Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызыл бүрген» фильмінде өзін-өзі ойнаған кемпір

06.04.2023, 9:00 267

HALYQLINE.KZ

Вологда облысындағы Садовая деревнясының жалғыз басты 81 жастағы тұрғыны Ефимия Быстрова жазушы, сценарист, актер, режиссер Василий Шукшиннің «Қызыл бүрген» («Калина красная») фильмінде өзін-өзі ойнап тарихта қалды. Фильмнің басты кейіпкері Егордың шешесі Куделихинаны СССР халық артисі Вера Марецкая ойнау керек еді, алайда қартайған актриса ауырып қалып, түсіру алаңына келе алмайтыны белгілі болды. Не істеу керек? Сол кезде фильм операторы Анатолий Заболоцкий фильм түсіріліп жатқан деревняның шетінде тағдыры Егордың шешесінің тағдырына ұқсас жалғыз басты кемпір тұратынын айтады. Василий Шукшин Быстрованың үйіне барып сөйлесіп көрсе, бір баласының тағдыры Егор Прокудинге ұқсайды екен, яғни сотталып кеткен болып шықты, Шукшин бұны тағдырдың сыйы деп түсінді! Не істеу керек?

Тәуекелге барып жасырын камерамен түсірмекші болды. Фильмде Егор түрмеден іздеп келген Люба кемпірге сұрақ қойып отырады, келесі бөлмеде Егор анасы танып қалмасын деп, қара көзілдірік киіп тыңдап отырады. Сценарий бойынша Любаның қойған сұрағына кемпір төрт ұлының соғыста қаза тапқанын, ал кіші баласы бұзық балалар тобына қосылып сотталып кеткенін рет-ретімен айтып, сотталып кеткен баласын 18 жыл бойы іздестіріп жатқанын айтқанда, Шукшин (Егор) шынымен жылап, Любамен ЗИЛ машинасына мініп кетіп жол жиегіне тоқтап өкіріп жылайды. Любаның «Егор, саған не болды?» дегенде «Ол менің анам ғой!» деп жылайтын көрініс естеріңізге түскен шығар. Кемпір өзін-өзі «халық артисінен артық ойнады» деп бағалады, шындығында жалғыз басты көзі нашар көретін кемпір өз өмірін камерамен түсіріп жатқанын білмеген еді.

Кино түсіріп болғасын, Шукшин кемпірдің қасында болып, қараусыз қалған үйін өз қолымен жөндеп, қысқы отынын жарып беріп, азық-түлік қорын мол қылып алып берді. Шукшиннің «Советский Экран» журналының бірінші бетіне шыққан суретін кемпір өзінің жататын кроватының тұсына іліп қойды. Кетерінде қолына «еш нәрседен қысылма» деп, қомақты ақша беріп кетті. Шукшин кеткенен кейін Ефимия Быстрова «менің балам табылды, үйімді жөндеп, қыстық отынымды дайындап кетіп, маған тағы да келем деді» деп ауылдастарына үнемі айтып жүріпті.

Келесі жылы В.М.Шукшин 45 жасында қайтыс болды, В.Шукшин талантты актер мен режиссер болумен қатар, дарынды жазушы еді, бір адамның басына бұйырған осы бақты көре алмаған түрлі инстанциядағы шенеуніктер аяқтан шалумен болды. «Қызыл бүрген» фильмін түсіруге не бәрі 289 мың сом бөлді, сценарийді көпке дейін бекітпеді, кино камераның да ескісін беруі, т.б. кедергі келтіріп бағуы ақыры жүрегіне сызат түсірген болатын. 1975 жылы Волгоград облысында «Олар Отан үшін шайқасты» фильміне түсіп жүргенде ұйқыдан оянбай қалды.

Кинода Любаны ойнаған әйелі Лидия Федосеева-Шукшина «анасына ұлының қайтыс болғанын» есірту үшін арнайы келеді, себебі, «баласы анасына келесі жылы келемін» деп уәде беріп кеткен болатын.

«Баласының қайтыс болғанын» есіген Ефимия еңіреп ұзақ уақыт жылаған көрінеді, осы сәтті өздерімен келген фотограф түсіріп алды.

Келесі, 1976 жылы пеш жағуға шамасы келмей, кереуетінде ұйықтап қалған Ефимия суықтан үсіп өлді. Деревня тұрғындары қаражат жинап, атақты киноға түскен жерлесі Е.Быстрованы есте сақтау үшін, фотограф Юрий Рыбчинский түсірген осы суретті гранит тасқа бастыртып, қорымына ескерткіш орнатты.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: