Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаңғырып қайтыс болған қайраткер

22.08.2023, 14:45 308

HALYQLINE.KZ

Алма Оразбаева мектеп кезінен таныс есім, оны Қазақстанда совет өкіметін орнатқан қайраткер ретінде білдік. Сөйтсек Алманың лауазымы одан да биік болғанын білмейді екенбіз. Алма Оразбаева 1925 жылы 25 қарашада Қазақ ССР-нің Атқару Комитетінің төрағасы қызметін уақытша болса да атқарыпты, қазіргі лауазым бойынша ел президенті болыпты.

Алма Дінмұхамедқызы 1998 жылы 28 желтоқсанда Бөкей Ордасындағы ауқатты отбасында дүниеге келді. Алма өзінің қолымен жазылған өмірбаянында кедей отбасынан шықтым деп жазған, патша өкіметін құлатқан большевиктер жағында болғандықтан солай жазуға тура келді, әйтпесе маңайына да жолатпайтын еді. Бөкей Ордасындағы Жәңгірхан ашқызып кеткен қазақ-орыс мектебінде екі жыл оқыған соң, Симбирск қаласындағы ақылы орыс мектебінде оқуын жалғастырады. Оқу ақысы славян ұлтының балалары үшін 50 сом, туземдік балаларға 60 сом еді. Бұнда да екі жыл оқиды, 1911 жылы әкесі қайтыс болғасын, ақша төлей алмаған соң еліне қайтады. Бөкей ордасына келгесін мұғалімдер дайындайтын ер адамдар курсына Сейітқали Меңдешовтың көмегімен қабылданып, 1916 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып, ауыл мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. 1917 жылы большевиктер өкімет басына келгесін, кедейлердің де күні туды деп солардың жағына шығып, жаңа қоғам құруға белсене кіріседі. Бұл жерде Алманы кінәлауға болмайды. Алашордашыларға үкімет басшысы Ленин кешірім берген соң, Ахмет Байтұрсынов кеңес өкіметі жағына шығуға үндеу жариялаған болатын және өзі басшы болып серіктестерімен жаңа қоғам құруға белсене кірісіп кеткен еді. Сол сияқты Алма Оразбаева да «Жігер» клубын ұйымдастырып, қазақ қыздарының сауатын ашуға алғашқы қадамдар жасай бастағанмен, азамат соғысы басталып кетеді. Алма Бөкей Ордасынан ұйымдастырылған алғашқы қазақ атты полкінде комиссар болады, осы полкте кейін генерал дәрежесіне дейін көтерілген Рамазан Құрманғалиев пен Шәкір Жексенбаевтың даңқты әскери жолы басталған болатын. 1919 жылы Алма Оразбаева Шығыс Майдан қолбасшысы командарм М.Фрунзе мен армия комиссары В.Кубышевтан марапат алады. Осы жылы Москвадағы Свердлов атындағы марксизм-ленинизм курсында оқығанда, жас қазақ қызына Надежда Крупская, Иннесса Арманд, Александра Коллонтай назар аударып қамқорлық жасайды.

Еліне келгесін Алма Қазақ АССР-нің Декларациясын жасауға қатысып, 1920 жылы қазақ үкіметінің «Қалың малды жою туралы» Заңды жасап, қазақ қыздарына бостандық алып береді. Бұдан былай қыздарын малға сатқан ата-анасы да, қалың мал беруші феодал да сотталатын болды. 1921 жылы Ленин ұсынысымен Бүкілодақтық Атқару Комитетінің құрамына сайланады, 1923 жылы республикалық әйелдер конференциясын ұйымдастырып, қазақ қыздарын қоғамдық жұмысқа және оқуға тартады, Алма өз ісін іске асырмай тыным таппайтын және өз көзқарасын табанды түрде қорғайтын. 1923 жылы Сәкен Сейфуллин үкімет төрағасы болып тұрғанына қарамастан сұңқар ақынның «Азия» позмасын қатты сынағандықтан екеуінің арақатынасы өмір бойы шиеленісте болып өтті, бұл кейін өзінің қызметіне де әсерін тигізді. 1924 жылы Берлинде өткен ІІІ Халықаралық әйелдер Конгрессіне қатысып сөз сөйлейді. 1925 жылы 27 жасында Алма Оразбаева ҚазақССР-нің Атқару Комитетінің төрағалығының қызметін уақытша атқарушы болғанмен, қазақ өкіметін жас қазақ қызы басқаруын ұнатпағандар Москваға арыз боратқан болу керек, ақыры оны Москваға шақырту алып, білімін жетілдіру курсында оқып келгесін 1926 жылы Қазақ үкіметі жанындағы «политпросветті» басқарады. Бұл идеологиялық жұмыста жүргенде де ең алымен қазақ әйелінің тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсауы Кремльдегілерге ұнамады. 1929 жылы Алма Оразбаеваны Моңғолия Халық Республикасына жұмсайды. Кетер алдында бір жасар ұлына қарасын деп сіңілсі Сақыпжамалды елден алдыртуының соңы үлкен қасіретке ұшыратады. Алманың күйеуі Орал казагі, азамат соғысы кезінде партизан отрядының командирі болған Николай Каширин еді, соғыстан соң НКВД-ге қызметке ауысқан болатын. Алма Моңғолияға кетер кезде Каширин Қазақ АССР-нің НКВД-нің бастығының бірінші орынбасары болатын. Бір жылдан кейін комондировкадан келген Алма сіңлісі Сақыпжамалдың босануына аз күн қалғанын көрді, жездесі күшпен көндіргенін білді, қайда барып шағымдансын жездесі НКВД-нің бастығы болғасын. Болған жағдай Алманың жүйкесіне әсер етіп, Томск қаласындағы жүйке аурулар ауруханасына жатқызылды. Осы ауруханадан 1935 жылы шығарылғанмен кірмелі-шықпалы есі бар Алма ешкімге де керек болмай қалып, қаңғыбастық өмірі басталды.

Бұрынғы деректе Алма 1943 жылы қайтыс болды деп келген едік. Соңғы деректерге қарағанда Алма Оразбаева 1948 жылы Жамбыл облысы Луговой станциясында қаңғыбастық өмір кешіп жүргенде қайтыс болған көрінеді. Қайда жерленгені де белгісіз, моласы болмағасын ит-құсқа жем болуы да мүмкін. 1937 жылы репрессия жылдарында маршал В.Блюхермен азамат соғысы кезінде бірге болғандықтан күйеуі Каширин атылып кетсе, бірге тұрған сіңлісі Сақыпжамал сталиндік концлагерьге айдалып кетті, Алманың ұлы жетім балалар үйіне өткізілген болатын. Осылайша қазақ елінің өкімет басшысы болған Алма Оразбаеваның тағдыры қайғылы аяқталды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: