысты ұйымдастыру, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде жымқыру, оны талан-таражға салу баптары бойынша 8 жылға бас бостандығынан айрылсын. Мүлкі тәркіленбесін. Өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыспасын, – деді судья.

Осы іс бойынша сыбайластары деп айыпталған Алмаз Нұразханов, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасова 7 жыл түрме жазасын алды. Сот үкімі бойынша олар өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды.

Айыпталушы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін, өзінің ешқандай қылмыс жасамағанын айтты. Ол бұған дейінгі сөйлеген сөзінде өзін кінәсіз санап, ату жазасына да дайынмын деген болатын.

Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алған деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: